Әнге айналған Әміре сахнада да көрерменге ерекше әсер қалдырды

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры  гастрольдік сапарының аясында  көрермен назарына  жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Әміре» драмасын ұсынды.

Әнге айналған Әміре

Әміренің суреткерлік шеберлігі мен өміріндегі құпиялары жайындағы  драматург Рахымжан Отарбаевтың туындысы режиссер Нұрлан Жұманиязовтың қолтаңбасымен үйлесіп, көрермендерін ерекше әсерге бөледі.

1925 жылы Парижде өткен Бүкіл дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ тағдырына арналған туындының табиғатында тобыр мен тұлғаның, өмір мен өнердің, аманат пен қиянат ұғымдарының қақтығысы көрінеді. Бұл дүниеден береке таппаған Әміренің Ән-Әміреге айналып, өнер көгінен үн қатқаны баяндалады. Әміре Қашаубаевтың тағдыры тәлкекке толы болды.

Парижден келгеннен кейін 1925 -1934 жылдар аралығында «үш әріп» әйгілі әншіге көрмеген қорлықты көрсетеді. Мұстафа Шоқаймен кездескені үшін Әміре МҚК-нің тізімінде болады. 1926 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданды. Дәл сол күні Әмірені МҚК-нің адамдары өлімші қылып сабап кетеді. Тарихи деректерді негізге алсақ, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы алғаш қойылған кезде Әміре Жапал рөлін ойнады.  1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театрына ауысты. Ол мұнда қазақтың алғашқы операсы «Қыз Жібекте» Бекежанның ариясын орындауға тиіс болатын. 1934 жылғы қарашаның 5-інен 6-сына қараған түнінде Әмірені біреулер  далада өлтіріп кетеді.

Әнге айналған Әміре-2

Бірақ, қойылымда Әміре өзінің шығармашылығы басталған сахнаға аунап-қунап кетуі үшін арнайы келеді. Күзетшінің жібермегеніне қарамастан, ол жалынып сұранып, ішке кіреді. Сөйтіп, оның сахнаны бар демімен құшып, оның пердесін жүрегіне басып, жылап отырған жерінде тергеушілер кіріп келіп,  әншіні қараңғы қапасқа алып кетеді. Көрермен бұрын далада жан тапсырды деп келген Әмірені енді сахнада өлдіге балайды. Режиссер қойылымның соңында көрермендерін ойлантуға мәжібүрлейді. Тарихтан тәбәрік алған жұртшылық екі сағатқа созылған драмадан әсерленгені сонша, көздеріне жас алып, көңілдері босап шықты.

Қойылым соңында шығарма авторы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев сахна төріне көтеріліп, пьесаның қалай жазылғанын айтып берді. «Мен бақытты екенмін. Өйткені, қасиетті сахнаға Бейбарыстың, Сырымның, Жәңгірханның, Темірбек Жүргеновтің, Мұстафа Шоқайдың, Ғабит Мүсіреповтың, сонымен қатар, өздеріңіз куә болған Әміре Қашаубаевтың бейнесін шығардым. Бірде ағайындық себеппен отбасымызбен Моңғолияға бара жатқанымызда досым, талантты режиссер Талғат Теменов қоңырау шалды. «Әміре ағамыздың өмірі мен шығармашылығына қатысты пьеса жазып бересіз бе? Сізден басқа адам бұл тақырыпта қалам тербей алмас» деді. Уәде бердім. Қазір сол уәденің үдесінен шығып, сахнаға Әміренің бейнесін өз деңгейінде сомдаған Қаллеки театрының ұжымына ризашылығымды білдіріп, басымды иемін.

Осы ретте айтуға тура келіп тұр, екі-үш күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыруға байланысты мақаласы жарияланды. Бұл мақаланы оқығаннан кейін, еркіндіктің ерке самалы алдымыздан ескендей болды. Қай газетке де, теледидарға да құлаштап үн қатудамыз. Әркім өзінің туған жеріне алтын қазық болып қадалып, руханиятын, әдебиетін, мәдениетін өркендетсе, сол  елдің әлемдік деңгейге көтерілгені болар еді. Осындай рухани салаға ерекше мән беріп, әдебиетке, мәдениетке, өнерге қатысты кім келсе де үнемі құшағын жая қарсылап жататын облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының пейіліне ризашылық білдіргім келіп тұр»,  деді.

Түйін

Күміс көмей әнші алмағайып заманның өзінде Қазақ елін әлемге паш етті. Қазақтың халық әнін насихаттай жүріп, ол өзінің есімін де тарихқа жазып қалдырды. Бүгінде Әміре Қашаубаев туралы жазылған көптеген зерттеулер, көркем шығармалар жарыққа шықты. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық жас әншілер байқауы өтіп тұрады. Семей қаласындағы облыстық филармония Ә.Қашаубаев атымен аталады. Ендігі тілегіміз, Әміренің Парижде шырқаған «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек» секілді әндері келер жылы Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің Қазақстан павильонында асқақтап тұрса, қандай ғажап болар еді. Қазақ баласының ЭКСПО көрмесіне осыдан бір ғасыр бұрын қатысып, ән салғаны мақтануға тұрарлық емес пе?!

Нұргүл  ЫСМАҒҰЛОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*