ОЛАР БЕЙБІТ ӨМІР СЫЙЛАДЫ

Қазақстандықтардың арасында 500-дің үстінде Совет Одағының батырлары бар. Олардың арасында Индер ауданының Тума жайлауында дүниеге келген Боран Нысанбаев есімі тарихта қалған А.Матросовтың ерлігін оның өзінен 18 күн ерте жасаған. Бірақ, тарих сахнасында Боран емес, Матросов бірінші болып аталып жүр. Тарихшылар баспасөзге А.Матросовтың өзін «Башқұртстанда балалар үйінде өскен қазақ баласы» деп те жазды.
Сол сияқты, біздің Гурьев облысы Маңғыстау ауданынан Біләл Қалиев ең алғашқы ұшқыштар эскадрилиясының құрамында Берлинді бомбалаған. Одан кейін Сталинград шайқасында қаза тауып, белгісіз қалған.
Ал, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова – Құрманғазы ауданының тумасы. Мұндай еліміз мақтанатын батырлар немесе бірнеше әскери орден-медальдар алған жерлестеріміз жеткілікті. Ендігі әңгіме оларды кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде жеткізу болып отыр. Атырауымыздың қаһарман қызы Хиуаз Доспанова Ұлы Отан соғысында нағыз ерліктің үлгілерін көрсеткен әскери ұшқыш болатын. Қарулас достарымен бірге әуеге 300 мәрте көтеріліп, фашистерге ажал оғын жоғарыдан қарша боратқан оларды герман әскерлері «түнгі перілер» деп атаған. Өйткені, олар жауға білінбес үшін тек қараңғы уақытта ғана әуеге көтеріліп, әскери тапсырманы бұлжытпай орындайтын.
Енді оқырман назарын мына мәселеге аударғым келіп отыр. Фашистер Атырау өлкесіне тектен-тек қызықпаған. Өйткені, сол кездегі Гурьев Қазақстанда соғыс жағдайында болған жалғыз облыс еді. Осыған орай, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Бекжанов бастаған Қорғаныс комитеті құрылады. Неміс фашистерінің қолбасшылығы 1940 жылдың орта кезінде КСРО-ны жаулап алу үшін атақты «Барбаросса» жоспарын жасағаны тарихтан белгілі. Бұл жоспар бойынша олар Оралға дейінгі жерді тез уақыт ішінде басып алып, «Еділ-Жайық мемлекетін» құруды көздеген болатын. Осыны сезген КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1942 жылдың тамыз айында әдейі құпия Жарлық шығарып, Каспий өңірін «соғыс жағдайында» деп жариялайды. Жарлық құпия болғандықтан да, алынған шаралар да жасырын жүргізілді.
1942 жылдың 29 қыркүйегінде Гурьев қалалық партия комитетінің активі өткізіліп, оған облыстағы барлық өндіріс басшылары шақырылды. Активте «Облыстың соғыс жағдайында болуына байланысты партия ұйымдарының алдында тұрған міндеттер» деген тақырыпта Мырзахмет Бекжанов баяндама жасайды. Сол жылдың қыркүйегінен бастап Гурьев қаласы толықтай қараңғыланып, түнде көшелерде, үйлердің терезелерінен жарық көрсетуге тыйым салады. Гурьев қаласында, облыс, аудан орталықтарында тәртіпті сақтау үшін күндіз-түні кезекшілер қойылады. Облыстық партия комитетінің басшылығымен атқыштар батальоны, арнаулы әскери бөлімдер құрылады. Сондай-ақ, әуе қорғанысына да ерекше көңіл бөлінеді. Осындай алдын ала жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жау ұшақтарының Гурьев территориясына тастаған бомбалары, антисоветтік листовкалары мен үндеулері халық арасында ешбір қобалжу туғыза алмады, еңбекшілердің майдан үшін жан аямай еңбек етуіне кедергі келтірмеді.
Соғыс алдында Атырау мұнайын Орскідегі мұнай өңдеу зауытына жеткізу үшін ұзындығы 800 шақырымдық Каспий-Орск мұнай құбыры іске қосылды. Құбырдың бойына мұнайды айдайтын жеті станса салынған еді. Немістердің диверсанттар жіберудегі бір мақсаты осы стансаларды істен шығару болса, ендігі бір жоспарлары ел арасында үгіт жұмыстарын жүргізіп, бүлік жасау болды.
Атырау өңірін соғыс жағдайында деп жариялауға тағы бір себеп болған Солтүстік Кавказ жау қолында қалып, одан алып тұрған жанармай тыйылып, ұшақ, танктеріміз жанармайсыз қалу қаупіне тап келеді. Сондықтан, мемлекет жанармайды Бакуден Гурьевке баржымен тасуға мәжбүр болды.
Екіншіден, Сталинград майданының дүрсілі Атырауға естіліп жатты. Егер Қорғаныс комитеті 1942 жылы 1 қыркүйекте құрылған болса, он күннен кейін 10 қыркүйекте неміс «юнкерстері» қаланы бомбалай бастады. Тек біздің истребительдердің, оның ұшқыштарының қырағылық қимылдары қаланы талқандаудан аман алып қалды. Сондықтан да, Атырау өңірін соғыс жағдайында деп жариялау өзін толықтай ақтап шықты.
Бұл материалдар өлкемізге белгілі тарихшы, ғалым Хисмет Табылдиевтың 70 жылдыққа арнап даярлаған кітабының түпнұсқасынан алынып отыр. Облыс әкімінің демеушілігімен жарық көретін бұл кітап жуық арада оқырман қолына да жетеді. Бастысы, мұнда облысымыз туралы басқа да біраз тың тарихи мәліметтер қамтылған. Әрине, бұл Ұлы Жеңіс мерекесіне үлкен сый болмақ.
Ұлы Отан соғысының қиыншылықтарынан өзге, Атырау өлкесіне қосымша адам төзгісіз ауыртпалық болған «Жол» деп аталатын құрылыс еді. Оған себеп – Сталинград майданындағы ұрыс жағдайының қиындауына байланысты Гурьев облысының ресми төтенше жағдайда болуы. Неміс ұшқыштары қалаға бомба да тастады, ол сол кезде салынып жатқан №441 объектіні талқандауға (қазіргі Атырау мұнай өңдеу зауыты) бағытталған деп тарихшылар айтып жүрді. Одан басқа бірнеше рет алыс жайлаудағы бейғам елге қаруланған парашютшылар жасақтары да түсірілді. Осындай десанттың бірі «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітапқа арқау болғаны белгілі. Бірнеше күн атыс, жорықтың арқасында ғана олар құрықталған.
Майданда туған қауіпті жағдайға бейімделу мақсатында Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің тапсырмасына сай Ембі мұнайын орталықтағы майданға тез жеткізу үшін шұғыл арада Гурьев-Астрахан темір жолын салу жұмысы қолға алынды. Бас көтерген азаматтардың түгелдей майданда болуына байланысты жол құрылысына (рельс астына топырақтан жолтабан үю жұмыстарына) ауылдағы барлық әйелдер, қыздар мен қариялар жұмылдырылды. Топырақ үю нормасы орындалмаса, кешке нан-шай алу жағдайы да қиындайтын еді. Осылайша, он шақты ай мерзімде 200 шақырымдай жолтабанды әйел-балалар салып та үлгерді. Майдан шебі әрі ығысқасын бұл құрылыс та таратылады. Ол кездегі жұмыс топырақ үю ғана емес еді. Оны тегістеу, қолмен екі адам бірлесіп жуан кеспелтек ағаштармен нығыздау, жиегін шығару сынды алуан жұмыстар бойжеткендердің нәзік алақандарымен жүзеге асырылды.
Сол жолтабан отыз жыл бойы сапасын жоғалтпастан сақталып, өткен ғасырдың 70 жылдарында Гурьев-Астрахан темір жолы құрылысына пайдаланылды. Осы құрылысқа қатынасқандар бұрын да, қазір де елеусіз қалып келеді. Сондықтан, ел арасында, баспасөзде «Азалы жылдардың ащы ақиқаты», «Аштықты да көзбен көргенбіз», т. б. сынды тақырыптармен арнайы материалдар жарияланып, жол құрылысына қатынасқандар рухына облыс орталығында монумент орнату және бүгінгі өмірде барларын мемлекет наградасына ұсыну мәселелері қозғалуда. Бұл мәселе біздің облыстағы ардагерлер ұйымының ширек ғасырлық салтанаты үстінде және «Ардагерлер ұйымы» республикалық кеңесінің Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту тақырыбына арналған кезекті Пленумында да (27 наурыз 2013 ж.) көтерілді.
Облыстық ардагерлер кеңесі өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өкімімен құрылған комиссиямен келісе отырып, аға ұрпақ өкілдеріне қызмет қылатын бірнеше облыстық басқармалармен күні бүгін кейбір жете қолға алынбай отырған немесе алынса да толыққанды жүзеге асырылмай келе жатқан мәселелер жөнінде меморандумдар қабылдады. Бұл – біздің алғашқы ұмтылыстарымыздың бірі, сондықтан, кейбір мәселелер өз дәрежесінде бірден шешімін таба да қоймауы ықтимал. Десек те, біраз ілгерілеу болары анық. Өйткені, тиісті басқармалар бұл меморандумдар бойынша шаралар бекітіп, бұйрықтар шығармақ. Осылайша, аға ұрпақтың қажеттеріне оң көзқарас арта түспек.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмірді сыйлаған аға буын ардагерлерімізді, тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Егемен еліміздің болашағын жасау жолында әркез саптан көріне беріңіздер.

Қатимолла РИЗУАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*