ОҚУ МЕН ТӘЖІРИБЕ

Форумның мақсаты – өңіріміздегі білім беру мекемелерінің тәжірибесін зерделеу, кәсіптік-техникалық білім беру саласында дуальды оқыту технологиясын енгізудің механизмдерін дамыту болды. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, қаладағы шетелдік компаниялардың өкілдері, ірі кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің өкілдері қатысты.
Форумда облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан баяндама жасады.
Шараның облыстағы білім саласы үшін маңызы зор. Маман дайындауда бірқатар тәжірибеміз де бар. Атап айтсақ, өткен жылы және биыл Аджип ҚКО мен облыс әкімдігінің жанынан білім грантын дайындау үшін екі жүз елу студенттің оқу ақысын төлеу туралы меморандум жасалған болатын. Соған орай жиырма студент алыс, жақын шетелдерде оқып жатыр. Биыл көктем айында отыз студентті Уфа мұнай-газ техникалық университетіне оқуға жібердік. Олардың көпшілігі – негізінен, жетім және жартылай жетім, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары. Мұнай-газ саласын дайындайтын және қайта дайындайтын оқу орталығында Канададағы Оңтүстік Альберто политехникалық институтының мұғалімдері де сабақ береді, – деген аймақ басшысының орынбасары кәсіби-техникалық білім беруде дуальды оқыту жүйесіндегі проблемаларға да тоқталды. – Бүгінде студенттің күнделікті тәжірибеден өтуі үшін кадрлар дайындауда 607 мекемемен келісімі бар. Бірақ, бұл тәжірибе алмасу ретінде емес, студенттің кәсіпорындарға экскурсия жасауымен тәмамдалып отыр. Сондықтан осы олқылықты толтыру үшін кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп жұмысты жетілдіру керек. Елбасы дуальдық білім беру жүйесін жүзеге асыру үшін біраз тапсырмалар берген және бұл жүзеге асып жатыр. Қазір колледждерде он бес мыңнан астам студент оқиды, оның тек 450-і дуальдық жүйенің тек элементтерімен қамтылған. Колледжде оқу бір басқа, жұмыс табу бөлек әңгіме. Кәсіпорын басшылары жас маманның дипломы болса да, мекеме қайта оқытады. Тіпті, кейбір осындай мәселелерге байланысты жұмысқа да алмайды. Сондықтан, оқуға белгіленген уақыттың көпшілігі тәжірибемен ұштастырылғаны тиімді, сонда студент дипломмен қоса, бірден сертификатқа ие болады, – деп форум аясында шешілу керек мәселелерді атаған Шыңғыс Жұмабекұлы жұмысқа сәттілік тіледі.
Соңғы он жылда игерілген ең үлкен кен орны – Қашаған кеніші. Онда 72 елден отыз мыңнан астам адам жұмыс жасаған. Оның 80 пайызы – Қазақстан азаматтары.
– Бұған дейін бірқатар шетелдік және отандық компаниялармен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Дегенмен, бұл жүйе колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланыспен шектеліп қалмауы керек. Бұл үрдіске негізгі, орта және техникалық кәсіптік оқыту буындарының сабақтастығы арқылы барлық жалпы білім беретін мектептерді кеңінен тарту қажет, – дейді баяндамасында «Кәсіпқор холдингі» КЕАҚ басшысының орынбасары Сабыржан Мәдеев.
Облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев өз кезегінде маман дайындау мақсатында облыста «Қамқоршылар кеңесі» құрылғандығын атады. Баяндамадан түсінгеніміздей, кеңес бірінші кезекте сұранысқа сай мамандықтарды таңдап, оқушыларға соны игеруіне кеңес береді, қажетсіздерін жабу туралы да ұсыныстар айтады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*