ОБА – ЖҰҚПАЛЫ АУРУ

Оба ауруы адамзат тарихында қоғамның дамуына көп кедергі келтірді.
Қазіргі уақытта Африканың, Азияның, Оңтүстік Американың бірқатар елдерінде жыл сайын адамдар оба ауруымен ауырады. Ғылымның дамуына байланысты және оба ауруына қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың арқасында ғана оның дүние жүзіне кең таралуына жол берілмей отыр. Біздің елімізде де бұл ауру адамдар арасында кездесіп тұрады.
Оба – өте қауіпті, жұқпалы ауру. Қазіргі уақытта адамдар арасында оба ауруы жиі кездесіп тұрады. Мысалы, Маңғыстау облысында 1999 жылы, Ақтөбе облысында 1997, 1999 жылдары, Қызылорда облысында 1990, 1991, 1993, 1999, 2001, 2002 жылдары оба ауруы орын алды. Ал, біздің Атырау облысында 1986-1997 жылдар аралығында оба ауруымен сегіз адам ауырған.
Ауырған адамның сау адамға қауіпті екенін халық ерте заманнан-ақ түсінген. Оба шыққан жерлерде халықтың үрейі ұшып, үйлерін, тіпті ауырған бала-шағаларын тастап, бастары ауған жаққа қашқан. Сөйтіп, олар ауруды бір жерден екінші жерге таратуға себепкер болған. Осыдан ата-бабаларымыз жеті жұттың қатарына оба ауруын да жатқызған.
Оба ауруының қоздырғышы адамға әртүрлі жолмен жұғады. Осыған байланысты ауру сипаты да (клиникасы) түрліше болады: без, тері, өкпе және қанның қағынуы. Обаның без түрі (сонымен қатар, тері-без немесе қанның қағынуы түрлері де) адамдарға трансмиссиялық (бүрге, кене) және жанасу жолдары арқылы жұғады. Обаның бұл түрі, әсіресе, індеттің табиғи ошақтарында жиі кездеседі. Әр табиғи ошақта түрліше себептер болуы мүмкін. Мысалы, кеміргіштер ортасындағы оба індетінің қарқынына, сол жердегі тұрғындардың істейтін жұмыстарына, тағы басқа себептерге байланысты. Обаның табиғи ошағында індеттен өлген кеміргіштердің үстінде бүргелер болады. Міне, сол бүргелер қан сору үшін іннің аузына қарай жылжиды. Егер сол іннің жанында адам болса, аш бүргелер оны шағып, оба ауруын жұқтырады.
Адамға оба қоздырғышы жұққаннан кейін аурудың белгісі екі-алты күннен соң ғана білінеді. Оған дейін микробтар денеде өсіп-өніп, уын жая береді. Медицинада оны «жасырын кезең» дейді. Бұл кезең өткен соң ауру кенеттен пайда болады. Адам тоңып, қалтырайды, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Науқастың денесі ауырлап, әлсіздік пайда болады. Басы қатты ауырып, айналады, ұйқысы қашады, жүрегі айнып, құсуы мүмкін. Кейде ауру адам есінен танып, аласұруы мен сандырақтауы ықтимал. Денесін дерт билеген адам мас кісі сияқты шайқалып, теңселіп, тәлтіректей береді.
Адамда қорқыныш, күйзелу, үмітсіздік сезімдері пайда болады. Дененің улануы салдарынан жүрек-қан тамыр жүйесі зақымданады. Жүректің шекарасын тексерген кезде оның ұлғайғаны байқалады. Оның соғу дыбысы күңгірттеніп, соғуы үдей түседі (бір минутта 120-160 рет). Артериялық қан тамырының қысымы төмендейді. Халі өте нашар науқастың тамырының соғу ырғағы бұзылады (аритмия). Тілінің үстінде ақ түсті қалың өңез пайда болады. Аузы құрғап, жұтқыншағы қызарады, тіпті майда қан тамырлары жарылып, қан құйылуы да мүмкін. Көмекей бездері ісінеді, кейде іріңдейді. Бауыр және көк бауыр ісініп, көлемдері ұлғаяды. Қатты науқас адамның құсығында қан болады. Үлкен дәреті сұйылып, одан қан мен кілегей бөлінеді. Ақырында адамның жүрегі нашарлап, өліп кетуі мүмкін.
Осы аталған аурудың сипаттамасы обаның барлық түріне ортақ. Атап өтерлігі сол, егер обамен науқастанған адам дер кезінде дәрігерлік көмек алса, оның толық жазылып кетуіне мүмкіндік бар. Оба ауруынан сақтану үшін:
* дер кезінде обаға қарсы егілу керек;
* ауырған түйелерді малдәрігерлік тексеруден кейін ғана сойып, жіліктеуге болады;
* айта кететін жай, қазіргі заң бойынша обадан өлген түйенің нарықтық құны төленеді;
* ауру аңдарды (әлсіз, қаша алмайтын) ұстап, терісін сыпыруға болмайды;
* олардың індерінің үстіне отырмау не аяқ киімсіз жүрмеу керек;
* ауру белгілері пайда болғанда дереу дәрігерге хабарласқан жөн.
«Сақтансаң, сақтармын» дегендей, біз оба ауруының бар екенін, оның қандай қауіп-қатер, қайғы-қасірет әкеліп, елімізге қаншалықты экономикалық зиян шектіретінін еш уақытта ұмытпағанымыз ләзім.

Ж.МУСАҒАЛИЕВ,
Атырау обаға қарсы
күрес станцияның
эпидемиолог-дәрігері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*