Өнегемен өрілген өмір

Атыраудың мұнайлы өлке атануының қайнар бастауында тұрған азаматтар есімі қашан да ел есінде. Бүгінгідей сәулеті мен дәулеті келіскен аймаққа айналуы жолында жан аямай еңбек еткен жанның бірі – ғалым, ұстаз, мұнайшы, геолог Таумұш Жұмағалиев. Өңірге ғана емес, күллі республикаға аты мәлім, ғұмырының 62 жылын мұнай-газ өндіру саласына арнаған абзал азаматтың бастамаларының нәтижесінде өңірімізде өнікті қызмет етіп отырған кен орындары алғаш ашылған болатын. Туғанына 100 жыл толғалы отырған Таумұш Нұрышұлы туралы жазба таяуда газетімізде жарық көрді. Бүгінгі әңгіме – оның өмірлік серігі Бәтіш апай туралы. 

онегемен

Бәтіш Төреғалиқызы – айтулы азаматпен жарты ғасырдан астам уақыт бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен аяулы жары. Тегінде, апайды білетіндердің барлығы «Таумұш ағаның осындай дәрежеге көтерілуіне бар жағдайды жасаған да осы адам» деп шынайы пейілмен құрметтейді.  Бұл туралы Таумұш ағаның өзі де әркез айтып отырады екен. Тіпті, осыдан 10 жыл бұрынғы өз қолымен жазған парақта маржандай жазулар тізіліп тұр. «…Отасқанымызға қырық жылға жақындады. Балаларды өсірдікОлардың бәрі де жоғары білімді, үйлібаранды. Өзімді Бәкең аялай күтіп, творчестволық еңбегіме жағдай жасап, туматуысты бөтенсімей қолтығына алды. Қысқартып айтқанда, менің аздыкөпті жетістігім Бәкеңнің арқасында, сондықтан Бәкеңе ризамын. Олбайсалды да баянды тұлға. Әрдайым бірліктің, татулықтың қорғаны…». Осы жазбадағы әр сөздің жаны бар екенін біз апаймен әңгімелесу барысында терең ұғындық. Жасы тоқсанға келсе де, сұлулығы мен бекзаттығы өн бойынан есілген абзал жан бізді «Айналайын!» деген сөзімен қарсы алды.

«Тәкеңмен тоғыстырған тағдырыма ризамын». Бәтіш апаймен арадағы әңгімеміз осылайша басталды. Салиқалылық пен сабырлылықты тұла бойына тұтас дарыт-қан апайдың көкірегі толған естеліктері ағылып қоя берді.

«Айлар алмасып, күндер көшіп жатқан қайран уақыт. Соның айғағындай, Тәкеңнің өмірден өткеніне де сегіз жыл уақыт болыпты. Ғұмырымның қызықты кезеңдерін, шаттықты шақтарын, бақытты белестерін Таумұш сынды азаматпен бірге өткізуге жазған тағдырыма бек ризамын. Сол бір бақытты жылдар қанат байлағандай ұшып отырыпты-ау. Біз Таумұш Нұрышұлы екеуміз жарты ғасырдан астам бірге тату-тәтті өмір сүрдік. Ол – тек біздің жанұямыздың ғана емес, бүкіл иісі қазақ үшін аса қымбат, тұтастай қазақ мемлекеті үшін зор еңбек сіңірген қоғам қайраткері. Ол мұнай саласында 62 жыл төрт ай еңбек етті.

Ол – жаны да, ары да таза, адамгершілігі мол, биік парасат иесі, адалдық пен әділдіктен аттамаған азамат. Шүкір, әке рухын ардақтайтын, ұлағатты ұл мен қыз берді. Ұрпақтары әке жолын қуып, мұнай саласында еңбек етіп, зейнет жасына жетті. Бүгінде солардан он немере, он бір шөбере сүйіп отырмын», – дейді Бәтіш Төреғалиқызы.

Тегінде жақсы жігітке лайықты жардың жолығуы Тәңірдің сыйынан болса керек. Осы ұлағатты отбасыны танитын, етене араласатын жандардың барлығының да бұл ретте ойы бір жерден шығады. Ұлағатты жанұяның отанасы болумен қатар, қоғам өміріне белсене араласқан Бәтіш апай 1928 жылы Гурьев қаласында туған. Осындағы педагогикалық институтты бітірген. Облыстық ішкі істер басқармасында ғылыми сарапшы, балалар бөлімінің инспекторы, Гурьев қалалық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. Облыстық кәсіподақтар кеңесінің курсын басқарды. Кезінде Гурьев қалалық кеңесінің депутаты болған, «Ерен еңбегі үшін», «Ұлы Жеңіске – 65 жыл» медальдарымен және «Кәсіподақтар қызметіндегі белсенділігі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

«Өзімнің жұмыс бабымен де аудан, ауылдарды араладық. Ал, Тәкеңмен талай жерді шарлағаным қазіргі күні көңілімде сайрап тұрған ескерткіштер болып қатталуда. Ол мені ешқашан үйге тастап, өзі алыс сапарға кеткен емес. Демалыс өз алдына, жұмыс бабындағы сапарларында да біз бірге жүрдік», – дейді Бәтіш Төреғалиқызы бізбен әңгімесінде.

Қанша жауапты қызметте болса да, отбасы жайын бәрінен жоғары қойған ұлағатты ана: «Әке рухын ардақтайтын, ұлағаттайтын ұл мен қыз бергеніне Аллаға мыңда бір шүкір! Ұл-қыздары әке жолын жалғады. Қазіргі күні қара шаңырақтың иесі де, киесі де – Тәкең екеуміз жанымыздай жақсы көретін немереміз Еркін. Ол 2006 жылы Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. Алматы қаласындағы  «Азия газ құбырлары» ЖШС-нде магистралды газ құбырларын пайдалану департаментінің директоры. Келініміздің есімі – Гүлмира, қазір олардан балдай тәтті 3 шөбереміз бар. Тәкең дүние салғаннан 16 күннен кейін үшінші шөбереміз – ер бала өмірге келді. Атасы сияқты елге елеулі, халқына қалаулы болсын деген ниетпен есімін Азамат деп қойдым. Қазір ол да сегіз жаста….

Мен кейінгі ұрпақтарыма атаның  жасын, сергек ой пікірін, ананың  мейірімін берсін. Болашақ – жастардікі, оларға білімге, ғылымға ұмтылыңыздар дегім келеді» деген шынайы тілегін білдірді.

Уақыттың тоқтаусыз екенін тағы бір мәрте мойындамасқа амалым жоқ. Бұл күнде Бәтіш апайдың тоқсан жасқа толғанына да сене алар емеспін!

Мен бірінші рет Бәтіш Төреғалиқызын 1972 жылдың наурыз айында көрдім. Бірден көкейіме жылылық ұялатып, ерекше әсер қалдырды. Нәзік те сұлу, шашы әсем сәнделген, қызмет бабына сай талғаммен киінген. Облыстық кәсіподақтар кеңесінің курсын басқарушы методистке қойылар талаптармен тыңғылықты таныстырып өтті. Сөйтіп, 15 жыл қатарынан бірге, қанаттас қызмет атқардық. Жыл сайын облыстағы 3000-нан астам кәсіподақ саласының мамандары оқытылатын. Қоғамның қай құбылысына да бейжай қарай алмай, қызметкер құқығын қорғауға баса назар аударатын.

Осындай жауапты жұмысты атқаруайтуға ғана оңай. Ал, Бәтіш Төреғалиқызы өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарады. Өзіне де, қарамағындағы қызметкерлерге де жоғары талап қоюшы еді.

Лекторлық топтар құру ісіне зор көңіл бөлді. Аталған топ құрамына сала мамандары тартылатын. Сонымен қатар, облыстық құрылым басшыларының кәсіподақ белсенділерімен кездесуін ұйымдастыру жұмыстарын да табысты жүзеге асырды.

Жауапты жұмысына қоса, өз қызметкерлерінің жағдайын жасап, қамқорлауды да әркез назарынан тыс қалдырған емес. Ұжымға сыйлы, беделді, шынайы жанашыр ұстазымыз болды. Мен де осындай тәлімгерден өмірлік сабақ алып, бағыт-бағдар бергенін мақтан тұтамын.

Гүлбағира МҰРСАЛИЕВА, шәкірті.

Гүлжан Әмірова

Биік парасат иесі

Анамызға арналған лебізімді білдірмек болып қолыма қалам алғанмын. Алайда, мен ол кісіні өзі бұл күнде «Мәңгілік сағынышым менің…» деп атайтын асыл жары  Таумұш Нұрышұлынан бөліп қарай алмадым.  Сондықтан жүрекжарды ойларымның өзегі – өз өміріме бағдаршам болған қос жан туралы болмақ…

Орта мектепті бітіріп, қаймағы бұзылмаған қазақы өңір Қызылқоғадан арман қуып қалаға әкем Сахидың ағасы Тау-ағаның үйіне келгем. Есікті ашқан аппақ нұрдай, тек кинода ғана көретіндей француз әтірінің исі бұрқыраған, табиғат сыйға тартқан сұлулығы бар әйел адам «қалай қарсылайды» деген қобалжыған көңіліме  ерекше жылылық нұрын себелеп өткендей болды. Мен педагогикалық оқу орнын осы үйде жатып оқитын болдым. Келген беттен-ақ  айналасына шуақ шашқандай әдемі Бәтіш анадан «Айналайын, өзің қандай сүйкімді едің, енді сен менің қызымсың» деген бауырмалдық сөз естідім. Қарапайым қазақ ауылында өскен мен мынадай мәдениеті бөлектеу, зиялы адамдардың көңілінен шыға алам ба, жоқ па деп едәуір абыржыдым. Бірақ, оным бекер болып шықты. Ең алдымен, Бәтіш анамыздың шексіз қамқорлығына бөлендім. Қажетті нәрселерді сұрап алатынмын, ал, ол кісі үйретуден жалықпайтын. Тамақ пісіру, жүріс-тұрыс, киіну – бәрі-бәрі ерекше. Өзімді өзім қайрап, қайткенде де осы кісілердің көңілінен шығуды ойладым. Әуелі үй ішінің тәртібіне, күнделікті тыныс-тіршілігіне үйрендім.  Маған ұнағаны Тау-аға да, Бәтіш анамыз да  мұнтаздай тазалықты, асқан мәдениеттілікті жақсы көреді екен. Ал, бір-біріне деген сыйластығы тіпті ерекше. Бірін-бірі «Тәке», «Бәке» деп қана сөйлейтін. Бәтіш анамыз азаматын үйдің пірі санап, аса қадірлейтін.  Ал, азаматы оған тіпті лайық жан. Үйде айтылатын әрбір әңгіменің өзі тұнып тұрған өнеге мен шежіре дерсің.

Үйдегі кітап қоры да мол. Небір ғылыми еңбектер, тарихи шежірелер де осы үйден табылатын. Ол кісінің ұлы ұстазы Қаныш Сәтбаев екені белгілі. Сол ұлылықтың биік жолын берік ұстанған Тау-аға ғасыр туғызған кереметтей эстет жан болатын. Оның жүріс-тұрысының өзінен ғұламалықтың исі аңқып қоя берер еді.  Кітаптан немесе теледидардан жақсы бір сөздер, афоризмдерді байқап қалса, соны сол бойда өзінің қойын кітапшасына түртіп ала қоятын. Ондай сөздер онша ұзақ болмаса да өмірлік қажетіңе жарайтын сөздер еді. Мысалы, маған да арнайы қойын дәптер ашқызып, алғаш рет «Қамқор адамның көлеңкесі де қамқоршы» деген сөзді жаздыртқан болатын. Ол әлі сақтаулы…

Сабақтан келсем маған «дауыстап оқышы» деп өлеңдер оқытып қоятын. Және кейбір сөздерге анықтама беруімді сұрайтын. Мен «шаршап келдім ғой, өзі неге оқымайды екен» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, мені түсініп, мәнерлеп оқуға да тәрбиелеп жүр екен.  Ғабит Мүсіреповтың драмалар жинағын 2 күнде оқып шығуымды тапсырды. «Қыз Жібек» драмасын дауыстатып, рөлге сай дауысқа салғызатын.

Үй ішіндегі мәдениет пен дәстүрге келетін болсақ, оның өзі – бір мектеп. Үйде Оңайбай аға, Есен аға секілді облыс басшылары, министрліктен келетін қонақтар ерекше күтілетін. Бір ғажабы, сондай дастарханның басына жас болсам да, мені отырғызатын. Ал, қонақтар кеткен соң, міндетті түрде мама екеумізді шақырып алып, «бүгінгі қонақтарды жақсы күттіңдер, ас-дәмдерің де жақсы болды» деп ризашылығын білдіруші еді.

Жұмағалиевтер үйінде ашық-шашық ештеңе жоқ. Бәрі орын-орнында тұрады. Үй адамдарының киім киістерінің өзі ерекше. Тау-аға дастархан басында олпы-солпы киіммен келіп көрген жоқ. Бөтен адам «Дастархан жазулы тұрғанда мына кісінікі не киініс?» деп қалуы мүмкін. Тау-аға ақ көйлек, қара шалбар, жылтыраған қара туфлиімен келіп үстелге отырады. Біз де солай тап-тұйнақтай болып келіп жайғасамыз. Қандай әдемілік десеңші!

Балалары жан-жақтан телефон шалып, көңілін сұраса өзі қанша шаршап отырса да «Мені қойшы, мына мамаларың болмаса…» дейтін. Шіркін, сыйластық-ай!

Қазақ қай кезде де алғаны жақсы болса екен деп тілейді ғой. Ер азамат қаншама мықтымын дегенмен, алған жары жақсы болмаса, азаматтың аты шықпайтындығы дәлелдеуді қажет етпейді.  Соның айғағындай Тау-аға да жары Бәтіш Төреғалиқызына өмір бойы риза болып кетті.

Бәтіш анамыз кеудесі дариядай шалқыған кең, қамқор, асқан мәдениетті, кішіпейіл, айналасына шуақ шашып, алдына келген кісіні  үйіріп отыратын, сұлу, небір адамдық асыл қасиеттерді бойына жиған, эстет, кең ауқымды эрудициялы азаматтың аяулы да ардақты  асыл жары бола білген абзалдың да абзалы дер едім. Анамыз – қосағының бабын табу мәселесіне келгенде тіптен өзгеше, парасаты бөлек адам. Үнемі жарының жайын ойлайтын. Сөйткен анадан мен өмірлік таусылмас сабақ,  өнеге мен тәрбие алдым.

Гүлшат ХАСАН,

И.Тайманов атындағы орта мектептің директоры,

Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*