Әнші Татьяна атыраулық тыңдармандары алдында есептік концертін ұсынды.

Жетпісінші, сексенінші жылдары қазақтың әнін нақышына келтіре орындап, халықтың ықыласына бөленген орыс қызы Татьяна Бурмистрованың есімін аға буын жақсы біледі. Өткен жылы Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әншінің сахнадағы шығармашылығына 30 жыл толды. Биылғы жылы әншінің өзі асқаралы алпыстың белесіне шыққалы отыр. Осыған орай, мерейтой аясында әр өңірде концертін беруде. Өткен аптада әнші Татьяна Махамбет атындағы қазақ драма театрында атыраулық тыңдармандары алдында есептік концертін ұсынды.

Татьянаны__ __н¦

Концертті халықпен бірге облыс әкімі  Нұрлан Ноғаев та тамашалады. Кеш барысында аймақ басшысы өнер иесін мерейлі жасымен құттықтай отырып, «Үш Татьяна» триосы арқылы танылған әншіні бала кезден бері білетінін айтты.

– Татьянаның ән орындауына қызығып, домбыраны үйренген едім.  Сіздің концертіңіз бәріміз үшін адамгершіліктің үлгісіндей болды. Әдемілік, өнер  әлемді құтқарады. Әсіресе, бұл құндылық қазіргі кездегі жас пен аға буынның арасындағы кейбір қарым-қатынасқа байланысты айтылып тұрғандай. Сіздің қазақтың құндылығын дәріптеуге қосып жүрген үлесіңіз ұшан-теңіз. Әсіресе, халқымыздың төл өнеріне деген құрметіңізге тәнтімін, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Көрнекті композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақанов әншінің жүрегінің, жанының тазалығына мән бере сөйледі.

– Мен Татьянаны көптен бері білемін.  Оның  шығармашылығын сыйлаймын. Бүгін әндерін де сағынып қалыппыз, бәрінен бұрын араға жылдар салса да өнер әлеміне қайта оралып, халық қазынасын дәріптеп жүргені үшін қуаныштымын, – деп   мерейтой иесіне шығармашылық табыс пен мықты денсаулық тіледі.

Дәстүрлі әнші бұл жолы  өнерге  жұмсаған  30 жыл уақытын сөзбен емес, әні арқылы жеткізді. Халықтың төл туындыларын-термелерін нақышына келтіре орындады. Меңгерген мамандығы дәрігер болғанымен, жасынан қазақы әндерге құмартып, оны шебер орындайтын әнші кеште Мұқағали Мақатаевтың, Кенен Әзірбаевтың сөзіне жазылған әндерді, Шернияздың термесін, әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі халық  әндерін шырқады.

Концерт барысында Татьяна Бурмистрова қазақтың қара өлеңін мәнерлеп оқып, өзінің өмір жолында кездескен қызықты жайттарды да әңгімелеп берді.

Ән кеші екі сағаттан астам уақытқа созылды. Залға жиналған тыңдарман әр әннен зор әсер алғаны хақ.

Татьяна БУРМИСТРОВА,

 Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші:

– Тіл – адамның ішкі жан-дүниесін сыртқа шығаратын құрал. Ал, терменің ішіндегі сөздер – маржан, сөздің маржаны. Маржан дегеніміз – судың бетінде емес, тереңінде жатады. Сондықтан, оны теріп айту үшін өзіңе сондай қасиет дарымаса, оқуменен шектелу мүмкін емес. Енді Құдайдың маған берген дарыны, қасиеті болар, киелі туған жерімнен дарыған қасиет шығар, әйтеуір, мәнерлеп айтуға тырысамын. Ән айтқанда ол менің тамағымнан  емес, жүрегімнен шығып жатқан секілді.

Нұргүл Ысмағұлова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*