ОЛ МАЙДАНҒА СҰРАНЫП КЕТТІ

 

Ел басына күн туған сол бір сұрапыл жылдары жауға қарсы майдан даласына аттанғандардың бірі менің атам Жамлиха Түнешов еді. Соғыс басталған жылы ол қартайған әке-анасын, жары мен кішкене бөбегін бағып отырған бір отбасының тірегі болатын. Бірақ, ол майданға өз еркімен сұранып аттанды. Себебі, тұтқиылдан тұтанған соғыс өртінен бейбіт ұрпақты, туған жерді, елді қорғауды өзінің парызы санады. Рас, қазір атам арамызда жоқ. Ол соғыс салған жара әсерінен ауыр сырқаттанып көз жұмды. Бірақ, бастысы, Жеңісті күндердің дәмін татып үлгерді. Ұрыс даласынан аман-есен оралды. Десек те, майдангердің үнемі айтып отыратын ғибратты сөздерін бүгінгі жас ұрпақ білсе екен, санасына тоқыса екен деймін.

Ол «Соғыс – деген ең жаман нәрсе. Ол жайында білмегендерің де дұрыс. Ең бастысы, еліміздің тыныштығы бұзылмауы керек. Жас ұрпақ сол үшін жұмыстануы, еңбектенуі тиіс. Біз көрген қиындықтарды жас ұрпақтың басына бермесін» дегенді жиі айтып отыратын.

Деректерден білгенімдей, атам бастапқыда Пенза, Харьков, Курск қалаларында болып, оқу-жаттығу курстарынан өтеді. Кейін бірінші Украина майданына, жау әскерінің стратегиялық объектілерін жою операцияларына қатысады. Ол қатардағы жаяу әскер болды. Жауынгерлік тапсырмаларды үздік орындап, кеңес әскерлеріне жол «ашуда», деревняларды жаудан тазалауда үлкен шеберлік танытып отырған. Бұл сөзімізге оның әр жылдары табысталған медальдары дәлел бола алады.

Соғыстан кейін де Ж.Түнешов ел экономикасын бейбіт заманға бейімдеуге тікелей қатысты. Сақыш әжеммен бірге алты бала тәрбиелеп, немере-шөберелерін көрді.

Сын сағатта Отанды қорғауға аттанып, бүгінгі бақытты болашақ жолында жастық ғұмырын, тіпті, өмірін құрбандыққа шалудан тайынбаған майдангерлер ерлігі даңқ шежіресі ретінде біздің тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалмақ.

Асланбек ТҮНЕШОВ,

Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*