Әннің де естісі бар, есері бар…

Өткен ғасырларда қазақтардың өмірі мен тіршілігін зерттеген ғалым-фольклористер, өздері басқа ұлт пен мәдениет өкілдері болса да, қазақ халқының ерекше тапқырлық,  шешендік және музыкалық талантына, халықтың шығармашылыққа,  сазгерлік-ақындық импровизацияға қабілеттілігіне таң қалумен болған. Ұлы далада өнер иелерін патшалармен, әйгілі мемлекет қайраткерлерімен және ірі қолбасшылармен қатар  қойып құрметтеген.

pogudx1950lssqjop8.1a2d9530

Қазіргі сахна және көрермен

Бірақ,  қазіргі  қазақ  сахнасы  мақтану мен мадақтау алаңына айналғандай! Киелі орында даусы бар таланттылар да, дарынсыздар да төбе көрсетіп жүр.  Бір бейнебаяны бар адам әнші мәртебесіне ие болуы өнердің арзандап кеткеніне дәлел емес пе? Қазақ өнерінің корифейлері сапындағы Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжановтарды могиканның соңғы тұяғы деп атауға болатыны ащы да болса шындық.

Көрермендерді жалықтырған бір сарынды «махаббат әндері» толастар емес. Ал, көрермен әншіден тың дүниені, ерекшелікті күтеді.  Өз сахнасынан жаңашылдық таба алмаған халық оны өзгеден іздеуге тырысады.  Ал, әншілер оған ренжіп, күйініп, тыңдармандар жоқтығын айтып дабыл қағады.  Бірақ, өнер үшін жанын қияр нағыз таланттар қашан дүниеге келеді? Қашан  көрерменді өнермен сусындатады? Халықты осы сұрақ ойландырады.

«Құр айқай бақырған,

Құлаққа ән бе екен?

Өнерсіз шатылған

Кісіге сән бе екен?» – осылай деген Ұлы Абай.

Бүгінде көп әншілер әсем әнмен құлақтың құрышын қандырудың орнына, жыларман әуенмен жүрегіңді айнытады. Өнерсіздің «өнер иесімін» деп айтуы сәнге айналды. Ақшасын төлеп, газет-журналдарға сұхбат беріп, атақты болып жүргендер жетерлік.

Өзі сөзі мен әуенін жазып, өзі орындайтын «бесаспап» әншілер туралы не деуге болады? «Әннің де естісі бар, есері бар» дегенде Абай осыны ескерткен шығар-ау.

«Жағымды сезім оятатын музыка демалыс үшін қолданылады, ол бізді жақсы тынықтырады» дейді Әл-Фараби. Бүгінгі әндердің көбі осы қағидаға сай емес. Керісінше, шаршатады. «Ән адамның жан сезімін оятып, жүректің ең нәзік қылын қозғайды» деген екен А.В.Свешников. қазіргі мәнсіз әндер жүректің қылын емес, адамның жынын қозғайды. Сондықтан, әр әнші айтар әнінің сөзін ақындарға тексертіп барып айтса, өнердегі қойыртпақтар азаяр еді…

Талап пен талғам

Қытайдың «I am a singer» байқауында бағын сынаған Димаш Құдайбергенов қазақ халқының әнге деген талғамын өзгертті десе болады. Осыған дейін табиғи дауыс пен фонограмманы ажырата алмай келе жатқан жұрт енді  әнді таңдап,  әншіге өзіндік көзқараспен қарай алатын дәрежеге көтерілуде. Әрине, шын талант ерте болсын, кеш болсын бағаланатыны кәміл. Әнге қойылар талап өзгергесін, әншіге де көрермен ұстанымы өзгереді.  Сын болған жерде өсу де, өшу де болады. Әншілерге артылар жүк ауырлағаны анық. Олар біртіндеп табиғи дауыста ән айтуға көше бастады. Бұл бізді қуантады.

Қызға ұқсаған жігіт көбейді

Тағы бір жаңа формат. «Ninety one» тобы. Осы сөз естілгенде көз алдымызға оралатыны – түрлі-түсті шаш қойып, сырға тағып, қызға ұқсаған жігіттер. Анығырақ айтқанда, қоғам көзқарасына іліккен сонау Корея толқынымен келіп жеткен – «тоқсан бірліктер». Қазақ сахнасына, өнер тарихына, қоғамға өзгеше жаңалық әкеліп, сонымен қоймай, тыңдармандарын да жинап үлгерген топ. Дегенмен, біз білетін музыкалық мәдениетті жаңа толқынмен салыстыруға мүлде келмейді. Себебі неде? Себеп – қоғам пікірінің өзгеруі. Көрермендердің жаңа шығармашылықты күтуі және оны өз деңгейінде бағалауы. Сахна образы, сахна әдебі бойынша олар өз бағыттарына сай көрініс береді.  Шаштарын қызыл, сары түске бояп, сырға тағады. Ол біздің тәрбиемізге оғаш екені айдан анық. Бұл – сахналық стиль.

Алайда, мына нарықтық заманда ешкімге тоқтау салу мүмкін емес. Дейтұрғанмен, олардың бір жақсы жағы да бар. Олар қазақша ән айтады. Шетелдік тыңдармандар әнді жете түсіну үшін қазақша үйреніп жүр. Қазақ бола тұрып, қазақша білмейтіндерге қарағанда, шетелдіктерге қазақша үйретіп жүрген жігіттерге іштартып қараушылардың пікірлері осыған саяды. Ал, сырға, бояуға келетін болсақ, ол – уақытша нәрсе ғана. Себебі, олардың бойында ұлтқа, оның тіліне деген жанашырлық бар.  Олар қазақ сахнасына жаңа леп әкелген топ болып қалары анық. Тыңдармандардың өзгеше дүние шықса үрке, сынай қарайтыны – бізде қалыпты нәрсе. Бірақ, бүгінгі заман талабы мен жас  толқын талғамы қандай? Оған да кәсіби жағынан талдау жасап отыру керек сияқты.

P.S. Біз қазіргі ән мен әншілер туралы көрермен айтып жүрген ойлардың біразымен ғана бөлістік. Бір кезде Күләш Байсейітова, Ермек Серкебаев, Роза Бағлановалар биікке көтерген өнер деңгейін төмендетіп алғанымыз, оған қоса жұртшылық талғамының да төмендеп кеткені — қазақ өнерінің тағы бір жанайқайы. Талап пен талғам өспей, ән өнерінің деңгейі де жоғарыламайтыны анық. Осыған абай болайықшы!

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*