Оңайша Мандоки: Венгрияда сыйлы қонаққа «бас беру» жоралғысы сақталған

Мажарстандық түрколог, қоғам қайраткері Иштван Қоңыр Мандоки бүкіл саналы ғұмырын мажарлар мен түркі халықтарының туыстас, бауыр екенін дәлелдеумен өткізген ғалым. Еуропа қиырында жүрсе де, түркінің алтын бесігінде қалған қазақтарды, Атамекенді аңсап, бойында бабаның тектік сарыны жайлаған ғалым небір құнды дүниелерді мирас етіп қалдырды. Бүгінде сол Қоңырдың ізін жалғап, ғалымның хатын өшірмей насихаттап жүрген жандардың бірі – жұбайы, Мажарстандағы қазақ диаспорасының төрайымы, Атырау облысының тумасы Оңайша Мақсымқызы Мандоки.

28945327_410392282717492_362485527_o

 

Ендеше, Оңайша апайдың Атырауға келген сәтін пайдаланып, сұхбаттасудың реті келді. Кездесу барысында шетелдегі қандастарымыздың ахуалы, тірлік-діңгегі әңгіме арқауына айналды.

Атамекен Қазақстан, соның ішінде Атажұрт Атырауға қош келдіңіз! Бүгінде Сіз Венгриядағы қазақ диаспорасына жетекшілік етесіз. Ол жақтағы қандастарымыздың тыныс-тіршілігі жөнінде не айтасыз?

– Алдымен Наурыз мерекесімен алтын бесігімдегі қазақ бауырларымды құттықтаймын. Менің шетелде жүргеніме 38 жыл болды. Бүгінде Венгрияда қазақ ұлтынан 200-ге жуық отбасы тұрады. Ол жерде тұратын қазақтардың өмірі жаман емес. Әр салада жемісті жұмыс істеп жүр. Әсіресе, қазақ студенттерінің білімге деген талпынысы көңіл қуантады. Біз Елшілікпен бірлесе отырып, олардың басын қосып түрлі шаралардың өтуіне ұйытқы болып жүрміз. Әрине, Венгрияда білімді һәм талапты болсаң болды, кез келген жерге сіңісіп кетесің. Ешкім кедергі жасамайды.

– Мажарстандағы қазақтардың шешімін таппаған қандай түйткілді проблемалары бар?

– Шынын айтсам, қандастарымыздың көбі венгр тілімен қатар орыс тілінде сөйлейді, орысша тәрбиеленген жастар. Ал, қазақы тәрбиедегі жастардың саны саусақпен санарлықтай. Көпшілігінің айтатыны – «бізге қазақша үйрететін мектеп болса екен дейді, жаңалықтарын үнемі көрсек»,-дейді. Біз олардың қажеттіліктерін өтеуге барынша жұмыстанып жатырмыз. Мен отандастарымды көрген жерде «балаларыңды қазақша тәрбиелеңдер, қазақ тілінде сөйлеңдер» деп үнемі айтып жүремін. Себебі, өз ұлтымызды, тілімізді сыйлай білсек, басқа ұлт та бізді сыйлайды.

Түбі түркіден тараған мажарлар мен қазақтардың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігінде ұқсастықтары қандай?

–   Ұқсастықтар өте көп. Мысалы, менің қасымда жүрген мажарлардың өздері домбыра тартады, қазақша ән айтады. Қыпшақтарды, мажарларды және қазақтарды біріктіретін мәдени, ғылыми байланыстар. Будапешт – үлкен қала ғой. Оның аймағында екі жер бар: Ұлы Қыпшақ пен Кіші Қыпшақ жері. Бұл өлкеде тұратын қыпшақтарда әлі күнге дейін сыйлы қонаққа бас беру, табақ тарту жоралғысы сақталған. Бұл мұқым Еуропа жерінде тек Мажарстанда ғана бар. Демек, қазақтың қонақ күту салтындағы ерекшеліктер Қыпшақтарда да кездеседі. Бұл түркі халықтарының өзара ұқсастықтары деп ойлаймын.

Сондай-ақ, аламан бәйге, көкпар тарту, қыз қуу ойындары мұнда да бар. Киімдегі ою-өрнектерден де бір сабақтастықты аңғаруға болады. Адам есімдері мен жер-су аттары түркі халықтарының тілінде сақталып қалған. Бір күні маған жас жігіт келді. Тұқымы – қыпшақ екен. Ал, тегі – Қарач. Менен өз тегінің мажар тілінде ешқандай мағына білдірмейтінін айтып, себебін сұрады. Мен оған тегінің қыпшақша «Қара ағаш» деген сөзден шыққанын түсіндірдім. Кейін ол жігіт үйленіп, балалы болғанда, маған ұлының есімін қоюды өтінді. Мен сәбидің атын Бейбарыс деп қойдым. Олар ұлын қазақы әдеп-ғұрыпты сақтап, қырқынан шығарды, бесікке салды, тұсауын кесті. Бір сөзбен айтқанда, қазақи болмыста тәрбиелеп келеді. Шүкір, жастардың бойында талпыныс бар.

– Венгрияда қазақтардың әдебиеті мен мәдениетін насихаттау жұмыстары қалай жүргізілуде?

Жуырда Будапешттегі Орталық кітапханаға көптеген қазақ ақын-жазушыларының, атап айтқанда Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев секілді заңғар тұлғалардың кітаптары келді. Бұған Елшілік үлкен қолдау көрсетті. Сөйтіп, кітапхананың бір жақ бөлімі қазақ диаспорасына арналды. Бұл ұлттың тарихын зерделеп, әдебиеті, мәдениетімен танысамын деген жастарға үлкен мүмкіндік қой.

– Еуропа десе – көз алдымызға сәулетті қала, әлеуетті адамдар елестейтіні рас. Венгриядан үйренеріміз қандай?

Венгрия халқы – білімге өте құштар. Ол жерде талабың, талантың қатты ескеріледі. Күндестік деген атымен жоқ, адамдар бір-біріне көмектесуге әзір тұрады. Байлыққа қызықпайды, кімнің қандай үйі, көлігі бар, ол маңызды емес. Аста-төк астамшылдыққа жандары қарсы. Ақшаның қадірін біледі. Үнемдегенді жақсы көреді. Міне, венгриялықтардың күнделікті тұрмысындағы осындай қағидаттар қазақтың да бойынан табылса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет. Аман жүріңіз!

Сұхбаттасқан: Айдос Қарабала

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*