ОЙЫЛ СУЫ ӨҢІРГЕ ҚҰТ ӘКЕЛДІ

 Ауыл тұрмысы жақсара түсті

Қазіргі таңда оқу ордасында 203 жас бала білім алуда. Мектепте 36 педагог еңбек етеді. Облыс басшысы мектеп жанындағы шағын орталықта болып, оның да жұмысымен танысты. Мұнда 3 жастағы 11, 4 жастағы 22 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бақтықожа Салахатдинұлы өз сөзінде Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау жолында ерекше жігермен еңбек етудің қажеттігін атап көрсетті.

Бұдан кейін облыс басшысы бюджет есебінен салынып, үстіміздегі жылы қаңтар айында пайдалануға берілген Тайсойған селосындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте болып, емдеу мекемесінің жұмысымен танысты. Жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуде облыс басшысы Елбасы Жолдауынан кейінгі облыс көлемінде қолға алынып жатқан игілікті істерді әңгімеледі. Ал, Тайсойған ауылдық округі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Түзгенбай Өрбісінов өз сөзінде Тайсойған өңірін қоныстанған тұрғындардың соңғы жылдары әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары күрт жақсарғанын, өңірге таза ауыз су, табиғи отын – көгілдір газдың жеткізілуі адамдардың өміріне қуаныш сыйлағанын әңгімеледі. Мұндай мамыражай тірлік тек қана Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында жүзеге асырылып отырғанын атап айтты.

Ардагер бұл күнде Тайсойған өңірінде 945 тұрғын 147 шаңырақта түтін түтетіп, бала санының жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айтып, Тайсойған селосы орталығынан 50 бүлдіршінге арналған балабақша ғимаратының қажеттігін жеткізіп, көмек сұрады. Осыған орай, аудан әкімі М.Мұқанов село басында бос тұрған ескі тұрғын-жайдың барлығын айтты. Облыс басшысы балабақша ғимараты үшін сол үйлерге тез арада алдын-ала сараптама жұмыстары жасалып, қажетті құжаттарды дайындау жөнінде тапсырма берді. Құрылыс жұмыстарына керекті қаражаттың да бөлінетіндігін жеткізді.

Облыс басшысы Тайсойған селосында өзімен мектеп қабырғасында бірге оқыған, сыныптастары, еңбек ардагерлері Түсіп Көпжасаров пен Жолдығали Жайғалиевтың тұратынын айтып өтті. Сөз кезегін еңбек ардагері Жолдығали Жайғалиев алып, Бақтықожа Салахатдинұлына ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында қосқан үлесі үшін жергілікті тұрғындар атынан зор рахметін айтты, бірге оқыған жылдарды еске алды. 

Канал басындағы келелі кеңес

Қызылқоға өңіріне нәр беріп отырған Ойыл өзенінің 2006 жылдан бері тасымай қалуы аудан орталығынан 135 шақырым қашықтықта орналасқан Қызылқоға ауылдық округінің тұрғындары үшін үлкен қиындық әкелгені белгілі. Соның салдарынан осы өңірді жағалай қоныстанған қалың елдің қолдарындағы төрт түлік мал суға жарымай қалды. Жер асты құдықтарының суы ішуге жарамсыз, ащы болып, кермек дәм шықты. Мейірі қанып су ішпеген малдан мол өнімнің алынбасы да белгілі.

Бұл қиындықтардан құтылудың басты жолы – Ойыл өзені арқылы кететін «Кезауыз-Қарабау» каналын қазу еді. Енді, міне талай жылдарға созылған осынау күрмеулі мәселенің түйіні шешіліп, 62 шақырымға созылған «Кезауыз-Қарабау» каналын қазу жұмыстары аяқталып, өткен жылы пайдалануға берілді.

Облыс басшысы «Кезауыз-Қарабау» каналы басында Қызылқоға ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Қызылқоға ауылдық округі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тауман Қарабау селосына фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратының қажеттігін, ал бүгінгі емдеу мекемесінің заман талабына сай еместігін жеткізді. Ал, еңбек ардагері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Шапиғолла Қонысбаев селодағы 60 балаға арналған «Қарлығаш» балабақшасының ірге тасының қаланғанына 50 жылдан астам уақыт болғанын, ғимараттың әбден ескіріп, тозығы жеткенін әңгімелеп, заман талабына сай жаңа балабақша қажеттігін айтты. Облыс басшысы айтылған пікірлерді тыңдап болған соң, облыс әкімінің орынбасары С.Нақпаев пен аудан басшысы М.Мұқановқа бұл мәселелерді шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Зейнеткер, еңбек ардагері Айған Дәулешова сөйлеп, облыс басшысына «Кезауыз-Қарабау» каналын ауылға жеткіземін» деген уәдесін орындап, ел адамдарымен кездесу өткізгені үшін зор алғыс сезімін білдірді.

– Ауылымызға көгілдір газ келіп тұр, таза ауыз суын пайдаланып отырмыз, енді міне, каналдың да игілігін көріп жатырмыз. Барлық тілегіміз орындалды, – деді ардақты ана. 

Бейнебақылаумен қадағаланады

Міне, биыл да Ойыл мен Сағыз өзендерінің арнасы суға толып, аудан тұрғындары зор қуанышқа кенелді. Облыс әкімі тікұшақтан Ойыл өзені арнасымен келген судың мөлшерін бақылап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. «Ералы» суландыру жүйесі арқылы жүргізілген жұмыстарды көріп, Ойыл бойына орналасқан ауылдық округтердің шабындық, жайылымдық алқаптарына шыққан судың деңгейін көрді. «ҚазСуШар» РМК Атырау филиалы Қызылқоға өндірістік учаскесінің басшысы Сайлаубек Темірғалиевтің әңгімесіне қарағанда, жиырма жылдың үстінде арнасы кеуіп, тасымай қалған Ойыл бір күнде қар суының еруінен арнасы толып, сәуірдің 15-жұлдызында «Ералы» су торабына келіп тірелді.

Ақтөбе облысы басшылығымен жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін берді. Өр суын реттеуді өз қолына алған аудан басшысы Мақсот Сайполұлы «биылғы жылы Ойыл өзенінің тасуы ауданымыздың ауыл шаруашылығын өркендетуге өз септігін тигізері сөзсіз»,-дейді. Себебі, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі осы өр суына тікелей байланысты. Осы орайда жерасты сулары мөлшерінің төмендемеуі үшін өр суы ең алдымен «Бес есік» шлюздері арқылы Тайсойғанға жіберілуде. Содан кейін «Ералы» су торабы арқылы барлық ауылдық-селолық округтердің шабындық жерлері мен мал суаттарына шығарылуына мүмкіндіктер жасалуда. Кезегімен келіп жеткен су Миялы селолық округінің жанындағы шабындықтарға жіберілді.

Сонымен, бірге «Ералы» су торабындағы «Миялы магистралы» арқылы «Жасқайрат» асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС-іне қарасты 930 гектар шабындығы бар «Сары» алқабына су бағытталды. Сондай-ақ, «Көздіғара» өзегі бойына орналасқан есік арқылы жіберілген су «Тасшағыл» ауылдық округі орналасқан аймаққа да жетті. Талай жылдардан бері кенезесі кеуіп жатқан Бәйтік көліне су толды. Енді, Арал көліне де екі-үш күннің ішінде су құйылып, құстардың сүйікті мекеніне айналады.

Осы өңірдегі «Тасшағыл» өндірістік кооперативінің 2000 гектар алқабын суландыру да көзделуде. Бұл өңірде «Көрқияқ», «Балықтыкөл», «Склад», «Ақшкол» және «Бүргенді» алқаптары бар. Қазіргі таңда Көздіғара ауылдық округіне қарасты «Тоқтабай» алқабындағы 500 гектар жерге су шықты. Ал, бұл өңірде үш бірдей шаруа қожалығының төрт түлігі орналасқан.

Биыл Қызылқоға өңіріне келген судың мөлшері мол. Басты мақсат – осында жағалай қоныстанған шаруа қожалықтары мен жергілікті тұрғындардың төрт түлік малына су жеткізу, екіншіден, Тайсойғандағы төрт су айдайтын қондырғы арқылы жер асты суларының қорын толықтыру. Тайсойғандағы су айдайтын қондырғы – Тайсойған ауылын, Қоныстану, Тасшағыл, Қаракөл селоларындағы 6 300 тұрғынды таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, Қарасудағы төрт қондырғыға да жер асты суын толықтыруға мол мүмкіндік береді. «Қарасу» су айдау қондырғысы – Миялы селосы мен Жанкелдин, Жасқайрат ауылдық округінде қоныстанған 10 мыңның үстіндегі халықты таза да мөлдір тұщы сумен жабдықтауға жол ашады. Сонымен қатар, «Тасшағыл» өндірістік кооперативі мен «Жасқайрат» асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС-нің жайылымдық және шабындық жерлерін, «Жер-Су» шаруа қожалығының 180 гектар алқабын суландыру көзделуде.

«Ералы» суландыру жүйесі 1976 жылы салынып, пайдалануға берілген. Негізгі атқаратын жұмысы – су реттегіш есіктер арқылы Ойыл өзені бойына орналасқан шабындық жерлерді көктемгі өр суының келу мөлшеріне байланысты реттеп жіберетін инженерлік жүйе. Қазір мұнда сегіз жерде бейнебақылау камерасы орнатылған. Арнаулы орынжайда күзет қызметкерлері бақылау жүргізіп, қадағалайды. Өр суын тиімді пайдаланып, инженерлік жүйесі бар Миялы, Жанкелдин, Ойыл ауылдық округтеріне су жіберілуі басты назарда ұсталуда.

Облыс басшысы осы жұмыстардың бәрін өз көзімен көріп, зор ризашылық сезімін білдірді. Табиғаттың қолайлы жағдайына байланысты мал басын, одан алынатын өнімді молайту, сөйтіп, халықты азық-түлікпен қамтуды дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Сағыз-Миялы-Индер тас жолын Қарабауға дейін жеткізу үшін жұмыстар жалғасатындығын айтты.

Мағрупа ҚАЗИХАН.

Қызылқоға ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*