ӨЛІ СУ… ӨЛІ АУА… ЖОҒАЛҒАН АУЫЛ…

Небір аузымен құс тістеген дүлдүлдер мен шашасына шаң жұқпаған жүйріктердің Отаны болған айналайын туған өлкемнің дара перзенттері туралы сөз қозғаудың иыққа артар жүгі мен салмағы да әжептәуір. Осыны жан дүниеммен сезінгендіктен, қасиетті қаламшәріпке сиына отырып, киелі топырақтан шыққан дарынды ақын һәм жазушы Сатыбалды Даумов шығармашылығына тоқталып кетуді парыз деп санаған жайым бар. «…Ал, кіндік қаным тамған жер мен дүниеге келген кезде Батыс Қазақстан облысының Орда (қазіргі Бөкей Ордасы) ауданына қараған Қоянды деген аз үйлі ауыл болатын. 1952 жылы Орда ауданының біраз жері Капустин Яр әскери полигонының иелігіне көшіп, іргелес Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының шекаралары қайта белгіленгені мәлім. Мен туған ауыл-аймақ содан бері түгелімен Атырау облысына қарайды», – деп басын ашып жазып кеткен екен «Өзім туралы» деген өмірдерегінде. Иә, кімге болсын туған жері – жұмақтың төріндей! Кіндігі Қояндыда кесіліп, алғаш қаз басқанда топырағына ізі түскен құт мекенге ақын жол түскен уақытта айналып келіп отырған. Келе алмай қалған күнде жүрегінен жыр құсын самғатып, ауыл-аймақтың амандығын біліп жүрген. Өзін түлетіп ұшырған Қояндыны ақын «Менің космодромым» деп атайды.
«Іздеме бекер картадан,
«Қоянды» деген жазуды.
Жазусыз да одан дәл табам,
Ауылды мен сол, аз үйлі…

Болса да қораш түрі оның,
Артық ол маған Мысырдан.
Сол менің космодромым
Ұямнан мені ұшырған», – деп перзенттік махаббатпен, сондай бір жылылықпен суреттейді. Аз үйлі ауылдың жүрекке ыстық келбеті, сол жерде өткен балалық шақ, ата-анасының көзін көрген ауылдастар ақынға ыстық. Енді қайта айналып келмейтін балауса күндердің легін көз алдына сол ауыл арқылы елестеткен ақын сағынышын қалам арқылы ақ қағазға құя салғандай:
«Жоқ онда таулар саялы,
Жуатын төсін сел, жауын.
Тау емес, құмның табаны
Жатады қымтап жел жағын.
Ақпайды жарып өзен де,
Салмайды сыңсып орман ән.
Қалпымен ерні кезерген,
Бәрібір ыстық ол маған…»
Құмның табаны жел жағын қымтап жататын, ерні кезерген сол бір ауыл жанымызға жақын, жүрегімізге таныс. Бейнебір суретшінің салған картинасы іспетті. Сөзбен салынған сурет. Сол Қояндының бүгінде карта түгілі, жер бетінде ізі де қалмапты…Алматыда жүріп, ауылын сағынған ақын араға бірнеше жыл салып туған мекенге оралады… «Картадан жазусыз да дәл табатын» туған ауылы жермен жексен болған екен… Көшіп кеткен аз ғана үйдің орнында қалған жұртын зорға таныған ақын жүрегі аласапыран күйге түседі. Көңілі құлазып, жаны бебеулейді. Сөйтіп, «Қоянды» деп аталатын аза жыр дүниеге келеді. Жер бетінен жоғалған ауылға арналған реквиемнің алғашқы шумағы былай басталады:
«Қояндым,
Көрмегелі көп жыл өтті,
Сағыныш ет жүректі елжіретті.
Орныңды қалдым сипап іздеп келіп,
Ел босып, тоз-тоз болып,
Жер жүдепті». Не деген жан жүректі тілгілеген ащы зар! Иә, арғы-бергі тарихымызды түгендеп, шежіремізге зер сала қарасақ, біздің тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп екен. Осыны ойлағанда ішімізді ит жыртқандай болатыны да рас. Бөтен жұртқа бас иіп, бодандық қамытын киген сол бір күндерде атакүлдігімізден айырылып, ата салты мен дәстүрін ұмыта жаздағанда қол жеткен Тәуелсіздіктің қадірін шынымен біліп жатырмыз ба осы? Елді ел етем деп күні-түні ой түбіне жете алмай, халық қамын ойлаған Елбасының ерен еңбегін бағалап жүрміз бе? Әй, қайдам?! Осы бір аза жырын оқығанда ойға нелер түспейді дейсіз?! Иә, қазақ тарихтың тоқсан тарау тармағында не көрмеді?! Шынында, «ел аман, жұрт тынышта тұтас бір ауыл неге, неден жоғалды?» деген сұрақ қамалары сөзсіз. Көкейіміздегі сұраққа жауап іздеп әрі қарай оқи берер болсақ:
«Ауыл жоқ…
Тұрмын енді жұртын басып,
Жадау түз жатыр сұлық, сиқы қашып.
Құйрықсыз қызыл шақа қыр түлкісі,
Жанымнан өте берді сылти басып.

Сауы жоқ, адам түгілі, аң-құсының,
Түсінер бұл өңірдің қайғысын кім?!
Кетіпті бір-ақ жылда киік құрып,
Еріген қардың ішіп «қанды суын»…

Зымыран төбесінен құлап-құлап,
Төбелер жатыр өліп, сұлап-сұлап…
Жыландай жан-жағына у шашады,
Жаралы жер төсінен су атқылап», – деген жолдардан Азғыр өңірінің жанында орналасқан Капустин Яр әскери полигонынан зардап шеккен ауылдың құрып кеткенін, сол маңда тіршілік еткен тағы аңдар мен құстардың да жойылып бара жатқанының куәсі боларымыз анық.
«Мен үшін артық мекен бар ма құмнан,
Құмда мен шағыр шапқам, мал қайырғам.
Аштықта өзім жеген желкегінің
Кеткен жоқ дәмі әлі де таңдайымнан.

Айтсаңшы құм тарысы-құмаршықты,
…«Ішінен құмаршықтың жылан шықты…»
Құмартқан құмаршыққа ел аузында,
Жүретін осындай бір жыр айшықты», – ақын сонау ашаршылық жылдарында ауыл адамдарын аштан алып қалған желкек пен құмаршық тәрізді құмда өсетін өсімдіктерді де ерекше сағынышпен еске алып толғайды. Сол бір аш өзек шақ, соғыс кезіне тұспа-тұс келген балалық шақтың елестері, Жеңістің жалауы желбіреген қуанышты сәттер, ел адамдары туралы жүрегі жылап отырып, қалам тербейді. Өзегі өртенген ақын осы бір өзі аза жыры деп атаған реквием-дастанында шырылдаған шындықты ашып айтып, «тозып кеткен ел мен жердің обалы кімге?» деген сұрақ қояды. Жаны қан жылаған ақын жер бетінен жоғалған ауылдан әкенің қара шаңырағын іздейді:
«Шынымен, осы ма мен ұшқан ұя,
Көзіме түспеді әкем қыстауы да…
Кетіпті түгел сіңіп топыраққа,
Су шайып, жел мүжіген қыш қабырға…».
Әке қыстауын іздеген ол үйлердің мүжілген үйінділерінің арасынан ауыл адамдарының елесін көргендей болады. Бәрін жадына бала күннен тоқып өскен ақын санасы ескірмеген екен. Қиранды үйлердің кімнің үйі екенін, ол адамның мінез-құлқы мен кәсібін, кескін-келбетін көзбен көріп, қолмен ұстатқандай етіп баяндайды.
«Жүрекке қалды-ау демде шер байланып,
Кетті екен тоз-тоз болып, ел қайда ауып?!
Бар еді дөң басында көне қорым
Жым-жылас болыпты ол да жерге айналып», – деген ақын көшіп кеткен ауыл адамдарының ендігі тағдырына алаңдайды. Бабалары жатқан ескі қорым да жым-жылас. Қандай зарлы сурет десеңізші! Нағыз панорама деп осыны айтатын шығар! Қирап, мүжілген үйлер, дөң басындағы ізі де қалмаған көне қорым…
«Жеті атам жатқан бұл бір қорым еді,
Орны да көзіме ыстық көрінеді.
Риза қыла алам ба құран оқып,
Басында мола да жоқ өлілерді?!
Аятын заулатты деп тірі келіп,
Бәрібір кетпес көрден тұрып өлік…
Бағыштап әруақтарға,
Құран емес,
Жапанда жыр оқыдым күңіреніп», – елсіз-күнсіз жапан далада жалғыздан-жалғыз жыр оқып күңіреніп тұрған ақын жанының зары мен запыранын өзіндей боп кім ұғар, сірә?! Иә, туған жерден алысқа кетуге мәжбүр болған, Азғыр мен Капустин Ярдың зұлматын көріп келе жатқан сол Қояндының бір кездегі тұрғындары қайда екен? Қай қиырға тарыдай шашылып кетті? Оны ешкім де білмейді. Алайда, ақын жырын оқығандары болса, сол жер, сол ауыл көздерінің алдына тұра қалар… Тұра қалар да жүректерін толқытып, сағыныштарын оятар… Ол сөзсіз! Қояндының жер бетінен жоғалуын аза тұтқан ақын сол ауылдың тұрғындарына да жыр арнаған. Ағайынды Дәуім мен Жұмат аталар, тілі мірдің оғындай Қылует шеше, ойбайшыл Бақтылы апа, қос ғасырдың куәсі Арыстан шал, бір қойдың етін бір өзі жейтін Аққуан қарт, бір қолмен домбыраны безектеткен күйші Малайдың Хафизі, ауыл әншісі Бақау, ешкімге сөз бермейтін Мұхтар көке, қырғи тілді Төлеген ақын көңілінің архивінен көтеріліп, жанына келгендей… Қояндының қирап қалған үйіндісіне қарап жоқтау айтып тұрғандай… Ана жерде оқыған мектебі болатын, оның жанында кеңсе орналасқан. Олар да тып-типыл.
«Қояндым, бірі – мектеп,
Кеңсе – бірі,
Ауылдың екеу еді еңселі үйі.
Қиылған қарағайдан осы екі үйге,
Ерекше болатұғын ел сенімі.

Қалмаса ұстаз түгіл, тұстастарың,
Басыңа шапшып қалай шықпас қаның?!
Қалыппын аңғармай да кірпігімді,
Ап-ащы зілдей ауыр шық басқанын», – деп сонау алыста, көз ұшында сағымдай мұнартқан балалығын сағынады ақын. Енді сол бір аңғал, албырт сезімдердің куәсіндей болған мектеп те, ұстаздар да, құрдастар да жоқ…Ақын аңырап шер төкпегенде қайтеді енді?! Қаламына жүгінеді, әрине! Бұл негізінен, жоқтау сарынында жазылған аза дастаны. Жоқтау – қазақ ауыз әдебиетінен бүгінге жеткен асыл қазына. Бұрындары өлімді де өлеңмен тұспалдап естіртіп, дүниеден өткен жанның жақсы қасиетін тілге тиек етіп, жоқтау айтатын болған. Қазір бұл дәстүр Маңғыстау облысында әлі күнге сақталған. Ал, әлем әдебиетінде реквием түрінде жазылған өлең кемде-кем. Қазақ поэзиясына Мұқағали Мақатаев қосқан «Реквиемі» – «Жан азасы» – өте бір құнды дүние. Содан кейінгі аза жырын жазған ақын – Сатыбалды Даумов. Туған жерінің экологиялық қиын жағдайын, мұңы мен шерін, атомдық сынақтан елге келген зауалды ол өте бір тебіреніспен, жүрегінен зар мен запыранды ақтара отырып жырлаған.
«Қиған кім қолы барып сені өлімге,
Құныңды ол әлде алтынмен төледі ме?!
Жырыммен тұттым аза,
Ең болмаса,
Қалсын деп Қоянды атың өлеңімде», – деп аяқтайды ақын.
Бұл дастан қазақ емес, әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алатын дүние. Өйткені, атомдық сынақ зардабы – адамзатқа төнген зауал, он сегіз мың ғаламға келген ақырзаманның бастауы. Жер-Ананы, туған табиғатты сүю, қадірлеп, қастерлеу, табиғатпен үндестікте өмір сүру – адамзаттың қасиетті міндеті мен парызы. Табиғатпен үйлесім, Жер-Анамен туыстық жойылған сәттен бастап, адамзат өміріне қауіп төнетінін ұмытпаған жөн. Бүгін бір ауыл жер бетінен жойылса, ертеңгі күні тұтас құрлық құрдымға кетпесіне кім кепіл?! Осыны ескертіп тұрғандай бізге ақынның мұң мен сағынышқа толы аза дастаны. Ойлану керек…

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*