«ОЛ КҮНДЕР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ…»

 «Ауған соғысының аяқталуы Кеңес Одағы ыдырай бастаған, елдің ауыр экономикалық, саяси-әлеуметтік дағдарысына тұспа-тұс келген еді. Осының салдарынан елге оралған мыңдаған жауынгер денсаулығы кеміп, психологиялық соққы алғандарына қарамастан қамқорлыққа қол жеткізе алмады. Алайда, қазіргі ахуал басқаша. Мемлекет тарапынан көрсетілер жеңілдік түрлері қарастырылып, мейлінше мүмкіндіктер берілуде. Алайда, ол күндерден қалған салқындықтың ізі әлі де жүрегімді мұздатады. Қанды-көйлек жолдастарымның қапыда қаза тауып, соңғы сөздерін айта алмастан жарық дүниемен қош айтысқандары өзекті өртей түседі» дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.    

Жеткіншек Кенжеғалиев – сол бір сұрапыл соғыстың бел ортасында болған қатардағы жауынгер. «Кабул мен Джелалабадта өткен сол бір күндерді естен шығару әсте мүмкін емес» дейді кешегі майдангер. Құрманғазы ауданының Богатый ауылында туып өскен ол 1979 жылы Армия қатарына алынып, 1980 жылдың қарашасында Түркістан әскери округіне жіберіліп, осында 2 танк ротасында механик-жүргізуші мамандығын игереді. Дәл осы жерде жауынгерлерге интернационалдық борышты өтеу міндеті қойылады. Сөйтіп, бір түнде «ЗИЛ-131» автомашинасына отырғызылған солдаттар Ашхабадқа келіп, таңдап алынған 75 жауынгер «ТУ-154»-пен белгісіз бағытқа беттейді. Ұшақтағы жауынгердің бірде-бірі Ауған жеріндегі соғысқа бара жатқанынан бейхабар болатын. 

«Жерге қонған сәтте-ақ, бізді дереу сапқа тұрғызып, қырағы болу, бір-бірімізді қиындықта қалдырмау сынды тапсырмалар жүктеді. Жеті күн Кабулда болып, одан соң тікұшақпен Джелалабадтағы 66-бригаданың екінші танк ротасына келдік. Әскери қызметіміз бірден жауынгерлік қимылмен басталып, кишлактарды қорғау туралы тапсырма алдық. Басмашылар айнала мина қойып, саперларымыз аса сақ қимылмен олардың қаншамасын тауып алып жатса да, жарылыс болып, көз жұмғандар көп болды. Осылайша елге талай табыт аттанып жатты. Ұлынан айырылған аналардың аңыраған дауысы арада қанша шақырым жол жатса да құлағымызға келіп тұрғандай болатын» дейді Жеткіншек Меллятұлы өз естеліктерінде.

Кейіпкеріміз сол бір күндерді еске ала отырып, бұл соғыс туралы әлі де болса толық мәліметтердің айтылмай, жазылмай жүргендігін де атап өтті. «Келешек ұрпақ бойында патриотизм сынды қасиетті қалыптастыру үшін бұл мәселеге аса мән берген дұрыс деп есептеймін. Себебі, бұл соғыстың өзін «беймәлім соғыс», «жарияланбаған соғыс» деп білсе, қатынасқандарды «ардагер емес, ардагерлерге теңестірілгендер» дейтіндері жасырын емес» дейді. 

Ардагермен арадағы әңгімеден білгеніміздей, ол ұрыс даласында ауыр жарақаттанған екен. «Бірде Кунар провинциясы нағыз қайнаған майдан даласына айналды. Кескілескен соғыс болып жатыр. Жау шебін алу үшін алдымен танкілер, кейін жаяу әскер шықты. Бұл танкілерге қарсы қолданылатын құралдың ішінде итальяндық минадан келер қауіп мол. Ол жарылғанда жерді түгелдей қопарып, ойып жібереді. Бір кезде біздің танкіге осындай мина тап келіп, түгелдей отқа оранды. Экипаж мүшелері дереу қимылдап, сыртқа атылдық. Қарша жауған қарсылас оғының астына тап болып, бас сауғалар жер таппай абдырап қалдық. Айнала қара түнек, жалаңдаған от. Бір сәт бетімнің жып-жылы болып кеткенін сездім. Көзімнен қатты жараланып, басым айнала бастағанына қарамастан, оқ атуымды доғармадым. Жаудың беті қайтқан сәтте жолдастарым алғашқы медициналық көмек көрсетіп, госпитальға жеткізді». Бұл сәтте жауынгердің жанына батқан жарақат емес, қасындағы достарының жер құшып, жат жерде шейіт болғаны екенін әңгіме ауанынан айқын аңғардық. 

Сол кездің қатаң талабына сай, Ауған жеріндегі жауынгерлердің ата-аналары ұлдарының қайда екендігін білмеген. Себебі, барлық хаттар қатаң тексеріліп, тұрақты адресі көрсетілместен, «Полевая почта 93992» деген жалпы атаумен солдаттардың мекен-жайларына таратылып жатты.  

«Уақыт бәріне де емші деседі. Сол рас. Десек те, соғыстан алған тән жарасы жазылғанымен, жүрегіміздегі сол соғыс салған жараның мәңгіге жазылмасы анық. Тіпті әлі күнге дейін жауынгер достарымның қолымда отырып, қаза тапқандары, олардың ата-анасы мен туғандарын табыстап, «осыдан елге аман жетсең…» деген аманаттары көкірегімде сайрап тұр. Бұл жара еш жазылмақ емес. Бұл – біз үшін мәңгілік қасірет. Жаратқан тәуелсіз Қазақстанымыздың аспанын ашық қылып, әр таңын бейбіт қылғай» дейді Жеткіншек Кенжеғалиев сөзінің соңында. 

Қазіргі таңда ол – Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ауғандық ардагерлер ұйымының төрағасы. Жолдасы Ханымзия екеуі – екі бала тәрбиелеп өсірген отбасының алтын діңгегі. 

Айтып өткеніміздей, Үкімет тарапынан Ауған ардагерлеріне көрсетілер көмек түрлері сан алуан. Алайда, кейіпкеріміз әңгіме барысында пәтер кезегіне тұрғандығын да айтып қалды. Ерлікті келер ұрпаққа ұран қылып, ұрыс даласында атой салған сарбаздардың тағдырына тиісті орындар көңіл бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді…

Гүлжан ӘМІРОВА.
Сандар сөйлесе…
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ауған соғысында Кеңес елі 15 мыңнан астам сарбазынан айырылды. 
Соғысқа 22 мың қазақстандық қатынасса, олардың 924-і жат жерде қаза тапқан. Ал, 1015 жауынгер туған елге мүгедек болып оралды. 21 адам  хабарсыз кетті.
Атырау қаласынан 339 сарбаз қатысып, оның үшеуі сол соғыста қаза тапты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*