ӨНДІРІСТІҢ ДЕ, ӨНЕРДІҢ ДЕ ӨЗ АДАМЫ

ЕҢБЕКПЕН ЕРТЕ ЕСЕЙГЕН

1955 жылдың ақпан айында Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылында кіндік қаны тамған жігіт осындағы Амангелді атындағы (қазірде Ғ.Мәсәлімов есімін еншілеген) орта мектепте білім алады. Отбасындағы төрт перзенттің (екі ұл мен екі қыз) тұңғышы болып дүниеге келген ол аяулы анасы Өкиза өмірден өткенде бар-жоғы он жаста-тұғын. Балалардың бәрі отбасының тірегі, ардақты әкелері Сапиға арқа сүйеп өсті, жетілді.
Әйтсе де, ана орнының бір бөлектігін жастайынан сезініп жетілген есті ұл соңынан ерген бауырларына қарайласып, жарынан айырылып, қанаты қайырылған әкеге әр кез қолдау көрсетіп, көмекші бола білді. Мектеп бітірісімен, бозбала-балаң жігіт шағынан кеңшарда еңбек етті, есейді, ержетті, ат жалын тартып, азамат атанды. Түрлі жұмыстарды атқарып шыңдалды, тәжірибе жинақтады. Отбасын құрып, үйлі-баранды болды.
Шаруашылық тарағаннан кейін біраз жыл аудан орталығы – Аққыстау селосындағы автокөлік кәсіпорнында (АТП) еңбек жолын жалғастырды. Соңынан мұнайшылар қауымының ортасына қарай ойысып, осы арнаулы техникалар бөлімшесіне келді. Жүргізушілік мамандығын шебер меңгерген жігіт содан бері де (1999 жыл болатын) түрлі техникалардың тізгінін тартып, құлағында ойнады, қазірде осындағы медициналық машинаны жүргізеді.
Қай ортада, қандай ұжымда жүрсе де, адал да абыройлы еңбегімен көзге түсіп, құрмет пен беделге бөленген Бәкеңнің бұл жолдағы табыстары мен жетістіктері де аз болмады, онысы лайықты бағаланды да.

«ЖІГІТКЕ ЖЕТІ
ӨНЕР ДЕ АЗ»

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, әңгімеміздің әлқиссасында айтқанымыздай, Бақтыгерей – балғын шағынан өнерге машықтанып, әлі күнге оны өміріне айнымас серік қылып келе жатқан азаматтардың бірі.
– Қолыма алғаш рет қазақтың киелі қара домбырасын ұстағанымда бар болғаны бес жаста екенмін. Мектебімізде бойында өнердің ұшқыны байқалған талапты шәкірттерді осынау атадан балаға мирас боп келе жатқан ұлттық аспапта ойнауға баулитын үйірме жұмыс жасады. Өтепқали Зұлхашев есімді ұстазымыздың арқасында үрмелі аспапта, сырнайда ойнауға да дағдыландым. Оның үстіне, өзімнің шыққан тегім де өнерден құралақан емес-ті. Осының бәрі әсер етіп, ықпалы тиген болуы керек, қаршадайымнан сол киелі өнерге жақын болып өстім. Қайда жұрсем де қолымнан қос шанақты домбырам мен сырнайымды тастамадым. Реті келген жерінде күй шерттім, әуелетіп әндеттім. Кейбір қиналған сәттерімде де сол өнерім жаныма жалау, көңіліме демеу болғанын жасырмаймын, – деп ағынан жарылды бір мезет кейіпкеріміз.
Бақтыгерей ағамыз да – өндірісте қызмет атқарып жүргеніне қарамастан «өнер» атты құдіретті нәрсені өгейсітпей, өмірімен өзектес, бірге алып келе жатқан жандардың бірегейі.
Мұнысына, біріншіден, кәсіпорын мен цех басшылығының, кәсіподақ ұйымының қолдауы себепші болса, екіншіден, бірге жұмыс жасайтын өзі секілді «сері жігіттердің» селбеуі тиіп жүргенін де ағамыз жасырмай, ашығын айтты. Осы орайда Махмут Қойтанов, Жоламан Жұмабаев, Мақсот Мурзин, Салауат Қайыров, Қожантай Сыдихов, т.б. біраз азаматтардың аттарын атады. Дәл осы тұста Бақтыгерей еңбек жолында өзіне тәлімгер-ұстаз болған Рахметқали Жұбанов, Наурызғали Ақбалин, Мирас Қибашев сынды ағаларының есімдерін де келтірді.

БӘКЕҢСІЗ БАЙҚАУ ӨТПЕЙДІ

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, өз кезегінде біздің Бәкең де жергілікті өнерпаздармен бірге аудан, облыс, қала берді, ел көлемінде өткізіліп жүрген түрлі өнер додаларына қатысып, тыңдармандарын тәнті, көрермендерін көзайым қылып жүргенін де ұжымдастары мен ауылдастары мақтанышпен айтады. Осылайша, ол 2000 жылы тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет мұнайшылар арасында ұйымдастырылған аймақтық байқауда жоғары орындаушылық шеберлігімен дараланып, бірінші орынды иеленді. Одан соң Ембі мұнайының 90 жылдық торқалы тойына орайластырылған дүбірлі додада да домбырада жеке орындаушы әрі халық-аспаптар ансамблін сырнайда сүйемелдеуші ретінде жүлдегерлер сапынан көрінді. Сол секілді қос өзен аралығы «қара алтынды» кенінің игеріле бастағанына 40, ауданның құрылғанына 80 жыл толуы құрметіндегі, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты өткен «Ауылым – алтын бесігім» атты фестиваль-байқауларда да Бақтыгерейдің бағы жанып, көрерменнің қошеметіне бөленгенінің куәсіміз.
Әрине, тізбелей берсек мұнайлы, малды өңірде Бәкеңнің қатысуынсыз өтетін мәдени-көпшілік шаралардың кемде-кем екендігіне көзіңіз анық жетеді. Ең соңғысына тоқталсақ, ол таяуда ғана тойланған еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақтау қаласында ұйымдастырылған «Дала дарындары» аймақтық өнер фестивалі еді. Қызылорда, Маңғыстау, Атырау өңірлері мұнайшы-өнерпаздары қатынасқан бұл байқау да Ембі мұнайшыларын намысын ту етіп барған кейіпкеріміз үшін табысты болып, екінші орынды еншілеп, бағалы байрақты қанжығасына байлап қайтты.
Оның үстіне аудан әкімі Нұрлыбек Ожаевтың қолынан Құрмет грамотасын алғаны және бар.
– Шыны керек, біздердің біреуіміз қатыспай қалып жатсақ та кез келген мәдени шара, концерт өтер, ал Бақтыгерей қатыспаса болмайды. Өйткені ол тек домбырамен шектелмейді, сырнайда да, тіпті үрмелі аспапта да шебер ойнайды. Мұндай ерекшеліктері қай жерде, қандай деңгейдегі өнер сайыстарында болмасын, қиындықтан алып шығады. Бәлкім, біздердің сол байрақты бәсекелерде жақсы атақпен, жеңіспен, жүлделі орындармен оралып жататынымыз да сондықтан болса керек, – дейді әңгімеге араласқан Бәкеңнің әріптесі, өнер жолындағы жолдасы Қожантай Сыдихов.
Әулеттің бәйтерегі, асқар таудай әкелері 1992 жылы дүниеден өткеннен кейін де бірге туған бауырларының өмірден орындарын тауып, орнығуына, қатарынан кем қалмауына ағалық қамқорлығын аямаған Бақтыгерей бүгіндері өз отбасында да ұлықты ұл мен қылықты қыз тәрбиелеп, ұрпақтарының қызығына кенеліп, көптеген замандастарына өнегесімен танылған азаматтардың санатында. Адам жанына араша тұруды жүрегімен қалап, медициналық мамандықты таңдаған жан жары, өмірлік серігі Қадиша – білікті де тәжірибелі балалар дәрігері, мінсіз қызметі үшін халықтың алғысын арқалаған ақ халатына кіршік түсірмеген абзал жан. Манарбек, Самал есімді ұл-келіні мен Әсел, Сағындық атты қыз-күйеуінен немере-жиен (Шұғыла, Иманәлі, Айбибі) сүйіп, екеуі бақытты ата мен әже атанса, кіші қызы Самал мейірбике, кенжелері Өнербек – қазақ ұлттық-техникалық университетінің студенті.
– Құдайға шүкір, осы көрінген, өмірімізді жалғастырып келе жатқан балаларым мен олардан өрбіген ұрпақтарының да бойында өнердің оты барын байқадым. Соны ескеріп, олардың кішкентай кезінен музыкалық білім алғанын қалап, оқытып жатырмын,-деді сөзінің соңында Бақтыгерей ағамыз. Сірә, «Өнерліге – өріс кең» деген халық даналығы да осындайда айтылған болса керек.
Еңбегімен еленген, өндірістің де, өнердің де өз адамына айналған, қарапайым ғана қалпымен құрметке бөленіп жүрген мұнайшы-өнерпаз Бақтыгерей Құспанғалиев жайында өрбітер ойымызды да осы жерден түйіндеп, тізгінді тартқанды жөн көрдік.

Дәулетқали АРУЕВ.
Исатай ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*