Қоғамның бітеу жарасы көп болып күрескенде ғана жазылады

«Кәсіби мерекелерді, Жаңа жылды кейбір лауазымды басшылар асыға күтеді. Оларға күні түскен адамдар, бизнесмендер түрлі кәрзеңкелермен кіріп жатады. Мұның құны 150-200 мың теңгеден кем болмайтынын бәріміз де білеміз. Осындай сыйлық алған шенеуніктердің алдағы уақытта қиын жағдайда қалатынын ескерткім келеді. Аз көлемде болса әкімшілік, екі айлық есептік көрсеткіш көлемінен, яғни 4242 теңгеден асса қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондықтан, басшылар алған сыйларын 7 күннің ішінде мемлекетке тапсыруы қажет. Өйтпеген жағдайда бұл пара болып саналады» деді еліміздің мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев.

Қала, аудан әкімдері, құқықтық құрылым басшылары, мемлекеттік орындар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері жиналған «Атырау» мәдениет кешеніндегі кеңесті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жүргізіп отырды.

%d2%9b%d0%be%d2%93%d0%b0%d0%bc%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b1%d1%96%d1%82%d0%b5%d1%83-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%81%d1%8b

Салдарымен емес, себебімен күреседі

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның бітеу жарасы. Онымен күресте, мәселен Қытай өлім жазасын қолданып, қатаң шаралар қабылдайды. Түйені түгімен жұтқандардың қолын шабатын немесе дүре соғатын елдер де бар. Ал, Қазақстан теріс құбылыстың салдарымен емес, себебімен күресуге, алдын алуға, келеңсіздікке қарсы мемлекет пен қоғамды біріктіруге күш салуда.

– Жемқорлықтың мемлекеттік құрылымға, ұлттық қауіпсіздікке келтіретін үлкен қаупі бар. Сондықтан, оның тамыр жаюына жол беруге болмайды. Осы мақсатта республикамызда әлемнің озық тәжірибелері өмірге енгізілуде. Бұрын жемқорлыққа қарсы күрес саясатында қозғалған қылмыстық істер мен зардабын жою мәселесіне маңыз берілетін. Қазір жемқорлық құқықбұзушылықтың себебі, оған жол берудің жайы басым бағыт саналып отыр, – деді агенттік төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев.

«Бармақ басты, көз қысты» жағдайға қарсы елімізде кешенді шаралар алынуда. Тиісті заңдар қабылданды. 2025 жылға дейін есептелген арнайы стратегия жасақталып отыр. Тәуелсіз құрылым қайтадан құрылып, жұмысын жүргізуде. Бастысы,  келеңсіздікті ауыздықтауға саяси ерік-жігер жеткілікті. Соның нәтижесінде, үкіметтік емес ұйым – «Трансперенси Интернешнл» агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты рейтингінде Қазақстан бірден 17 орынға алға жылжыды, осылайша 123-тұғырға табан тіреуде. Мұның өзі үлкен көрсеткіш. «Дегенмен, оған тоқмейілсуге болмайды. Осы мақсатта негізгі бағыттар бойынша жұмыстар жүруде» деді Астанадан келген мәртебелі мейман.

Қай салада жемқорлық көп?

Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдеріне тоқталған Алик Шпекбаев қоғам дертіне қарсы саясат, оған ықпал ететін жағдайлар туралы баяндады. Сонымен қатар, келеңсіздік көбірек орын алатын құрылымдарды атап өтті. 2013 жылы елімізде құқық қорғау, сот салаларында жемқорлық жиі кездессе, қазір ол мемлекеттік сатып алумен айналысатын құрылымдарда көбірек орын алады.

– Бүгінде мемлекеттік салада қызмет ететіндер заң алдында бәрі бірдей екендігін, қылмыс жасаса ешкім де жазасыз қалмайтындығын ұғуы тиіс. Теріс жолға түскендер, ең алдымен өзінің отбасын, туғандары мен жақын-жуығының ертеңін ойласын. Оларды уайымға салудың керегі бола ма? – деді агенттік басшысының орынбасары.

Лауазымды басшылар кейбірде ала жіпті қалай аттағанын аңғармай қалатын секілді. Соған мысал боларлық көрсетілген бейнекөрініс жиынға қатынасушыларға үлкен әсер етті. Мәселен, бір шенеунік қарауындағы адамнан 3 мың теңге мен аяққа киетін сүйретпе аламын деп қазір бармағын тістеп отыр. Ол осы әрекеті үшін кінәлі болып, 2 миллион теңге айыппұл төледі. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметте еңбек ете алмайтын жазасы тағы бар. 2015 жылы 660 шенеунік осындай заңсыз ісі үшін үлкен көлемде айыппұл төлепті. 924-нің мүлкі тәркіленіп, 1210 лауазымды тұлға мемлекеттік қызметпен мәңгілікке қоштасқан.

%d2%9b%d0%be%d2%93%d0%b0%d0%bc%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b1%d1%96%d1%82%d0%b5%d1%83-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%81%d1%8b-2

Ізгілендіру – оң тәжірибе

Жемқорлыққа қатысты жазаны ізгілендіру – өркениетті елдердің тәжірибесі. 1997 жылы Қазақстан «түрме халқының» саны жағынан әлемде үшінші орыннан көрінген. Қазір ол көрсеткіш 30-ға кері шегеріліпті. Мұның экономикалық жағынан да тиімділігі бар. Бір сотталушыға жылына 700 мың теңге жұмсағаннан гөрі, қаржыны әлеуметтік салаға бағыттаса біраз мәселенің түйіні тарқатылар еді. Осындай жайларға тоқталған агенттік төрағасының орынбасары сыбайлас жемқорлықтың мемлекетке келтіретін кеселі туралы әңгімесінде бейнекөрсетілім, слайдтарды көбірек қолданды. Сондықтан да оның әсері зор болып көрінді. Кезінде құлқынын ойлап, теріс жолға түскендер бүгінде темір тордың арғы жағында отырып, жасаған істеріне қатты өкінетіндерін айтты. Бұрынғы әріптестерін, лауазымды тұлғаларды мұндай әрекеттерге бармауға, заңды бұзбауға шақырды.

Мемлекеттік қызмет туралы да мазмұнды әңгіме айтылды. Бұрын әкімдер орынтағын ауыстырса, командасымен көшіп жүретін. Қазір ол келеңсіздік жойылып келеді. Басшымен бірге заңдылықта көрсетілген санаулы адамның ғана қызмет орнын өзгертуіне құқығы бар. Жаңаша талаптың нәтижесі көріне бастады. Командалық көшу 27 есеге азайған. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 20-40 пайызға өскен. Алик Шпекбаев осындай оң өзгерістермен қатар, олқылықтардың да барын жасырмады. Ел сенімін арқалағандардың арасында алдау-арбау, ұрлық, бұзақылық секілді қылмыс жасайтындар да бар болып шықты. Жаңа туған нәрестені 5 мың долларға саудалаған атыраулық перзентхана қызметкерінің жаға ұстатқан қылмысы соған мысал ретінде келтірілді.

Ұтымды ұсыныс, келелі кеңес

Алқалы жиында Индер аудандық мәслихатының хатшысы Бағдат Сапаров мемлекеттік қызметшілердің мәртебесіне қатысты пікір білдірді.

Ал, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың мәніне назар аударды.

– Бүгінгі жиынның өзектілігі мен маңыздылығы өте жоғары. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар туралы Елбасы Қазақстанның дамуына мүмкіндік беретін «100 нақты қадамда» атап көрсеткен болатын. «Бізге кәсіби мемлекет құру керек. Елді алға жылжытатын қазақстандықтар сияқты, өзінің лауазымдық міндеттемелерін адал, абыройлы, кіршіксіз таза, бюджеттен бөлінетін қаражаттың дер кезінде игерілуін қамтамасыз ететін, тиімділігін арттыратын этикалық нормалары жоғары азамат болуы тиіс» деген еді. Сондықтан, мемлекет басшысының берген тапсырмаларын жүзеге асыру тек арнайы мемлекеттік орындар, құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, әрбір қазақстандықтың абыройлы борышы болуы қажет, – деді аймақ басшысы.

Жиналыстан соң мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Азамат Базарбаев

Суреттерді  түсірген:

Әнуар  ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*