ОЛАР – АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ

 

Ұлықтау рәсімінде облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы мұнай-газ саласында өзіндік қолтаңбасы қалған танымал тұлғалар Орал АҚШОЛАҚОВ, Балтабек ҚУАНДЫҚОВ және Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВТІ «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады.

– Өткен жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел дамуына қызмет етіп жүрген азаматтарды марапаттады. Олардың қатарында атыраулықтар да бар. Сол марапаттардың жалғасы ретінде облыс халқының қошеметімен бүгін бір топ ел азаматтарына құрмет көрсеткелі отырмыз, – деген аймақ басшысы олардың еңбек жолына қысқаша тоқталды. 

– Төрімізде Орал Ақшолақұлы отыр. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, майталман мұнайшы.Ұзақ жылдар бойы Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтында басшылық қызметтер атқарып, геофизикалық экспедицияларды басқарған, мұнайшылар арасында өз еңбегімен танылған тұлға.

Еліміз егемендік алған жылдары Геология министрлігінде мұнай-газ саласына басшылық жасады. Орал Ақшолақұлының экспедициясы қатпарлы жер бедерінің қойнауында түзілген қара алтынның мол қорын анықтады. 

Құбылмалы табиғаттың қаталдығына төтеп беріп, елге қажетті мұнай мен газды таба білді. Болжаммен табылған көмірсутегінің мөлшерін дөп басып айта білу, алдымен білімді керек етсе, оны дәйекпен дәлелдеп шығу табандылықты қажет ететінін баршаңыз жақсы білесіздер. Қажырлы еңбек пен біліктіліктің  арқасында ол Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Орал Ақшолақұлымен «КазНИГРИ-де» бірге жұмыс істедім. Ол кісі институт директорының орынбасары болды, мен ол кезде зертхана меңгерушісі, кейін бөлім жетекшісі қызметін атқардым.

Алматыға жұмысқа ауысқанымда да қасынан табылдым, бір үйде тұрдық. Қабиба апамның қамқорлығын, дастарханын көп көрдім, анамдай болды. Ұл-қыздары – менің іні-қарындастарым сияқты болып кетті.

Энергетика және минералды ресурстар министрі болып тұрғанымда ағамыздың баласы Болат Ақшолақов орынбасарым болды. Сол кезде Болатқа «Орал ағамыз мені тәрбиеледі, мен сені тәрбиелеп жүрмін, енді сен менің Айбегімді тәрбиелейсің» деген едім,  – деп ағынан жарыла сөйлеген аймақ басшысы марапат иесіне ұзақ жылғы бейнеттің берекелі зейнетін көруге тілектестігін білдірді.

Аты аңызға айналған атақты мұнайшы, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықовпен ұзақ жылдар бойы қызметтес болғанын айтқан Бақтықожа  Салахатдинұлы жұртшылыққа оны да кеңінен таныстырып өтті.

– Мұнай-газ саласының ыстық-суығын бірге көріп келеміз. «КазНефтеРазведка», «ГурьевНефтегазГеология» сияқты геология саласындағы негізгі, іргелі мекемелерде қызмет атқарды. ҚР Геология және жер қойнауын қорғау вице-министрі, Энергетика және отын ресурстары вице-министрі, «КазахстанКаспийШельфтің» президенті, «ҚазақОйлдың» президенті болды. Ол – Қазақстандағы Қарашығанақ, Кенбай, Имашев, Жаңажол, Әлібекмола, Арман кен орындарын ашуға қатысқан Қазақстанға белгілі геолог. Балтабек Мұқанұлының ең үлкен жетістігі – Елбасымыздың қолдауымен мұнайшы-геологтардың басын біріктіріп, Каспий теңізін алғаш игере бастаған маман.

Каспий теңізіндегі Қашаған кенішін Қазақстанға қалдыруда қайталанбас қолтаңбасы бар. Келіссөздер, түрлі пайымдар, қисапсыз есептеулердің барлығын сараптай отырып, қазыналы Қашағанды ұзақ келіссөздің арқасында Қазақстанның меншігінде қалдыруға ықпал етті. Ақтоты екеуі ұл-қыз, немерелер тәрбиелеп отыр, – деп оған отбасы амандығын тіледі.

Бүгінде Балтабек Қуандықов – «Еуразия» Халықаралық экономикалық академиясының, Америка геологтары мен мұнайшылары қауымдастығының корреспондент мүшесі. Халықаралық минералды ресурстар академиясының толық мүшесі. 10 монография мен 80-нен астам ғылыми мақаланың авторы. Қазақстанның өнеркәсібіне еңбегі сіңген қызметкер. Отанымыздың энергетикалық қуатын арттыру саласында сіңірген зор еңбегі үшін желтоқсан айында Мемлекеттік сыйлықтың  иегері атанды.

Марапат иелерінің бірі Құрманғазы Есқазиев  – мұнайшылар династиясынан шыққан. 30 жылдан бері мұнай-газ саласында қызмет атқарады. Бірнеше жыл «ҚазМұнайГаздың» бас геологы болды. «ЕмбіМұнайГаз» бен «Қазмұнайгаз. Барлау. Өндіру» АҚ-ның бас директоры. Ғылым кандидаты, бір шаңырақтан шыққан екінші Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Елге сыйлы Орынғазы ағамыз – Қошқар, Комсомол, Прорва кеніштерін ашқан белгілі мұнайшы-геолог. Әлемге әйгілі «Теңіз» кенішін ашқаны үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған. Жұбайы Ләззатпен бірге ұл-қызының қызығын көріп отыр.

Атырау – үлкен өндірістің орталығы, мұнайлы астана. Осы  өңірде туып-өсіп, ұзақ жылдар бойы ерен еңбектерімен, мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосқан, сондай-ақ, тек  республика көлемінде қызмет етіп жүрген аптал азаматтар мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бұл – еңбектің еленгені, елдің ыстық ықыласы.

Марапаттау рәсімі дәулескер домбырашы, атақты дирижер, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің жетекшісі болған, Қазақстанның Халық әртісі Рысбай Ғабдиевті еске алуға арналған бұл концерттік бағдарламаға ұласты. Күй қағанын еске алуға арналған шара туралы толық мақаланы газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.  

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*