Найзамен зеңбірекке қарсы шапқан Исатай мен Махамбеттің ерлігі

Тәуелсіздік үшін күрестің тағылымы

Әрбір тарихи кезең қайталанбас тұлғаларын өмірге әкеледі. Сол тұлғаларға қоғамдағы тарихи  орнына, атқарған еңбегіне орай әрқилы баға беріледі.

%d0%bd%d0%b0%d0%b9%d0%b7%d0%b0%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b7%d0%b5%d2%a3%d0%b1%d1%96%d1%80%d0%b5%d0%ba%d0%ba%d0%b5-%d2%9b%d0%b0%d1%80%d1%81%d1%8b-%d1%88%d0%b0%d0%bf%d2%9b%d0%b0%d0%bd

Сонау Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістері тарихына ерекше көңіл бөлініп, үкімет тарапынан қолдау тапқан. Оның мысалы, Қазақ үкіметі 1926 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығын атап өтуді  жоспарлады. Осы айтулы датаны өткізу комиссиясының төрағасы орнына қол қойған О.Қ.Жандосов мұрағат қорларында сақталған материалдарды басшылыққа ала отырып,  «Қаратай Нұралыұлы, Қайыпқали Есімұлы, Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы, міне, осылар қазақ халқының бостандығы мен азаттығы жолында қаза тапқан күрескерлер» – дей келіп, 1916 жылғы көтерілістің 10 жылдығына тура келген 1806 жылы Қаратай сұлтан бастаған көтеріліске 120 жыл, 1826 жылы Қайыпқали Есімұлы бастаған көтеріліске 100 жыл, 1836 жылы Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліске 90 жыл толғанын, 1916 жылғы көтеріліске халық батыры Исатай Тайманұлының ұрпақтарының қатысқанын назардан тыс қалдырмайды және де олардың ұрпақтары ата-бабадан қалған игі дәстүрді табанды түрде жалғастырып келе жатқандығын баяндайды (Қызылорда облысы мемлекеттік мұрағаты, 1-қор, 2-тізбе, 402-іс, 479 п.).

Қазақ халқының ұлт-азаттық күресінде Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтің қолбасшылығымен болған 1836-1838 жылдардағы көтеріліс маңызды орын алады. «Исатай мен Махамбет қозғалысы тек ханға ғана емес, ханды қолдап отырған Орынбор әкімшілігіне де қарсы сипат алды» деп тарихшы С.Мәшімбаев дұрыс көрсетеді (С.Мәшімбаев Патшалық Ресейдің отарлық саясаты – Алматы, 1994. – 178 б.).

ХХ ғасырдың 20-шы жылдары Қазақстан мұрағатшылары Москваға Орынбор генерал-губернаторы қорының барлық бөлімдерін Орынборда қалдырылуына  қарсы пікірлерін білдіріп хат жазған болатын. Баяндау хаттың негізгі мазмұны Қазақстанмен арадағы мұрағат қорын бөлу туралы болды. Орынбор генерал-губернаторы қорының түгелімен Қазақстанға кетуіне қарсы болған Орынбор губерниясының орыс шовинизмімен ауыратын мұрағатшылары еліміздің тарихына қатысты қор құжаттарын Қазақстанға жібермеу мақсатында көптеген істердің мұқабасындағы тақырыптардың аттарын қасақана өзгертіп немесе ол істерді әдейі сөгіп, жаңадан басқа істер дайындаған. Сөйтіп, Қазақстаннан барған мұрағатшылардың көзін бояп, ізден адастырып, кейбір құнды құжаттарды тізімінен шығарып тастайды. Бұл қорларға тізімдеме жасалып жатқандығын, егер  қордың  шекаралық бөлімінде Исатай Таймановтың жеке мұрағаты табылған жағдайда, Қазақ өлкелік мұрағатына беруге қарсылықтарының жоқтығын білдіреді (Орынбор облысы мемлекеттік мұрағаты, 1-қор, 1-тізбе, 108-5 іс, 101-102 п.). Енді  И.Таймановтың жеке мұрағатына қатысты жайтқа тоқталсақ.

Тастөбедегі шайқастан соң көтерілісшілер Жайықтан өтіп Жемге бағыт алды, соңына түскен жазалаушы отряд қаптал жолдармен қатарласып ізге түсті. Көтерілісшілер екі топқа бөлініп, бір-біріне жақын маңда жылжыды. Алайда, 1837 жылдың 24 желтоқсан күні  Жемнің қырқасында Жақия, Дүмбаян Исатайұлдары, Сүлеймен Махамбетұлы, Аймұхамбет, Баймен Тоғайұлдарын, Әйтімбет Өтегенұлы, Байбосын Есенгелдіұлы жау қолына түседі. Жақия ұсталарын білген соң, қапталында салпылдап жүрген қоржынды бір еңес жерге білгізбей тастай салғанымен, қуғыншылар қоржынды қолға түсіреді. Ол – Исатайдың мұрағаты еді. Кейін оның ішінен құнды құжаттар табылғаны белгілі. Ал оның кейбір деректері туралы Жәңгір хан мен Орал казак-орыс атаманы арасында даулы айтыстар да өрбіді.

Х.Досмұхамедов Ығылман Шөрековпен жолығып «Исатай-Махамбет» дастанын бастыруға алғанда, ақында Исатайдың қайсыбір мұрағаттық қағаздары да болған екен. Кейін берермін деп, сол жолы бермей қалған. Колхоздастыру алдындағы аласапыранда бір молаға жасырып көмуге мәжбүр болған деген дерек бар. Ал, тарихшы-этнограф Нәумет Көшекбаевтың сөзіне қарағанда,  Исатайдың Төлек, Шөрек деген екі хатшысы болған. Ығылман ақынның  «Исатай-Махамбет» дастанын жазуға сол Шөрек атасының мұрағаты негіз қалаған.

Бүгінгі таңда зерттеушілердің алдында тұрған мақсаттардың бірі – Орынбор облысы мемлекеттік мұрағаты қорынан Исатайдың мұрағатын іздеп табу болып табылады.

Ерекше тоқталатын мәселе, Исатай бастаған ұлт-азаттық көтеріліс қазаққа өзінің ел екенін білдірді, жұрттың ұлт сезімін қозғады, қазақтың бірігуіне себеп болғаны айқын. Исатайдың соңына халықтың үштен бірінің ергені де рас. Қазақ халқында батырдың туы астында табыла білу – ежелден келе жатқан дәстүр. ХІХ ғасырдың 70-жылдарында қазақ даласы арқылы Хиуаға сапар шеккен американ дипломаты Ю.Скайлердің өзі де «Ерен ерлікті, елдік пен тәуелсіздікті жоғары ұстаған қазақтар қай кезеңде де Сырым, Арынғазы немесе Кенесары сияқты дала төсінде атқа қонған батырлар туы астында жиналуға дайын тұратын» деп жазған еді (К.Л.Есмағамбетов Азат рухтың күрескері. Алматы: «Өркениет» 2003 ж. 169  б.). Тағы бір басы ашық мәселе, қарапайым халық ешқашан Исатай батыр бастаған көтеріліс кезіндегідей билеуші-сұлтандарға қарсы тұрған жоқ, бірде-бір «ақсүйек» өкілдері де Исатай жағына шыққан жоқ.

Қазақ тарихында Исатай батыр секілді өзінің ерік-күшін соншалықты бағындыра алатын, жеңіске деген құштарлығын әмбеге аян еткен және сол үшін де өз басын құрбандыққа шалған қайсар – арыстандай айбатты, жолбарыстай жүректі (Махамбет) адам некен-саяқ болғаны ақиқат. Исатай батыр өзінің  нақ осы қасиетімен халық жүрегінде мәңгі қалды.

Патша үкіметінің Исатай Тайманов басқарған көтерілісті аяусыз басып жаншуының басты себептерінің бірі, көтеріліс Кіші жүз аумағын кеңінен қамтығанынан шошынса керек. Оның дәлелі, зерттеуші «Исатай Тайманов көтерілісі» кітабының авторы А.Ф.Рязановтың ақыр аяғында Исатай көтерілісі қанатын кеңге жайып, Бөкей ордасы территориясынан да сыртқары шығып кетті деуі назар аударарлық мәселе. Алайда, 2016 жылы жарық көрген 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында (Ж.Қасымбаев, Т.Омарбеков Қазақстан тарихы (ХVІІІ ғ. – 1914 ж.) Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Алматы: «Мектеп», 2016. 128 б.) көтеріліс жалыны шарпыған аумақты ықшамдап, оқулықтың 21-22 параграфын «1836-1838 жылдардағы Бөкей ордасындағы И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтеріліс» деп атап, Бөкей Ордасындағы көтеріліс ретінде сипаттауы арқылы көтерілісті қамтыған аумақты негізсіз тарылтқан.

Жазалаушы отрядтың басшысы, полковник Геке жоғарғы жаққа жазған рапортында «Ол өзінің қайсар ер жүректілігінің құрбаны болды»  деп  жазды.  Шынында да, жалаң қылышпен, найзамен жау зеңбіректеріне қарсы шапқан аруақты батырдың қайғылы тағдыры, азаттық күрес жолындағы құрбандығы, батырдың қайғылы әрі азапты жолдағы асқақ даңқын биікке көтерген үстіне көтере түседі.

«Қара қазан, сары баланың қамы үшін» бас көтерген Исатай – халықтың жауынгер рухынан, азаттыққа ұмтылысынан жаралған арқалы батыр. Батырдың ел алдындағы беделін жауынгер жолдасы, ақын Махамбет «Есіл ер» өлеңінде:

Арыстан еді-ау Исатай,

Нетесің, тақсыр, табалап.

Құрттайымда өсіп ем,

Бауырында паналап.

Алдымда асқар тау еді

Соңына ерсем ақалап.

Ақын өз өлеңдерінде Исатайды «ағайынның басы», «алтын ердің қасы» ретінде сипаттап, халық үшін туған ердің бейнесін сомдайды. «Тайманның ұлы Исатай», «Мінкен ер», «Тарланым», «Соғыс» толғауларында Исатайды шексіз сүйіспеншілікпен жырлайды.

%d0%bd%d0%b0%d0%b9%d0%b7%d0%b0%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b7%d0%b5%d2%a3%d0%b1%d1%96%d1%80%d0%b5%d0%ba%d0%ba%d0%b5-%d2%9b%d0%b0%d1%80%d1%81%d1%8b-%d1%88%d0%b0%d0%bf%d2%9b%d0%b0%d0%bd-2

Исатай мен Махамбет – адам ретінде тазалықтың, халық ісіне адалдықтың символы. Олар бастарын халық үшін өлімге тігіп, арларына дақ түсірмей, кіршіксіз таза қалпында қалған тарихи тұлғалар. Халықтың  екі батырды ерекше қастерлейтіндігі сондықтан.

Исатай батыр тек талантты ұйымдастырушы ғана емес, сондай-ақ, ерекше ерліктің символы. Шын мәнінде оның бар ғұмыры – жарық жұлдыздай ағып өткен жасын ғұмыр. Исатай батырдың елінің азаттығы үшін жүргізген күрес жолы бүгінгі таңда ел егемендігі мен тәуелсіздігі үшін мүлтіксіз қызмет етіп келеді.

Нұрлыбек ОЖАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы  Атырау облыстық филиалы

төрағасының бірінші орынбасары.

Аққали АХМЕТ,

 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау  мемлекеттік

университетінің тарих ғылымдарының докторы, доцент.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*