Өнердің өз ұлы

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Индер ауданының Құрметті азаматы Амантай Берғалиевтің 60 жасына арналған «Өмірім – өнерге» атты шығармашылық кеші өтті.

JANALYQTAR

Мерейтойға орай кейіпкердің «Сахна сыртында» атты кітабы жарық көрген екен. Еліміздің мәдениетіне еңбегі сіңген саңлақтардың, сахна серкелерінің кейіпкеріміз туралы ой-толғаныстарынан, өлеңдерінен тұратын еңбектің тұсаукесер рәсімін Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тіленді келіні және Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев жасады.

Бұдан кейін жиналған жұртшылық «Өмірім – өнерге» атты Амантай Берғалиев туралы түсірілген бейнефильмді тамашалады. Кеш шымылдығы мерейгердің өнердегі досы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев әуелеткен халық әні «Назқоңырмен»  ашылды. Жүргізуші Амантай Берғалиевтің Атырауға келіп қызмет ете  бастағанда облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Роза Рымбаеваның шеберлік класын ашқанына айрықша тоқталды. Биыл үшінші жыл қатарынан Роза Рымбаеваның репертуарындағы әндерден «Атамекен-ай» фестивалі ұйымдастырылып келеді. Ән көгіндегі «Әлиядан» бастап, ардақты «Атамекенге» дейін талай ұрпақты әнімен әлдилеген Роза Қуанышқызы да осы мерейлі күн аясында ән фестивалін өткізген болатын. Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Рымбаеваның орындауындағы Әли Оқаповтың «Жанұя», Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол», Сейдолла Бәйтерековтың «Жан досым» әндері көрермендерге шуақ шашқандай әсер етті.

Роза Қуанышқызының шақыруымен сахнаға шыққан Амантай Берғалиевтің немерелерінің орындауындағы «Ата-Әже» әні де көпшілікті тебіренткені анық. Осынау қуанышты датаға ақ басты Алатаудың баурайынан арнайы келген Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі және оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Дінзухра Тілендиева сахна төріне көтерілгенде жұртшылықтың қолдауында шек болған жоқ. Қазақстан ғана емес, әлемге әйгілі оркестр Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауын»  жеріне жеткізе орындады. Одан кейін көңіл айдынын мұңмен көмкеріп, жүректі шымырлатып Сүгірдің «Бозінгені» кетті. Нұрғиса Тілендиевтің «Көш керуені» өмірдің өзінің де ұлы көш екендігін сезіндіргендей.

Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, көңіл түкпірінде әлдилеген ұлық мекені. Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, композитор Илья Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін оркестрдің сүйемелдеуімен орындаған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Күзембаевтың даусы да көрерменді тәнті етті. Композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Студенттердің қоштасу әні» Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Далел Ушаевтың орындауында жиналған жұртшылықты баурап алғаны анық. Оркестрдің орындауындағы күй анасы Динаның «Он алтыншы жыл» күйі, халықаралық конкурстардың лауреаты Жанаргүл Сәркенова орындаған Қисаның әні «Дендерім» де көрерменді тебірентті, тербетті.

«Отырар сазы» оркестрі шалқытқан Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуы» мен осы оркестрдің сүйемелдеуімен «Қараша қазға» үнін қосқан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаевқа жиналған халық қол соғып, қошемет көрсетті. Данияр Байжұманов Нұрғисаның «Әлқиссасын» төгілдіртсе, оркестр Нұрғисаның «Махамбетімен» атой салды. Концерт Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнімен» түйінделді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*