ОҢ ҚАДАМ, ЖАНДЫ ІС АЛҒА БАСТАЙДЫ

Әдетте, өндіріс  тиімділігі ұтымды ұйымдастыру мен  өзекті  мәселелерді дер   кезінде шешумен бағаланады. Басқарма басшылығы бұл орайда ауқымды жұмыстар атқарып, кәсіпорынның алға жылжуына барлық жағдайларды жасап отыр. Т.Қасымов атындағы стансада  отыз жылдан бері пайдаланылып келе жатқан насостық  агрегаттар жаңа үлгідегі қондырғылармен ауыстырылған. Сондай-ақ Мақат мұнай айдау стансасында «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры арқылы мұнай айдау жұмыстары үшін күрделі жөндеу жүргізілді.

«Біздің басты мақсатымыз – өндіріс қарқынын төмендетпеу. Сол себепті ұтымды нәтижеге қол жеткізу үшін қолда бар мүмкіндіктерді толықтай пайдаланамыз. Мәселен, 2000 жылдан бері бірнеше жаңа резервуардың құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. Отыз цистернаға арналған  Т.Қасымов атындағы стансадағы №2 темір жол құю, толтыру эстакадасы іске қосылып, алпыс цистернаға №1 темір жол құю, толтыру эстакадасы күрделі жөндеуден өткізілді. Осы аралықта «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбыры учаскесінің  172 шақырымына, Т.Қасымов атындағы стансаның 20 шақырым, АМӨЗ-ның 663 шақырымына құрылыс жұмыстарын жүргізіп, аяқтадық. Бұған қоса, «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры магистралінде «Реверс-Аверс»  циклдік режиміндегі жобасы бойынша  құрылыс жұмыстары аяқталды» деп аталған басқарманың бас инженері Арыстанбек Джангиров өз ойын ортаға салды.

Арыстанбек Джангиров бұл басқармада 2000 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Алғашқы еңбек жолын қатардағы машинист болып бастаған жас маман, бұл күні тәжірибесі мол, білікті, кәсіби шеберлігі шыңдалған инженерге айналған. Өзіне тапсырылған іске деген жауапкершілігінің, мамандығын терең игерген ізденгіштігінің арқасында көптеген жауапты қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Ол осы басқарманың бас инженері болып тағайындалғаннан бері өз міндетін мінсіз атқарумен бірге, өндірісті дамытудың жаңа техникалары мен үздік технологияларын енгізуде, ұжымның жұмыс қабілетін арттыруда үлкен  ұйымдастырушылық қабілетпен жұмыс жасап келеді. Тынымсыз еңбектің өз жемісін берері белгілі. Осы орайда Арыстанбек Назымұлының өрелі істері елеусіз қалған емес. Қазақстандағы тұрба құбыры тасымалын дамытудағы қосқан еңбегі және жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін «ҚазТрансОйл» АҚ-ына 10 жыл» төсбелгісімен марапатталып, Орталық аппараттың алғысына ие болды. «Біз басшымыздың жігерлілігіне, мәселені оңтайлы шешетін ептілігі мен білімділігіне риза боламыз» дейді әріптестері. Көптің берген бағасынан артық дәреже жоқ. Қиын да, жауапты міндетті мінсіз атқарып жүрген азаматтың аяқ алысына біз де риза болдық.

Мемлекет басшысының ұсынып отырған басты міндеттерінің бірі жергілікті мамандарды дайындау болып отыр. Осы орайда 1162 адам еңбек ететін бұл кәсіпорындағы кадр мәселесі жөніндегі сауалымызға бас инженер былайша жауап берді: «Кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі бізде оңтайлы  шешілген. Ақтау қаласында оқу курстық комбинаты жұмыс жасайды. Сол жерде біздің мамандар жүйелі түрде біліктіліктерін шыңдап келеді. Бұған қоса, инженер-техник қызметкерлер Энергетика және байланыс институтында, Қазақ-Британ техникалық университетінде «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жасаған келісім-шарты бойынша үнемі білімдерін жетілдіріп отырады. Бұл бастамалардың барлығы да – жұмыс сапасын арттыруға септігін тигізетін шаралар».

Басқарма алдындағы бүгінгі күнгі тұрған міндеттер айқын, мақсат белгілі. Қытай Халық Республикасы бағытына мұнай тасымалдау мүмкіндігін жақсарту мақсатында 663 шақырымға мұнай айдау стансасын кеңейту және күрделі жөндеу жобасы басталуда. «Астрахан-Маңғышлақ» су құбыры арқылы Атырау облысындағы салынып жатқан газохимия кешеніне, Жаңаөзен қаласына су жеткізу көлемін ұлғайтуға бағытталған тағы бір үлкен жобалау жұмыстары қолға алынған. Тұғыры берік Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі жарқын болашағына басқарма ұжымы осындай жақсы жетістіктерімен, зор ұйымшылдықпен өз үлестерін қосып келеді. Осындай оң қадам, жанды істерді Атырау мұнай құбыры басқармасы  Тәуелсіздік күніне арнаған сый ретінде бағалайды.

Ағиба  Қатешова.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*