ӨКПЕ ДЕРТІ АЗАЙМАЙ ТҰР

Кеңеске төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан алдымен аймақтағы ахуалға тоқталды. Құрт ауруының жоғары деңгейі әсіресе Атырау қаласында, Махамбет, Құрманғазы аудандарында қалыптасып отыр. Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиевтің баяндамасынан байқағанымыздай, өткен жылы 509 адамнан туберкулез дерті анықталған. Балалар арасындағы туберкулезбен аурушаңдықтың 25 жағдайы тіркеліпті. Облыстық деңгейден жоғары көрсеткіш – Махамбет ауданында. «Бұл мәселе алаңдаушылық тудырады, – деді А.Жұмағалиев. – 2012 жылы бұл ауданда бір бала туберкулезбен тіркелсе, өткен жылы 4 бала сырқаттанды. Құрманғазыда екі, Индерде бір жағдайға артты.
Өткен жылы жаңа туған нәрестелерді БЦЖ екпесімен қамту 95,6 пайызға орындалды. Екпемен қамтудың төмен көрсеткіші Атырау қаласында, Исатай, Индер, Жылыой аудандарында тіркелген. Кейінгі жылдары ата-аналар жаңа туған балаға перзентханада БЦЖ вакцинасын егуден нотариалды түрде бас тартып, жағдайды ушықтыруда, оның ішінде көбі теріс діни ағымдағы ата-аналар. Мысалы, 2012 жылы 315 балаға, 2013 жылы 324 балаға екпе егілмей, бас тартулардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл жағдай жаңа туған нәрестелердің иммунитетін төмендетіп, туберкулезбен сырқаттануына себеп болды (өткен жылы бір жағдай, биылғы бірінші тоқсанда екі жағдай тіркелді, оның біреуі ауыр халде жатыр).
Өткен жылы жасөспірімдер арасында туберкулезбен аурушаңдық 16,3 пайызға төмендеді. Жалпы құрт ауруының эпидемиялық таралуы ел арасында бациллярлы ошақтардың көп болуымен, дәріге төзімділік түрінің көбеюімен байланысты. Облыс бойынша есепте тұрған 798 БК+ аурудың 580-інде көптеген дәріге төзімділік анықталған. Бұл емханаларда, амбулаторияларда туберкулез ауруларын емдеу сатысы өз деңгейінде жүрмейтінін, емдеу-сауықтыру мекемелерінде дәріні сапалы сақтауға тиісті жағдайлар жасалмайтынын көрсетеді. «Құрт ауруының салдарынан өткен жылы 38 адам қайтыс болды. Өлім көрсеткіші облыс орталығында, Қызылқоға, Махамбет аудандарында жоғары деңгейде, – деп атап өтті департамент басшысының орынбасары.
Облыстағы ішкі, сыртқы көші-қонның артуы да қауіпті дерттің өршуіне ықпал етіп отыр. Өзбекстан Республикасы, Ресей елі, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарынан келіп-кетушілер арасында өткен жылы 240 туберкулез жағдайы анықталған. Ведомствоаралық байланыс та өз дәрежесінде емес. Оның айғағы, былтыр облыс аумағына қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босаған туберкулезбен науқастанған 28 адам келген, оның ішінде алты науқас тұрғылықты жері бойынша уақтылы туберкулезге қарсы күрес мекемелеріне есепке алынбай, үш ай бойы жүріп қалған. Сондай-ақ, кеңес барысында туберкулездің ашық түрімен ауыратын адамы бар отбасының тұрмыстық жағдайын жақсарту, жеке тұрғын үймен қамту, аз қамтылған науқастарды әлеуметтік қолдау мәселелері де шешімін таппай отыр. Бұл республика бойынша тек біздің аймақта ғана әлі күнге шешілмеген мәселе ретінде қалып келеді. Жалпы облыс бойынша туберкулездің бациллярлы түрімен 85 адам ауырады. 2013 жылы науқастарға тек 13 пәтер бөлінген, 1 пәтер Атырау қаласында, 2 пәтер Индер ауданында, 10 пәтер Қызылқоға ауданында. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы құрт ауруына шалдыққандарды пәтермен қамту мәселесінде Қызылқоға ауданының үлгісін алуға шақырды.
Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев жергілікті әкімшіліктер тарапынан амбулаторлық емдеу кезеңінде жүрген туберкулезбен ауыратын аз қамтылған отбасының мүшесі болып табылатын науқастарды қосымша тамақтанумен, жолақысымен қамтамасыз етуге қаржы бөлінбей келе жатқанын да айтып өтті. Айталық, жұмыспен қамтуды қажет ететін 94 науқастың 22-сі ғана жұмысқа орналасқан.
Не істеу керек? Әрине, туберкулездің эпидемиологиялық таралу қарқынын төмендету үшін тиісті мекемелерді кадрлармен толықтырып, материалдық-техникалық базасын нығайтқан жөн. Бұл бағытта да іске аспай жатқан жұмыстар аз емес. Аталған департамент өкілі аудандардағы тубауруханаларда бейнебақылау орнату, ішкі-сыртқы күзет жүйесін іске қосу, ауа сору-ауыстыру қондырғыларын алу, ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу үшін қаражат қаралмай отырғанын да жасырмады.
Туберкулезге қарсы күрес ұйымдары фтизиатр, фтизиопедиатр, рентгенолог дәрігерлермен толықтырылмаған. Соңғы жылдары осы салада жұмысқа тұрған мамандарды тұрғын үймен қамту мәселесі де шешімін таппай келеді.
Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Жаңабай Сағиев туберкулез аурушаңдығының алдын алуда атқарылған жұмыстар және шешімін таппаған мәселелер жөнінде баяндады. «Диспансерге симптоматикалық емге биыл бөлінген 57 400 000 теңгенің 3 128 150,25 теңгесі туберкулез ауруын жедел анықтауға арналған Диаскинтест сатып алуға алынды, соның салдарынан стационарда жатқан науқастардың еміне дәрі-дәрмектер жетіспеуде, – деді ол. – Қазір тендер өтпей қалуына байланысты симптоматикалық дәрілерді әр емхана өздері сатып алуы қажет. Ал, бізде бюджеттен тыс қаржы қарастырылмаған. Сонымен қатар, БАКТЕК аппаратына реактивтер жетіспеушілігі себебінен туберкулез науқастарының дәріге сезімталдығын анықтау да қиындықтар туғызуда. Көптеген медициналық аппараттар мен құрал-жабдықтар ескіріп, істен шыққан, алмастыруды қажет етіп тұр».
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан аталған мәселе бойынша тиісті басқармаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бақытгүл БАБАШ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*