ӨКСІГЕН ӨРІМТАЛДАРДЫҢ ӨКІНІШТІ ӨМІРІ

 

Өкінішке орай, бұл қауіпті дерттен Атырау аймағы да шет қалып отырған жоқ. Күні бүгін облыстық наркологиялық диспансер есебінде 782 есірткіге тәуелділер тіркелген. Олар есірткінің жіпсіз-ақ матап, ажалға еріксіз айдап апаратын жол екенін неге жете сезінбейді? Бұл бағытта қандай алдын алу және емдеу шаралары жүргізілуде? – Біз осынау сауалдар төңірегінде «Облыстық наркологиялық диспансер» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының бас дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санаттағы денсаулық сақтаудың ұйымдастырушысы, «Абырой» орденінің иегері Меңдібай ДОСҚАЛИЕВ мырзамен ой-пікір бөліскен едік.

– Меңдібай  Қайроллаұлы, әңгімемізді халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай өзіңіз басшылық жасайтын диспансерде қандай іс-шаралар жүзеге асып жатқандығынан бастасақ…

– Бұл дәстүрлі датаға байланысты жыл сайын аймақта, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесе, «Есірткісіз әлем» ұранымен акция өткізіледі. Мұндай шаралардың, әсіресе, жас буын үшін зор маңызы бар. Бұл жастарды есірткіге қарсы ұжымдық түрде қарсы тұруға ықпал етеді. Ал, 1-30 маусым аралығында «Есірткісіз әлем» ұранымен өткізілетін айлықтың алар орны ерекше. Айлық кезінде облыстық ішкі істер департаментінің нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес  басқармасымен бірлесе отырып, қала, аудан мектептері мен колледждерде  «Есірткіге жол жоқ!», «Есірткінің зияны» атты шаралар тұрақты өткізіледі. Сондай-ақ, диспансердің нарколог-мамандары да медициналық мекемелерде, мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында, мекеме-ұйымдарда кездесулер өткізіп, есірткінің адам денсаулығына  және  қоғамға тигізетін зардабы жайында насихаттық-түсінік жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады.

– Бүгін таңда диспансерде нашақорлық дертіне шалдыққандарды емдеу бағытында  қандай жаңашыл қадамдар бар?

– Біз негізінен «Саламатты Қазақстан-2011-2015» бағдарламасы мен мемлекеттің нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2016 жылдарға арналған бағдарламасын басшылыққа алып, жұмыс жасаудамыз. Бұл бағдарламалар негізінде облыста есірткі мен алкогольді ішімдікке тәуелді адамдарды алдын-ала анықтау, тиімді емдеу және әлеуметтік оңалту жөніндегі іс-шаралар бағытында  диспансерде  атқарылып  жатқан оң істер аз емес.

Қазіргі таңда біздің облыстық диспансерде оның жеті бөлімше бар. Атап айтқанда, 25 керуетті дәрі-дәрмекпен түзету, 20 керуетті психо-әлеуметтік оңалту, 50 керуетті еріксіз емдеу, 5 керуетті жасөспірімдер, 5 керуетті ақылы бөлімше, 20 керуетті уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығы, 25 төсектік  күндізгі стационар, сондай-ақ, есірткіге тәуелділерді анонимді емдеу кабинеті жұмыс істейді. Сонымен бірге, дене шынықтыру залы, физиоемдеу бөлмесі, биохимиялық зертхана қызметі де пайдаланылады. Ал, қала, аудандардағы емханалар мен ауруханалар да наркологиялық кабинеттермен қамтылған. Наркологиялық қызмет тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында жергілікті  бюджет арқылы көрсетіледі.

 Емдеу орнына жыл сайын мыңдаған есірткі тұтынатындар мен алкогольді ішімдікке бой алдырғандар түсіп, тиісінше емін алып шығады. Тек өткен жылдың өзінде облыс бойынша 8102 нашақор, 7217 алкогольді  ішімдікке  салынғандар ем алды. Олардың басым бөлігі  Атырау қаласының тұрғындары болса, бұл дерттен Мақат, Жылыой, Құрманғазы, Индер аудандары да шет қалып отырған жоқ. Тіпті,  былтырғы жылдың  өткен бес айымен салыстырғанда, биылғы жылдың бес айында нашақорлық пен  маскүнемдіктің саны  біршама өскендігі байқалады.

Айта кету керек, жылдар бойы амбулаториялық науқастарды ақысыз емдеу жайы осы кезге дейін шешілмей келсе, былтыр 25 төсектік күндізгі стационар ашылғаннан бері бұл мәселе де оң нәтиже бере бастады. Өткен жылы күндізгі  стационарда 500 науқас ем алуы тиіс болса, есесіне 533 науқас емделіп  шықты.

– Енді әңгіме желісін емдеу орнында  медициналық-әлеуметтік оңалтудың жайына ойыстырсақ…

– Облыстық наркологиялық диспансердің стационарлық  бөлімшелердің  басты мақсаты – медициналық әлеуметтік оңалтудан өтуге бағдар беріп, ұзақ мерзімді  және тұрақты ремиссияға қол жеткізу. Былтыр осындай оңалтудан 330 науқас өтсе, олардың 309-ы – маскүнемдікке шалдыққандар. Ал, нашақорлықпен күресуде бөлек орын алатын психологиялық әдістердің де пайдасы бар. Яғни, нарколог, психолог, психотерапевт және әлеуметтік қызметкер көмегімен, науқастың келісімімен оңалтудың ұзақ мерзімді курсы өткізіледі. Науқастарды емдеудің клиникалық хаттамалары енгізіліп, психологиялық кеңес беру, психотерапия, жаңа дәрі-дәрмектер, клиникалық-биохимиялық  әдістер қолданылады.

Тағы бір атап айтар жайт, диспансердегі еріксіз емдеу бөлімшесі биылғы наурыз айында Индер  ауданына  көшіріліп, 50 төсектік орынның 45-і ерлердікі болса, бесеуі әйел адамдарға арналған. Олар арнайы сот сараптамасы комиссиясынан өткеннен кейін, сот қаулысымен 6 айдан 1  жылға дейін емделеді. Бұрын орын болмағандықтан әйелдерді басқа облысқа  жіберіп келсек, енді өзімізде емдеуге толықтай мүмкіндік бар.

– Нашақорлықтың алдын алу бағытында басқа да нендей жедел шараларды атар едіңіз?

– Әрине, қолға алынып жатқан жұмыстар баршылық.  Мәселен, аймағымыздағы осы дертке шалдыққандарды емдеу жүйесін жетілдіру жөнінде облыс әкімінің арнаулы бағдарламасы бар. Осы бағдарлама негізінде Павлодар қаласына нашақорлық дерті меңдеген адамдарды медициналық оңалту орталығына жіберіп, емдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұған облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ, нарколог-дәрігерлер алдарына келген сырқаттарды емдеумен қатар, түрлі мекеме, ұйымдар, кәсіпорын, оқу орындарында кездесулер өткізіп, онда есірткі дертінен сақтануы жайлы дәрістер оқиды. Ал, аяқтай келгендердің аты-жөнін айтпай, құпия емдеуге баса назар аударылады.

Жалпы, бізге пациенттер әртүрлі жолдармен келеді. Бірін ішкі істер қызметкерлері алып келсе, екіншісі өздері аяқтай келеді, өлімші халдегі енді біреулерді «Жедел жәрдем» қызметкерлері жеткізеді. Бұл жерде нарколог-дәрігерлер жандарын салып баққанымен, өздері  келгендері болмаса, көпшілігі уақыт оздырмай-ақ наркодиспансердің босағасын екінші рет аттап жатады. Мұндай дерттің тұзағына түсетіндер – әсіресе, әртүрлі жағдайлармен ата-ананың бақылауынан тыс қалған жасөспірімдер. Демек, маскүнемдік, нашақорлық – тек наркологиялық ауру ғана емес, әлеуметтік, қылмыстық сипаты  бар  дерт.

– Сіздің диспансер республикалық деңгейдегі наркодиспансерлер арасында жоғары марапатқа ие болғанын да естіп едік…

– Дұрыс айтасыз. Өткен жыл ұжым үшін есте қаларлық болды. Бұл жылы  емдеу орны республикада наркологиялық  диспансерлер арасында рейтингілік көрсеткіштер бойынша бесінші орынды еншіледі. Яғни, емдеу орны 2013-2014 жылдарғы материалдық  базасының, экономикалық тиімділігі мен емдеу саласындағы сапалы қызметі үшін сапа сертификаты мен арнайы медаліне ие болды. Тағы бір айтарым, биылғы жылы Литва мемлекетінің  Каунас қаласындағы озық медициналық клиникасында  іс-тәжірибеден өтіп  келдім. Бұл елдің медицина саласынан біздің үйренеріміз, алар  тәжірибе-тағылым аз еместігін байқадым. Алдағы 2016-2020 жылдарғы республикалық «Денсаулық» сақтау бағдарламасы негізінде бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге  мүмкіндік бар деп ойлаймыз.

– Меңдібай Қайроллаұлы, тәжірибелі маман ретінде айтыңызшы, осы есірткі тұзағынан құтылып, құлан-таза жазылғандар бар ма?

– Алдымен  бізде есірткінің зиянды екенін, оған қарсы әр адамның қалай күресу керектігі жөнінде жан-жақты кеңес беріледі. Емделушілердің есебі алынып, бес жыл біздің бақылауымызда болады. Әр ай сайын келіп, өзінің жағдайы жөнінде мәлім етеді, ал келмегендері болса оларды іздеп тауып, жай-күйін білеміз. Мазасызданып жүргендерге қосымша ем көрсетіледі. Мәселен, қазіргі емделіп жүрген нашақорлар арасында отыздың бел ортасындағы  бір азамат үш жылдан  бері есірткі  тұтынған емес. Бұрын ол   бес-алты жыл есірткінің құлы болған. Осыған қарағанда, нашақорлықтан жазылуға  мүмкіндік  бар. Әрине, ол  адамның өзінің ерік-жігеріне, рухани күш-сеніміне және ата-анасы, қоршаған ортасына да  байланысты дер едім.

– Жасыратыны жоқ, «есірткіге үйір балалар мен жасөспірімдер көп жағдайда ата-аналар мен мектеп ұжымдарының бақылауынан тыс қалуынан » деп жүрміз ғой, сөз соңында бұған не дейсіз?

– Жөн айтасыз. Қырсықтың көбі «қисық»  тәрбиеден басталады. Сондықтан да, «баланы – бастан» демекші, бұл жерде, ең алдымен, ата-аналар бала  тәрбиесіне мұқият болғандары жөн. Көп жағдайда баланы еркіне жіберіп, өз міндеттерін оларды  ішіндірумен, киіндірумен шектейтіндер көп. Әрі-беріден соң бала деген өз бетімен өсе беретін шөп емес қой. Ана мен қыздың, әке мен  ұлдың арасында шынайы түсінік пен достық қарым-қатынастың болмауы да – бақытсыздықтың бастау алар тұсы.  Бақылаудан тыс қалған жас жайсыз  ортаға тап болып, есалаң күй кешеді. Ал, баланың тізгіні қолдан бір шығып кеткен соң көрер көз, естір құлақтан ұялып, бүркемелеудің де еш пайдасы болмай қалады. Өйткені, өксіген өрімталдардың өкінішті өмірі – баршамыздың да бас ауыртар жанайқайымыз!.. 

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*