ОЛАР ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ…

Осы мақсатты алға қойған облыстық ардагерлер кеңесі қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесіп, аталған орындарды аралады. Атырау мұнай және газ институты жанындағы «Мирас» тарихи-өлкетану туристік клубының жетекшісі, профессор, өлкетанушы Вячеслав Афанасьев бастаған арнайы топ қаладағы Ескене көшесі бойында орналасқан «Тұрғын үй қалашығы қауымына» барды. Онда 30-шы жылдардағы аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына және Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арнап ескерткіш тақта орнатылған.

Осыдан кейін топ құрамы «Перетаска» өзегінің оң және сол жақ жағалауында болып, бейіттер қауымын аралап көрді. Мұндағы жағдай тіптен бөлек. Айналасы қоқысқа толып, қоршаусыз жатқан бейіттердің қараусыз қалғаны аңғарылып тұр.

– Соғыс жылдары жергілікті тұрғындар егін егіп, соның жемісін көрді. Сонау қырық бестің көктемінде госпитальда жатып көз жұмған үш сарбаз осында жерленген. Әлі күнге дейін олар жөнінде толық мағлұмат жоқ. Көз көргендердің айтуынша, олардың біреуін Кавказдан анасы келіп, өз қолымен жерлеген көрінеді. Ал, 1925-1945 жылдары өмір сүрген, небәрі 20 жасында қыршынынан қиылған бір сарбаздың аты-жөні – Георгий Шатман. Оның есімі  зираттағы темір белгіге мықтап дәнекерленіп, өшпестей етіп жазылған. Сондай-ақ, бұл қауымда мұнай өңдеу зауытының жұмысшылары да жерленген, – дейді Вячеслав Константинович.

Белгісіз сарбаздар мүрдесі жатқан «Холодильник» ауылындағы қауым мүлдем теп-тегіс жерге айналған. Ғалымдардың болжауынша, мұнда Гурьев балық консерві комбинатының жұмысшылары да жерленген.

Ал, Алғабас поселкесінде орналасқан соғыс жылдарындағы қорымдар әлдеқашан тегістеліп кетіпті. Кімнің, қайда, қашан жерленгені белгісіз. Қалалық ардагерлер ұйымының «із кесуші» қызметкері Талғат Ілиясовтың айтуына қарағанда, қазір белгісіз батырлар мен соғыстан оралмаған солдаттарды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Госпитальдарда жатып көз жұмғандардың қай жерде жерленгенін табу өте маңызды. Жеңістің 70 жылдық мерейтойын ұйымдастырушы комиссия құрамы да осы жұмыстармен айналысу үстінде. Енді қолда бар тізімді пайдалана отырып, елеусіз қалған жауынгерлерге арнап ескерткіш белгілер мен мемориалды тақталар орнату қажет.

Амандық АБДОЛОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*