ОЛАР ЖЕҢІС ШЕРУІНЕ БАРАДЫ

 

Жетпіс жыл бойы Мәскеу қаласында, Тәуелсіздік алғаннан кейін бас қаламыз Астанада Ұлы Жеңіс құрметіне арналған әскери шеру өткізіліп келеді. Биыл да Қазақстанда әскерилер шеруі өткізіледі. Бұл  шараға біздің облысымыздан 13 соғыс ардагері қатысады. Шеруге қатысатын делегация мүшелеріне бірыңғай үлгідегі киімдер тіктіріліп, ардагерлердің әуе көлігімен тегін барып, қайтуларына билеттері алынып, сақадай-сай дайындық жұмыстары жүргізілген.

«Атырау облысының ардагерлерін Астана қаласында қабылдау «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы АҚ-ына жүктелген.

Бұл айтулы күнді ардагерлеріміз де тағатсыздана күтуде.

«Осыдан он жыл бұрын маған Ұлы Жеңіс мейрамының 60 жылдығында Мәскеу қаласының Қызыл алаңында әскери парадқа қатысу мәртебесі бұйырып еді.Сол кездегі алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Әлі күнге дейін дәл күні кешегідей сезімдемін. Өйткені, 1945 жылы Ұлы Отан соғысында фашистерді ойсырата жеңген аға-апаларымыз Жеңіс күні дәл осы алаңда сап түзеп адымдаған болатын. Олардың табандары тиген жермен жүру бойға күш-қуат құйғандай болған. Биылғы жылы да жауынгер әріптестеріммен бірге Астана қаласында өтетін шеруге бесінші рет барғалы жатырмын. Әскери адам ретінде мен шеруге қатысуды үлкен жауапкершілік деп есептеймін және жоғары бағалаймын. Өйткені әскери шеру – біздің армияның, қоғамның, Қазақстан халқының жауынгерлік қуатын, бірлігін және тұтастығын көрсетеді, егеменді еліміздің мызғымас бейнесін айқындайды» – дейді соғыс ардагері Бағыт Қуанышев.

Салтанатты шеруге қатысатын делегация құрамында Мақат ауданынан соғыс ардагері Еспол Оңайбаев ақсақал да бар екен. «Менің жасым  96-да. 1941 жылы майданға аттанып, атқыштар полкінде қызмет еттім. Көрген қиыншылықта шек жоқ.

Осы тарихи күнге орай Астана төрінде өтетін әскери шеруге қатысатынымды естігенде қатты қуандым. Бұл мен үшін үлкен құрмет, әрі зор жауапкершілік. Осы жасқа келгендегі менің  тілерім соғыс болмасын, қантөгістің бетін әрі қылсын. Кейінгі ұрпақ бүгінгі беймарал тіршіліктің қадірін біліп, достықта, бауырластықта өмір сүрсін», – деді ардагер.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*