ОҢАЙ ОЛЖА ОПЫҚ ЖЕГІЗДІ

 Арзан пәтер. Орындалмаған арман

Дәмелі деген келіншектің жасы биыл 35-ке шығады. Дегенмен, осыған дейін ол тағдырдың біраз дәмін татып үлгергенге ұқсайды. Бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сот алғашқыда шартты жаза белгілесе, одан қорытынды шықпаған соң бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Заңның қаталдығы, әңгіме кейіпкерін «сүйікті» ермегінен бәрібір айыра алмаған көрінеді. Ол  адамдарды  алдап, арбаған алаяқтық кәсібі болатын.

«Балықшының балықшыны алыстан танитыны» рас секілді, Дәмелі өзінің Айгүл атты құрбысын тез тауып алады. Ол да талайды көрген, әртүрлі мерзімге сотталып, жазасын өтеп келген жан еді. Екеуі 2012 жылдың қысында кең отырып  ақылдасады. Мақсаттары – «мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлерден қолжетімді пәтер алып береміз» деп жұртты алдау. Осылайша, іске қызу кіріскен олар алғашқы құрбандығын ««Нұрсая» мөлтекауданындағы жаңа үйден үш бөлмелі пәтер дайын тұр, 1 миллион теңге берсең, шаруаңды үйлестіріп береміз» деп алдайды. Сөздерінің «шын» екендігіне көз жеткізу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесіндегі таныс есімді әлденеше айтып, еске салып қояды.

Баспанаға мұқтаж жан қабырғасымен кеңессе керек, 700 мың теңгені нотариустың куәландыруымен алаяқтардың алақанына салып береді. Арада аз уақыт өткенде олар «пәтер дайын, енді кілтін аласың» деп қалған 300 мың теңгені де қақшып алады. Қалтаға түскен қаржыны екеуі қылдай бөлісіп, келесі жемтіктерін аңдуға кіріседі. «Жақында қоныстойын тойлаймыз» деген әлгі тұрғын алақанын ысқылап қала берген. Дегендеріне қол жеткізгеннен соң қулардың онымен ісі де болмаған еді.

Екінші жәбірленушіге қаланың С.Датов көшесінің бойында салынып жатқан үйден екі бөлмелі пәтер алып беруге уәде етіледі. Келісімнің құны… келісім бойынша. Алдымен пысықайлар 750 мың теңгені сытырлатып санап алады. Бір айдан соң 150 мың теңгені қалтаға басады. Арада тағы аз уақыт өткеннен соң 600 мың теңге сұрайды. Осылайша, «құжатқа шұғыл ақша керек, көмектесетін адамдарымыз қаржы сұратып жатыр» деп арзан пәтер алуды ойлаған адамды әбден сазға отырғызады. Құлқыннан өткен ақшаның көлемі 1 млн. 900 мың теңгені құрайды. Бірақ, оңай келе қоятын дүние жоқ.

Осы тұста Дәмелі кезекті «жемтігін» шыр айналдырып жатқан. Әп дегенде одан нотариус арқылы бір миллион теңге алады. Бұдан соң 200 мың теңге, 400 мың теңге, тағысын-тағы болып жалғасып, қалтаға түскен ақшаның көлемі 2 миллион теңгеге бір-ақ жетеді. Алайда, бұл жолы да пәтер жоқ, уәде де орындалмаған еді.

Әрі қарайғы әңгіменің желісі шытырманды шығармаға ұқсайды. Тұрғындар өздерінің алданғандарын біліп, алаяқтарды қыспаққа алғандарында олар жандәрменмен түрлі амал-айла ойлайды. Бірақ, шағымданушылардың арыздары әділет орындарына да жеткен болатын. Сол бойынша күдіктілер жауапкершілікке тартылды. Істі қараған Атырау  қаласының №2 соты кінәлілерді төрт жыл жарым мерзімге соттады. Оларға жәбірленушілердің  шығынын өтеп беру   міндеттелді. 

Сенемін  деп сергелдеңге  түсті

    Сотта қаралған екінші істің кейіпкері Гүлайым да – қазақтың қарапайым қызы. Алайда, оның тірлігі де жиіркенішті. Ол өзінің Аслан есімді серігімен бірге меншікке қарсы «ауырлығы орташа» және «ауыр» санаттағы бірнеше қылмыстарды жасады деп айыпталып отыр.

 Алаяқ «үлкен жорығын» алдымен жергілікті тұрғынды «К.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің колледжі ашылайын деп жатыр, соған күзетші етіп аламын» деп алдап, 20 мың теңгесін қалтаға басудан бастайды. Осы колледж ашудың «жырымен» ол талай адамды шаң қаптырады. «Қашпаған қара сиырдың уызын ішкізіп», болашақ оқу орнының «басшысы» ретінде жұртты жұмысқа алуға уәде береді. Бірінде аспаздық жұмысқа алмақшы болып 15 мың теңге алса, екінші жағдайда бір үйдің балаларынан 40 мың теңгені иемденеді. Алайда, алаяқ аз көлемдегі ақшаны қомсынса керек, ол енді ауызды әріге салады.

      «Несие алып берсең, өзім төлеймін» деп құрбандығын «айналдырған» Гүлайым оған Атыраудағы «Каспий банктен» 500 мың теңге алдырады. Ал, келесі адамға «колледждің асхана жұмыстарын жүргізуге құрылыс материалдарын алуым керек. Соған 500 мың теңге берсең, ертең асхананы өзің жалға алып пайдаланасың» деп ұсыныс айтады. Оны қалай сендіргенін кім білсін, ер адам банктен алған несиесін «қамқоршысының» қалтасына салып береді. Біреудің қызын «К.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсіріп беремін» деп алдап, 150 мың теңгесін иемденсе, тағы біреуге «Банк Хоум Кредит» арқылы ноутбук алдырады. Әрине, әңгіме кейіпкерінің бұдан кейін де «құрылысқа ақша керек», «контейнер сатып аламын», тағысын тағы дәлел айтып, бірнеше адамды алдап соққаны бүгінде белгілі болып отыр. Бір қызығы, тұрғындар қаннен-қаперсіз, еш алаңсыз маңдай терімен тапқан бар ақшасын алаяққа беріп отырған. Оның дәніккені сонша, бір амал-айладан соң екіншісін ойлап тауып, ойына келгенін жасапты.

Қулығына құрық бойламайтын айлакер әйел ақыр соңында заң алдында жауапқа тартылды. Дегенмен, екі асап биге шықпақшылардың әрекеті (белгілі себептермен әңгіме кейіпкерлерінің аты өзгертіліп отыр) көпшіліктің сенімдеріне сызат, көңілдеріне дақ түсірді. Өкініштісі де осы болып тұр.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*