ҮНЕМДЕУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Экологтарды кәсіби мерекелерімен құттықтаған ведомоство басшысы еліміздегі табиғи қорлардың жыл сайын сарқылып келе жатқандығын айта келіп, жұртшылықты үнемділікке шақырды. Баяндамасының басынан-ақ ол Қазақстанның ауасын тазалау үшін еуропалық стандарттар қолданылатынын атап айтты. Министрдің пайымдауынша, 2030 жылға қарай елдімекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару және оларды санитарлық сақтау үлесі 95 пайыз көлеміне жеткізіліп, оларды өңдеу үлесі 2030 жылы 40 пайызды, 2050 жылы 50 пайызды құрауы қажет. 
«Ауаның тазалығын жақсарту мақсатында 2030 жылға қарай Қазақстанда еуропалық деңгейдегі стандарттарды енгізу қарастырылған», – деген министр 2030 жылға қарай баламалы және жаңартылатын энергияның үлесі 30 пайызға көбейетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, Н.Қаппаров «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында баламалы және жаңартылатын энергия үлесін 2030 жылға қарай 30 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу туралы мақсат қойып отырғандығын атап өтті.
– Энергиялық тиімділікті арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде электр қуатын өндіру қажеттілігі 2030 жылға қарай 13 пайызға, 2050 жылға қарай 10 пайызға азаяды, – деді ол.
Есесіне, 2050 жылға қарай күн мен жел энергиясының үлесі 39 пайызға жетеді. Демек, осы уақыт аралығында атом электр стансалары мен су электр стансаларының да үлесі артатынын атап көрсетті.
Бұдан кейін Қоршаған ортаны қорғау министрі ел бойынша маңызды мәселенің бірі – су тапшылығы жайына да тоқталды. Оның бұлайша мәлімдеуі тектен-тек емес екен. 2030 жылға қарай Қазақстанда ұлттық деңгейдегі су тапшылығы 14 млрд. текше метр болады деген болжам бар көрінеді. Сондықтан мәселені шешу үшін бүгіннен бастап қам-қарекет керек. Оның үстіне, ведомоство басшысы айтқандай, елімізде тұрмыстық қалдықтарды жою да санитарлық талапқа сай келмей отыр. Қала сыртындағы полигондарға тасталған қоқыстар табиғатты бүлдіріп жатыр. «Жасыл экономикаға» сауатты түрде кірісіп, қолға алсақ, бағдарлама ел экономикасына оң әсерін тигізбек» – деді Н.Қаппаров.
Айбөпе САБЫРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*