«ӨМІРГЕ КЕЛІП, КЕТКЕНІҢДЕ СЕНІҢ НЕ МӘН БАР, ЖҮРЕГІНДЕ ЕЛДІҢ ҚАЛМАСАҢ?»

 Дуалы ауыздан шыққан сөз

Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да – Қазақ елі үшін керемет жарасым. Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын.

Әбділда ТӘЖІБАЕВ.

Жігіт болсам, ақыным –
Өзіңе ғашық болар ем.
Білдірмей ғана ақырын,
Қолыңа ғана қонар ем…

Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы –  поэзиясы болмақ-ты…

Ғабит МҮСІРЕПОВ.

«Сіз ақын және аудармашы ретінде де әлем әдебиетіне зор үлес қостыңыз, сізбен мақтанамыз, қымбатты Фариза!».

Олжас Сүлейменов.

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
…Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.

Мұқағали МАҚАТАЕВ.

«Фариза Оңғарсынова, сөз жоқ, ұлы ақын. Сөз жоқ, Фариза ақын тұнып тұрған өміршең поэзияның өзі болып табылады. Өйткені, ол – өзінің бүкіл шығармашылық еңбегімен, шынайы талантының ірілігімен  Поэзия Патшайымына айналған бақытты тұлға!». 

Жұмабек Сайлаубек.

«Қазақта ақын көп, Фариза жалғыз. Жаңа туған айдың жанында жалғыз жұлдыз ерекше жарқырап тұрады. Періште жұлдыз сияқты. Ақындығы да, жаратылысы да ерекше, ешкімге ұқсамайды. Ақын жалғыз. Перзенттері сансыз. Олар миллиондардың жүрегін жылытады, жандарын жадыратады. Перзенттері сонысымен құдіретті. Сенсіз дүние – бір кем дүние. Жұлдыздарың сөнбесін». 

Шерхан МҰРТАЗА.

«Өз басым Фариза Оңғарсынованы замандастарымен қатар қойып оқымай, арғы-бергідегі ең ұлы лириктермен салғастырып оқимын. Сонда оның жұлдызының әлемдік поэзия пантеонындағы өзге самалалардың қасында нұрсызданып кетпегенін көріп, қатты қуанамын».

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

«Фариза өлеңге о бастан ешкімге ұқсамайтын күрделі де құдіретті болмыспен, тұлғаға тән тұтастықпен келді. Өмірге тек өзіне ғана тән көзбен – сезім, жүрек көзімен қарау, биіктікті өзіне тән, ерекше болмыспен сезінуден туындайтын поэзияның осындай бірегей құбылысы оның творчествосына үңіле білген кісіге ғана сезілмек».

Мейірхан АҚДӘУЛЕТ.

«Фариза осы заманғы әйел бастан кешетін сезімдерді жасырмай жырлап, жыр сапасын жаңа көркемдік дәрежеге көтере келіп, одан әрі қарай кемелдіктің белгісі – адам, қоғам, ғасыр мәселесіне байсалды бұрылыс жасады. Жыр көшінің әлеуметтік жүгін байытты».

Күләш АХМЕТОВА.

Фариза

Суық хабар тарады жер бетіне,
Қазақтың салып әжім келбетіне:
«Фариза, Фариза апа, Фариза қыз
Келместің мінді деген кемесіне!»
 
… Келмейсің енді қайтып Дендеріме, 
Жырлаған Табыл інің – кең жеріңе.
Сен келсең мәре-сәре болушы едік,
Пір-Әулие жүргендей кеп еліме.
 
Қазақ елі болған-ды атаң-анаң,
Өзіңді  аймалаған, бағалаған.
Қазақ жері – таймайтын тұғырың боп, 
Тұлпардай жүйткідің сен тағалаған.
 
…Бар шығар әділ сөзден ығысқандар,
Бар шығар пенделікпен шығысқандар.
Аз, бірақ, туралықты дәл өзіңдей 
Ту етіп, Махамбетше тұрысқандар!
 
Жоқ амал тылсым күшті көндіретін, 
Жалынды жүректегі сөндіретін!
Таныттың әлемге Сен жырларыңмен, 
Қазақтың өрлігі мен құдіретін.
 
Фариза! Фариза апа! Фариза қыз!
(Болмас-ау ақындардың бәрі жалғыз?!)
Өзің сүйген Өмірлік Махаббатың – 
Өлең-жыр болды, оған ризамыз! 
 
Бар жанды өлең-жырдай Сүйіктісі 
Жалғыз деп айтар қалай қиып кісі!
Уа, Мұқа, Ұлы Мұқа, кешіре көр,
Мойныма алғаныма қиын істі!
 
Заңына «фәни – бақи» бағынармыз,
Алайда, пәк жырларды сағынармыз! 
Жетелеп осы сезім, Өзіңменен
Өлеңнің өлкесінде табысармыз,
Фариза, Фариза апа, Фариза қыз!
Самиғолла Ғалымұлы,
Индер ауданы.

Ұлылықпен  үндесудің өзі  де – ұлы  бақыт

Фариза Оңғарсынова – поэзиядағы лириканың, оның ішінде сезім мен сенімнің, құштарлық пен құмарлықтың болмысын терең түсінген ақын. Ақынның  сезім  туралы жырлары  бұрынғы  Кеңес дәуіріндегі жалаң сөз, жадағай ойға құрылмай,  әр  қазақ  қызының  басындағы  махаббат шырғалаңын ашық жырлауымен де ерекшеленеді. 

Менің ақынмен таныстығым ес жиып, ілім мен білімге бет бұрған шақта орын алуы – заңдылық. Атыраудың Манаш ауылында туып-өскен Фаризаға мектеп қабырғасында дәріс беру бақыты менің атама бұйырыпты. Атам «ол кезде қарапайым оқушының бірі болған Фаризаның бойындағы оқуға деген жігер, ертеңгі күнге деген сенім мен өз ісіне деген адалдығы оның тегін адам емес екендігін дәлелдейтін» деп әңгімелеп отыратын. «Өсиет» атты кітабында Фариза өзіне ұзақ жылдар бойы есептің қыр-сырын үйреткен ұстазы жайлы «Мектепте мен математика, геометрия, тригонометрия сабақтарынан, орыс тілінен диктант жазудан алдыма жан салмаушы едім. Математика пәнінен дәріс беретін Қабыл Өтешев ағай есептің Құдайы еді. Өте талантты мұғалім болатын. Егер ғылым жолына түссе, Эйнштейн секілді әлемді таңдандырар еді», – деп ой толғаған болатын.

Фаризамен бір сыныпта оқыған әжем жазу азабына жан-тәнімен беріліп, қаламгерліктің қиын тағдырын қалап алған жаратылысы қағылез жанның  қайсарлығын, гүлдей нәзік, тастай берік шыдамдылығын сағынышпен еске алатын. Сол арқылы менің ертеңгі күнге деген жігерімді жанып, қайрай түсетін. 

Атамның жылдар бойғы жиған жеке кітапханасында талай ақын-жазушылардың кітаптары иін тіресіп тұратын. Бой жетіп, махаббаттың машақатын сезіне бастаған шағымда қолыма Фариза ақынның «Жүрек күнделігі» атты жыр жинағы тиді. Ұмытпасам 8-сынып болуы керек. Содан бері мұқабасы қызыл сол бір кітап менің сырлас досыма, сенімді серігіме айналған. Міне, бүгінде ғылым жолына аяқ басқан тұсымда алаштың аяулы ақынының шығармашылығын зерттеуді өзіме мақсат етіп қойдым. 

Фариза жырларында сүйген жүректердің сезім-күйлері қазақи характерге құрыла өрілген. Кей уақыт мұңды, қайғылы, сырт көзге аянышты, әлсіз сезім иелері сияқты боп көрінгенімен, енді бірде қайсар, қатты, мұқалмас көңіл, сүйгені үшін ештеңеден тайынбайтын бейнелерге (кейіпкерлерге) жолығамыз. Өте әлсіз, өз сезіміне жауап бере алмайтын жылауық бейне Фариза поэзиясында мүлдем кездеспейді. Оның кейіпкерлері  сезімге малтығыш, махаббат оты мен суығына, қаһарына көнуге бар. 

Сүю сезімінің мықтылығын дәлелдеген өлеңдер шоғыры ақында жиірек ұшырасады, шын бақытты сезіну үшін де оны бастан кешу керек шығар, ақын-кейіпкердің:

Біз екеуміз біргеміз.

Бақыттылықтан жанарымда менің

қалды ғой күміс шық тұнып.

Дүние деген тып-тымық!

Өліп-өшкен бар  болмысыңменен 

сен отырасың тіл қатпай,

жанарыңмен ғана ұқтырып

(адамдар бүгін бірінен-бірі алшақтап кеткен заманда,

ұғысу деген – мықтылық), – деуін де шын махаббат болмысының сезім-күйі, шын бақыттан басы айналған жанның ішкі сыры деуге негіз бар. Бұл, әрине, ақынның жырларын бар жүрегімен сезіне оқып көрген оқырманға етене таныс жағдай.

Елдана Асылханова,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің
магистранты.

ОЛ НАМЫСШЫЛ ЕДІ…

aolnaҚолына қалам ұстап, осы бір қызығы да көп, шыжығы да мол журналистік қызмет пешенесіне жазылған әрбір адамның, әйтеуір, бір мектептен өтері анық. Фариза Оңғарсынқызы үшін сондай мектеп облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің редакциясы болды.

Ауылдық мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі,  директор  болып  істеген  Фариза 1966 жылы облыстық газет редакциясы партия тұрмысы бөлімінің әдеби қызметкері болып орналасты. Бөлімде сол тұста мен және Тәжі Ақымов жұмыс істейтінбіз. Үшінші қызметкер Сабыр Өтепбергенов обкомның ұйғаруымен Мақат аудандық газетінің редакциясына қызметке ауысты. Фариза Сабырдың орнына жастар өмірінің мәселелерімен шұғылданатын болды. Ол алғашқы күндерден-ақ шығармашылық ұжым мүшелерімен қоян-қолтық араласып, біте қайнасып кетті. Жұмысқа жаңадан кіріскеніне қарамастан «Мына хатты қалай қорытамын?» немесе «Мына материалды қалай жазамын?» деп жүрексінген сәтін көрген емеспін. Ресми газеттің стилін мейлінше тез игерді, нені жазуды емес, қалай жазуды үйренді, әрбір мақаланы ұшқары емес, байсалды да байыпты жазуға машықтанды. Сол жылы шыға бастаған «Атырау түлегі» атты жастарға арналған бет соны леп, жаңа шыраймен көрінетін болды. Жастар тәрбиесі мәселесі жан-жақты жазыла бастады. «Атырау түлегі» газет ішіндегі газет іспетті еді. 

Фаризаның турашылдығы, пікірін іште өлтірмей шындықты бетке айтып салатын  өткірлігі ұжым жиналыстарында, лездемелерде байқалып қалатын. Журналист Мұқан Көптілеуовтің жазған кейбір материалдарының бөлім меңгерушілері мен бас редактор тарапынан көбірек жөндеу-түзетуге ұшырайтынын Фариза да білетін. «Біреу мен жазған мақаланың бір жерін сызып, жөндеп жатқанын көрсем, жүрегімді тілгілеп жатқандай әсерде боламын, – деді кезекті бір лездемеде, – сол жөндеп отырған кісіден менің қай жерім кем деп ойлаймын. Мұқан-ау, осы сенде намыс деген бар ма? Мақалаңды қараған кісіні аясаңшы!». 

Мұқан дархан мінезді, ақкөңіл жігіт еді, Фаризаның ескертпесін түсіністікпен қабылдады. Газет жұмысы жауапкершілік жүктеумен бірге Фаризаның болашақтағы ұстанымын да бекемдей түсті. Оның журналистік жолы да, әдеби өмірге нағыз бетбұрысы да облыстық газеттен басталды. Ол өзінің бояуы қанық,  тылсымы терең көркем очерктері арқылы журналистикаға құштар талай талапкерлерге жол көрсете білді. Ойлы мақалаларымен, жыр-поэмаларымен жарқырай көрінген Фариза республика оқырмандарына кеңінен танылды. Оның «Менің тұсауымды кескен – «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясы, сондықтан, бұл ұжымды ерекше қастерлеймін» деуі де осыдан. 1967 жылы Фаризаның «Сандуғаш» атты тұңғыш жыр кітабы жарыққа шығып, сол кітапты авторлық қолтаңбасымен бәрімізге үлестіргені есімізде. 

1968 жылы Фариза республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке ауысты. Бір күні жеке мұрағатымды ақтарып отырғанда, ағайын-туыстардың, жора-жолдастардың әр кезде маған жазған хаттарына көзім түсті. Арасында  Фаризаның Алматыдан жазған хаттары да бар екен. 1976 жылы «Қазақстан» баспасынан «Биіктік» атты көркем очерктер жинағы шығатын болыпты. Тақырыптық жоспардан түсіп қалмау үшін «Облкнигторг» пен «Облпотребсоюз» қосымша тиражға тапсырыс беруі тиіс көрінеді. Бұл туралы аталған мекемелердің басшыларына менің аяқтай барып айтуымды сұрапты. «Егер қиынсынсаңыз не ерсі көрсеңіз, өкпелемеймін. Сәлеммен, журналист-шәкіртіңіз Фариза» деп аяқтапты. 

Фаризаны соңғы рет Қазихан Қабделдің 70 жылдық мерейтойында көрдім, аз-кем әңгімелескенбіз. Осы тойда ол  Нариман, Ғатау үшеуі қосылып «Адай» күйін орындаған-ды. Денсаулығыма байланысты той аяқталмастан бұрын кететін болып, есік жаққа беттей  бергенімде  Фариза мен Гүлмайдан екеуі келіп, сыртта күтіп тұрған көлікке дейін шығарып салып, қоштасып еді…

Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ.

ТАУЛАР ЕШҚАШАН ҚҰЛАМАЙДЫ

Қазақ  игі жақсыларын тауға теңейді. Таутұлға деп атайды. Сірә, таудың  асқақтығы мен биіктігін қадір тұтқаннан болар. Қазақтың  Фаризасы да  бір тау болатын…

Ел тағдырын, халық қамын ойламаған ақын – ақын емес. Бұл – бағзы заманнан келе жатқан қасиетті қағида. Ал, ХХ-ХХІ ғасырдың  кез  келген  ақыны  саясаткер болып, қоғамдық құрылыстың керегесін кере алмайды. Ол үшін мінез, білім, ақыл, өткірлік, байқағыштық және мейірімділік қажет. Өмірін өлеңге арнаған азамат апаның бойында осы шарттың бәрі бар  болатын. Халқымыздың ардақты ұлы, үш мәрте Еңбек Ері, жер жүзіне мәлім Д.А.Қонаевты қызметінен босатып, орнына басқа адамды шеттен әкеліп қоя салғанда, баспасөзде байыпты көзқараспен араша түскен де Фариза апамыз еді. Халықтың аяулы ұлына күйе жағу арқылы бүкіл қазақ халқын айыптау сол кездегі  әлдекімдердің жымысқы амал-айласы еді. Осыны  тез аңғарып, көзсіз ерлікке барған Фаризаны өткір демеске хақың жоқ.

Өзі туып-өскен Атырау-Жайық аймағының қорғасындай қордаланған ауыр мәселесі ақын жанын мазалағаны да шындық. Бір жылдары Жайық, Ойыл, Жем тасығанда, оның зардаптарын жою жөнінде Үкіметке алғашқы араша-ұсыныстарды жеткізуші де ақын апамыз болды. Азамат ақынды  тек жыр ғана емес, ауыл-ел тұрмысы, ана мен бала жайы үнемі алаңдатқанынан болар,  «Менің байтақ Қазақстан үшін жаным ауырады. Атырау аймағының жайы Чернобыль, Семей, Арал  мәселесінен  кем  емес. Жанайқайымды Үкіметке жеткізіп, Парламентті де осыған мәжбүр етемін» деп депутат та болып, халық  үмітін қолынан келгенінше ақтады. Заман биік. Адам – өз Заманының перзенті  десек, Фариза – Ер еді! Дөп сөйлейтін Шешен еді. Ес білгеннен Фариза апай туған топырақта, Атырау аймағында туғанымды   мақтан тұтып өстім. Олай болуына әсер еткен ақынның алдаспан жырлары еді. Ақын жырлары менің де өлеңге деген сезімімнің кәусар бұлағы болды. 

Өзім оқыған жылдары Атырау университеті  Фариза Оңғарсынова атындағы стипендия тағайындап, ақын апа атындағы тұңғыш және соңғы стипендиат болдым. Мен оқу бітірген соң, ол стипендия атауы да мүлдем жоғалып кетті.

Астанаға көштім. Фариза апам да Астанада. Қуанып жүрдім іштей. Бірде көп ішінен Фариза апамды көріп қап, қуанып қасына жетіп бардым. Амандасып, мәз боп жатқам. Апам салқындау  бір қарады да: «Астана суық. Ет жоқ. Бұл жақта не жейін деп жүрсің? Елде отырмайсың ба?» деді. Қысылып қалдым. Ішімнен: «Мені мазалама. Өз күніңді өзің көр» дегені шығар деп ойладым да, сол күннен бастап апайдан алыс жүретін болдым.

Жаз келді. Тағы да бір әдеби кешке келген апамды көріп, «жанына барсам ба, бармасам ба?» деп  екі  ойлы  болып  тұрып қалғам, «Әй, Маржан! Бері кел!», – деп шақырып алды да, «Елена үйге кеп тұрады. Сен келмейсің. Кісікиіксің», – деп ұрсып алды. Содан бір күні алдын ала телефон соғып алып, кел дегесін бардым. Шәй ішіп отырмыз. Апай сөйлеп отыр. Менің жауабым иә, жоқтан әріге аспайды. Фариза апайдың мысы мен сұсы қатар басып барады. Өзімді сол сәтте біртүрлі түсінбей қалдым. Кенет арқамда миллион құмырсқа жыбырлап, өрмелеп бара жатқандай, денем тітіркеніп, желкем тырысты. Апайдың үйінен қайтып келе  жатқанда маған бір қызық ой келді: «Фариза апайдың жанында жүрсем, дені сау өлең жаза алмайтын  шығармын»  деген. 

Фариза Оңғарсынова – қазақ поэзиясында «қыздар да  өлең жаза ала ма?» деген қатал түсінікті түп-тамырымен жойып, қазақ әдебиетінде «әйелдер поэзиясы» деген биік  қамал тұрғызған қаһарман. Фаризаның  жыр-құдіретінің әсерінен болар, қазақ  поэзиясында  Фариза дәстүрі, Фариза мектебі қалыптасты. Фаризадан кейін  шыққан ақын қыздарға өте  оңай  және өте қиын екі жол тұрды. Оның соңынан ерген қыз ақындар «Фаризаша сүю», «Фаризаша мұңдану», «Фаризаша мұң шағу», «Фаризаша күрсіну», «Фаризаша жылау», «Фаризаша  қаһарлануды», Фариза-мінезді әбден бойларына сіңіріп алды. Өзінше ой ойлап, басқа  жол  іздеп,  бас қатырғаннан, Фаризаға еліктеу, Фаризаша ой толғау, Фариза салған соны сүрлеуге түсіп алып, жыр жазудың  оңайырақ екенін бүгінде  «Фаризаның   көшірмесіндей» толып жатқан  қыз  ақындар танытты. Тіпті, қыздар  ғана емес, Фаризаша жазатын, Фаризаның стилімен жазатын  жігіттер де баршылық.

2003 жылы Атырауда Махамбет поэзиясы күндері өтті. Сол тойда апам мені құрметті ақындардың тізіміне қоспаған ғой. Қазір ойласам, қиналатындай іс емес. «Өтпесе де, өтсе де қайрайтұғын намыс-ай» демекші, сол кезде мүмкін, жастықтың әсері болар,  қатты ашуланғам, бейнебір көштен қалғандай. Сол «күйіп-жанған» намыстың арқасында «Махамбет» атты тұңғыш поэмам дүниеге келді. Фариза апай ол кезде Парламентте депутат. Бір күні апайға бардым. «Апай! Сізге келіп тұрмын төменде. Бірдеңе айтайын деп едім» дедім. Фариза апай: «Ал, не айтасың?» дейді. «Рахмет айтайын» деп едім. «Не үшін?» дейді таңырқап. «Апай! Өткенде мені Махамбеттің тізіміне қоспағаныңыз оңды болды. Содан өкпелеп, ашуланам деп жүріп, жаза алмай жүрген поэмамды жазып тастадым. Өлең жалпы қиналғанда туады дейді ғой» деп едім, Фариза апай бетіме қарап, біраз үндемей отырды да, «иә, солай болады» деді. Сол жылы қаламым  жүйріктей жорғалап, «Шырақ» атты кітабымның қолжазбасын бітіріп, «Уақытыңыз болса, оқып шығасыз ба?» деп,  Фариза апайға бердім. Апай: «Оқып шықтым, жақсы» деді де:  «Маған алғысөз туралы бірдеңе дегің кеп отыр ғой. Менің саған айтайын дегенім, бұл кітабыңа алғысөз орнына алғысөзді өзің жаз» деп қолжазбамды қайтарып берді. 

Фариза апайдың маған үнемі   амандық-саулықтан кейін қоятын дәстүрлі сұрағы болатын: «Не жазып жүрсің?» деген. Бір күні мен «Дина» деген поэма жаздым»  дедім.«Кім саған Дина туралы жаз деген?» деді жалт қарап. «Өзім» деймін. Маған ойлана қарады да, «Осы жұрттар сүйдім-күйдімнен» әрі аспай жатқанда немесе заман жаман деп долданып жырлап  жатқанда, тарихи тұлғаларға бет бұруың, көлемді дүние – поэма жазуың – адам таңғаларлық жағдай. Баяғыда маған Хамаң – Хамит Ерғалиев «Дина туралы поэма жаз» деп еді. Мен поэма емес, өлең жаздым», – деді ақтарылып. 

Былтыр ҚР Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған республикалық акцияда «Жыл кітабы» болып Фариза апайдың «Дауа» кітабы таңдалды. Апама сыйлық жасағым келді. Түріктің ақын қызы Нұрай Гүнешке хабарласып, Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін аударсаң деп өтініш айтып, апамның махаббат лирикасынан біраз өлеңінің түрікше сөйлеуіне аз да болса септігімді тигіздім. Нұрай ханым «Білмеймін, жанарыңнан сыр ұқтым ба?» деген өлеңін түрікшеге әдемі аударып, жариялатты. Бұл жайында естігенде, Фариза апам «Мен түрікшеге аударылмап ем, дұрыс аударма болып па өзі, қалай ойлайсың?» деп кәдімгідей көңілденіп қалды.

 Өзі де өлең, өмірі де өлең Фариза Оңғарсынова көзі тірісінде-ақ аңызға айналды. Сәуле апам (Қабдолова):«Сыртымнан білдірмесем де, осы қызды керім аяймын. Фариза боп өмір сүру оңай дейсің бе?» деп айтатын.

Биыл Жылқы жылының басында, дүниені ақ қар жапқан қаңтар айының соңына қарай Фариза ақын бақилық болды. Ұлы ақынды, жаны сірі ақынды ақырғы сапарға аттандыру сапарында бола алмадым. Іссапарда едім. Фариза – жүректілер мен рухы күштілердің жадында-жүрегінде  қалар жарқын тұлға. Фариза апаны жоқтаған көңілімізді оның мөлдір де мұңды, асқақ та өр, шынайы да шырайлы жырларымен басамыз. Апа-ау! Енді не дейін?!

Апа-ау! Енді не дейін?!
Өлеңіңді мойныма
Тұмар қылып жүр едім.
Талған кезде білегім,
Жанған кезде жүрегім.
Жабыққанда пенде-ойдан
Жырларыңа түнедім.
Қайрат бердің жаныма,
Намыс бердің қаныма.
Жүдеп-жадап жүр едім
Ашылды ғой реңім.
Менің мәңгі-тірегім!
Оттай ыстық жүрегім!
Сен аман бол, Қара Өлең!
Сен аман бол, Ұлы Елім!

Фариза ақынды шырқау биікке көтеретін қос қанаты бар. Бірі – өзінің  алмас қылыштай өткір жырлары болса, екіншісі – туған қазақ халқы. Ақ Жайықтың жағасында ма, Шыңғыстаудың баурайында ма, әлде Алатаудың өрінде ме, әлде  Астананың көшесінде ме, білмеймін, әйтеуір бір күні Фариза ақынның еңселі ескерткіші бой көтерері сөзсіз. Қабырғалы Қазақ деген елі барда, қазақ тілі барда, Фариза Оңғарсынова поэзиясы мәңгілік салтанат құрады.

Маржан ЕРШУ, 
ақын, филология
ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық Түркі тілдес елдері поэзия фестивалінің лауреаты.
 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*