Өндірістегі қайғылы оқиғалар

Өткен жылдан бастап жаңа Еңбек кодексі күшіне енді. Жаңартылған заңдылықтардың толықтырылған талаптарына сай еңбек адамдарының құқықтары жан-жақты қорғалған. Дегенмен, оның орындалуына немқұрайлы қарайтындардың бар екені де жасырын емес. Мәселен, былтыр  жүргізілген 503 тексеріс қорытындысында 775 заң бұзушылық анықталған. Оларға 427 нұсқама беріліп, 32 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров баяндады. Оның үстіне, былтыр 12 жұмысшы өндірістегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан. Ал, биылғы жыл басынан бері осындай үш оқиға тіркелген.

ӨНДІРІСТЕГІ қайғылы оқиғалар

ҚЫДЫРЫП КЕЛІП, ҚЫЗМЕТІН ІСТЕЙ БЕРЕДІ

– Басқарма өз тарапынан түсінік жұмыстарын жалғастыруда. Ірі кәсіпорындардағы жұмысшылармен кездесу шаралары жоспарлы түрде жүргізілуде, – деген  Игілік  Айдарұлы шетелдік жұмыс күшін тартуда олқылықтар кездесіп отырғандығын алға тартты.

Айталық, әкімдік жанындағы облыстық комиссияның шешімімен өзге елдің азаматын қызметке алғанда тиісті талаптар қойылады. Яғни, компания он шетелдік маманды жұмысқа алса, сәйкесінше сонша қазақстандық қызметкерді еңбекпен қамтуға міндетті. Алайда, күні бүгінде заңның бұл талабы да орындалмай отыр. Биыл тексерілген төрт мекеменің барлығынан да кемшіліктер анықталған.

– Біріншіден, рұқсат алған шетелдік азаматтар жұмысқа тұрған кезде құжат бойынша инженер-механик болып көрсетіледі, бірақ, атқаратын лауазымы мен дипломы мүлде сәйкес келмейді. Бұдан басқа анықтағанымыз, әлгі кәсіпорын немесе компания түрлі сылтаулармен жергілікті жұмысшыларды қызметке қабылдамайды. Сорақысы сол, рұқсат алмастан емін-еркін еңбек етіп жүргендер де бар. Ол турист болып келді ме, әлде қонақ па –   онда ешкімнің шаруасы жоқ. Осында қызметін жасайды, жалақысын алады, бұйрықтарға қол қояды. Тексеріс қорытындысында оларға айыппұл салынды. Бұл ретте біз рұқсат беру комиссиясына алдағы уақытта мұндай кемшіліктер анықталған мекемелерге бір жыл бойы шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бермеу жөнінде ұсынысымызды жолдадық, – дейді ол.

Тағы бір маңызды мәселе – еңбек ету кезінде оқыс оқиғалардан зардап шегушілер санының артуы. Жазатайым оқиға салдарынан биылдың өзінде үш адам өмірімен қоштасты. Игілік Айдарұлының айтуынша, жұмыс берушілер қызметкерлерге заңды түрде нақты талап қоймауының кесірінен қауіпсіздік те тиісті деңгейінде сақталмай отыр. Оқытуды айтпағанның өзінде кейбір мекемелерде қарапайым еңбек шарты заң талабына сәйкес жасалмаған. Жақында құрылыстағы оқыс оқиға осындай немқұрайлылықтың салдарынан орын алды. Тексеріс барысында мерт болған шетелдік жас жігіттің еңбек шарты, тіпті рұқсаты да болмай шыққан. «Олар аз жалақыны місе тұтып, салық төлемей жұмыс жасай береді. Бұл, бір жағынан, кәсіпорындарға да тиімді. Дегенмен, «сақтансаң, сақтармын» демекші, қауіпсіз еңбек ұйымдастыра білген мекеменің ұтары көп», – деп түсіндірді басқарма басшысы.

СОТТЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА СҰРАУ ДҰРЫС  ЕМЕС

Биылдан бастап Үкімет қаулысымен қолданыстағы заңнамаларға кейбір өзгерістер енгізілді. Енді жұмысшы Еңбек кодексінде көрсетілген бес нақты құжатпен ғана қабылданады. Яғни, бұрынғыдай қызметкерден соттылығы туралы анықтама талап етілмейді. Бірақ, Игілік Айдарұлының сөзіне қарағанда, жұмыс берушілер әлі күнге дейін мұндай құжат сұрауды тоқтатпай отыр. Шын мәнінде,  ол – заңсыз. «Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарымен бірлесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Тек кейбір мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдар қажет болған жағдайда ғана ондай мәліметтерді ала алады. Жұмысқа тұру кезінде соттылығы жөнінде анықтама ешқандай кедергі бола алмайды. Ағымдағы жылы соған байланысты бір шағым түсті. Қазір біз оны қарастырудамыз», – деген Игілік Айдарұлы осы мәселені түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арнайы мобильді топ құрылғанын жеткізді.

ЗАҢ – БАРШАҒА ОРТАҚ

Ал, еңбек қатынастары бойынша екі жүзден астам тексеру жұмысы жүргізіліп, тиісінше нұсқамалар беріліп, айыппұл салынған. Төленбеген берешек сот орындаушылар арқылы өндіріледі. Қолданыстағы заңдылықтарды орындамаған кейбір басшылар мәжбүрлеп шақыртылады. Қайткен күнде де, заң талаптары жүзеге асырылуы тиіс. Жүргізілген талдауға сәйкес, бүгінгі күні азаматтардың көбіне еңбекақы мәселесі, соның ішінде жұмыс берушінің жалақыны уақытылы, дұрыс немесе мүлдем төлемеуі туралы арыздары қаралған.

Жалпы, басқарма тарапынан егер кәсіпорын қызметкерінен шағым түссе, онда жоспардан тыс тексеріс те жүргізіледі. Сондай-ақ, бұған дейін еңбек заңдылықтарын сақтамай, жиі көзге түскен мекемелер де ұдайы назарда болады.

– Бүгінде бес компанияның шетелдік жұмыс күшін тартуда заң талаптарын сақтамай отырғаны анықталды. Әсіресе, рекрутингтік компанияларда заң бұзушылық көптеп байқалады. Қазір «Флюор», «Уорли Парсонс», «Сичим» секілді ірі кәсіпорындарда тексеру жүргізілуде. Олардың қорытындысы кейін мәлім етіледі, – деді ол.

Айбөпе САБЫРОВА.

Еңбек  Кодексі  бойынша  жұмысқа қабылданар  кезде  төмендегі

бес  құжат  қана  талап  етілуі  тиіс:

  1. Жеке куәлік;
  2. Білімін растайтын диплом;
  3. Еңбек кітапшасы;
  4. 086 формалы медициналық тексеру анықтамасы;
  5. Қызметкердің біліктілігі жөнінде сертификаттар.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*