Қоғамдық пікір ескерусіз қалмайды

Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қоғамдық кеңестің міндетін айқындап берген еді. Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын жұмысын бастаған кеңес бірнеше маңызды мәселенің шешімін табуына ұйытқы болды. Десек те, өңірдегі проблемалардың түйінін тарқатуға қандай үлес қосуда? Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов атқарылған жұмыстармен қатар алдағы ауқымды жоспарларға тоқталды.

__о__амды__ п¦к¦р ескерус¦з __алмайды

Қоғамдық кеңес өңірдегі күрмеулі мәселелерді көтеріп, аймақ басшысының назарына ұсынды. Әсіресе, полигон салу, жер дауы, каналдар жайы, жолаушылар тасымалы, медициналық көмек және тағы да басқа өзекті проблемалар күн тәртібінен түспейді.

– Қоғамдық кеңестің басты ұстанымы – дербестік, жариялылық. Яғни, салалық ведомстволарға бағынбай, жұртшылық көкейіндегі келелі мәселелерді облыс әкіміне жолдайды, қажет болған жағдайда министрлікке, сотқа жүгінеді, – деген Мұрат Сақтайұлы кез келген адам оған мүше бола алмайтынын жеткізді. Талап бойынша ынта білдіріп, арыз жолдағанның бәрі бірдей кеңеске өте алмайды. Міндетті түрде үміткердің білімі, тәжірибесі қаралады. Мысалы, бұған дейін қоғамдық кеңеске мүше болуға елуге тарта үміткерден өтініш түссе, соның 21-і ғана құрамына өткен. Сондай-ақ, ұйым мүшелерінен төрт тұрақты комиссия құралған. Үш ай сайын оның отырыстары ұйымдастырылып, тұрғындардың арыз-шағымдары тыңдалады.

– Жасыратыны жоқ, Атырау қаласындағы қоқыс төгетін полигондардың жайын жергілікті жұрт жақсы біледі. Пластиктер өңделмейді, қалдықтар үйіндіге айналған. Бұл жайт бір жүйеге келтірілмеген. Сол себепті, біз оны аймақ басшысына ұсындық. Күні бүгінде облыс орталығынан полигон салу мәселесі қолға алына бастады. Сең қозғалды, – деді одан әрі Мұрат Сақтайұлы.

– Ақ Жайықты сөз еткенде «су маржандарын» айналып өтуге болмайды. Өзеннің «тамағын» құм басып кетуі салдарынан балықтар теңізге өте алмайды. Құрманғазы ауданында судың жеткіліксіздігі байқалады. Каналдардың жайы да мүшкіл. Бақсай, Алғабас, Нарын және тағы басқаларының жағдайы сын көтермейді. Осы орайда облыстық әкімдік 14 каналдың он екісін аймақ меншігіне алуды  қарастырып  жатыр.

Жер мәселесі де ұдайы  назарда  ұсталады. Аймақта 86 мың адам жер алу кезегінде тіркеуде тұрса, бүгінгі таңда оларға қала ішінен телім беру мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, Алмалы, Талғайраң ауылдық округтерін облыс орталығына қосу жайы күн тәртібіне ұсынылып отыр. Бұдан басқа жол жайы да назардан тыс қалмақ емес.

– «Жол азабын жүрген біледі». Мұнайлы өлкедегі жолдардың басым бөлігі жарамсыз. Әсіресе, бұл проблема Қызылқоға, Исатай, Құрманғазы, Индер аудандарында ушығып тұр. Балқұдық, Сүйіндік, Азғыр елді мекендерінде жол жағдайы тым нашар. Бұл ретте тағы бір проблеманың беті ашылады. Қалада жолаушылар тасымалы біртіндеп ретке келтірілгенмен, оқушыларды тасымалдауда әлі де «әттеген-ай» дегізетін тұстар көп-ақ. Біздегі ахуал қандай? Таңертеңгілік мезгілде олар мектепке тегін қатынаса, түстен кейін баратын қосымша сабақтары немесе үйірмелерге жету мұңға айналғандай. Кондукторлар олардан жолақысын талап етеді. Кейде тіпті мүлде көлікке мінгізбей кетеді. Әр үйдің бұрышын автотұраққа айналдырған заңсыз таксилер қауіпсіздікті тіптен ойламайды. Шын мәнінде, мұндай қызмет түрін ұсынғандар оған мінген адамның да өміріне жауап беретінін естен шығармауы тиіс, – деген Мұрат Сақтайұлы денсаулық сақтау саласында олқылықтар бар екендігін жасырмады. Өкінішке орай, тұрғындар скринингке селқос қарайды. Ал, оның түрлі аурулардың алдын алуға, дер кезінде анықтауға көмегі зор. Дәрі-дәрмектер бағасына бақылау жоқ. «Медицина» АҚ-нан басқа дәріханалар жекеменшіктің иелігінде.

«Жақында Ресейдің Самара қаласында 200 рубль тұратын дәрінің біздің қалада 10 мың теңгеге сатылатынын анықтадық. Сонда әркім қалаған бәсті қоя бере ме?»  дейді ол.

Брифинг барысында журналистерді қоғамдық кеңестің ықпалымен шешімін тапқан мәселелер көбірек қызықтырды. Айтпақшы, ұйымның арнайы сайты, әлеуметтік желіде парақшалары жұмыс істейді. Кез келген тұрғын көкейдегі сауалдарын жолдап, толыққанды жауап алуға мүмкіндігі бар.

Амандық Абдолов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*