НАУРЫЗ НАҚЫШТАРЫ: ҰРПАҚТАР КӨЗІМЕН

Күніш ТІНІМОВА,
101 жастағы ана:

«БАТАЛЫ ЕЛ ОЗАДЫ»
Жасым жүзден асқан шақта өткен күніме қайырылып қарар болсам, талай өмір ағысынан өтіп, қойнауы қатпарлы қарт тарихтың біраз бөлігіне куә болғаныма тәубә деймін. Қазақтың жаңа жылы – Наурыз. Дәл осы күні жер жүзі жаңарып, өзгеше бір сипат алады, күн мен түн теңеледі. Табиғат ананың тылсымы мен құдіретті қара жердің жаратылысы сол. Данышпан бабаларымыз бұл күнді тектен-текке атап өтпеген. Бұл – төрт түлік мал төлдеп, өсімдік, жәндіктерге жан бітетін, қытымыр қыстың уысын ашып, Самарқанның көк тасының да жібитін қасиетті күні.
Мен 1912 жылы Құрманғазы ауданының Байда селолық округінде дүниеге келдім. Әкем Әбдіреш пен анам Бәти өмір бойы мал шаруашылығымен айналысқан қарапайым жандар болды.
Жалпы, біздің бала кезімізде бұл мейрамды тойлау 14 наурыздан бастау алды. Ел-жұрт емен-жарқын көңіл-күймен құшақтасып, көрісу айтын бастайды. Тұлымшағы желбіреген бүлдіршін болсақ та, жасы үлкен жандардың қолын алып, батасына бөлену біз үшін бұлжымас қағида болатын. Ала таңнан үй-үйді аралап, көрісуге асығатынбыз. Жадыраған кейіппен есен-саулық сұрасып, мал-жанның амандығын тілеп, үлкендер жағы бір қауқылдасып қалатын. Аналарымыз бен әжелеріміз қазан асып, арнайы наурыз көже пісіреді. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен яғни, етпен қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен яки, сүт, ақпен қауышуды білдіреді. Жалпы, біле білген адамға наурыз көженің тигізер пайдасы шаш-етектен, құнарлылығы да мол, емдік қасиетке де бай.
Сол бір шақтарда қызыққа тоймай, жақсылықтың жаршысындай болып, қай істің болмасын басы-қасында біздер, балалар жүретінбіз. Бұл күні қазақ халқы қалыптасқан әдетке сай, ұлыстың ұлы күні жұмыс жасамайды немесе жаңа іс бастамайды. Ересектер жүздерінен мейірім төгіліп, әр баланың басынан сипап, «Жасың құтты болсын! Өмірлі бол!» деген ақ тілектерін арнайды.
Қазіргі ұрпақ бақытты ғой. Тәуелсіздік таңы атып, еліміз егемендік алды. Төл мерекемізді ешкімнен қысылып-қымтырылмастан емін-еркін кең көлемде атап өте алатын дәрежеге жеттік. Көлеңкемізден қорқып, өзгеге жалтақтайтын жаман әдеттен арылдық.
Десек те, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, қарттарға арналған «бел көтерер» сынды сыбаға дайындау, тек қана ораза айт емес, наурызда да жарапазандап игі тілек тілеу, үлкендерден «уыз» бата алу секілді ғұрыптарымызды да естен шығармасақ екен. Қалай десек те, ұлттық ұғымымызға қайшы келетін талай әрекетке барған кешегі кезеңде де аға буын аталмыш уақытты асыға күтетін әдетінен еш жаңылған жоқ.
Шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Бұның барлығы да – ел басқарып отырған басшының жетістігі. Сондықтан да тыныштығымыздың қаймағы бұзылмасын. Сәбилер жыламасын. Жаңа жыл қазақ еліне құтты, табысты болсын!

Әліп КЕНЖЕҒҰЛОВ,
еңбек ардагері, зейнеткер:

«БЕРЕКЕЛІ ЖЫЛ БОЛҒАЙ!»
Жалпы, балалық шағымдағы Наурыз тойы туралы ойлағанымда, көп естеліктердің ойыма орала қоймайтынына қынжылыс білдіремін. Себебі, менің бала күнім Кеңес Үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған шағымен тұспа-тұс келді. Ол кезде үлкендердің өзі қай жерден ши шығып қалады деп қорқып отыратын. Сталиндік саясатқа сай, ұлттық мейрамымызды тойлауға рұқсат бермеген соң, үкіметке қарсы тұрар қайран болмай, әке-шешелеріміз тығылып көрісіп, тіпті тамақ ішкен соң жасырынып ас қайтаратын-ды. Қалай болғанда да көрісу айты – біз үшін Наурызбен пара-пар болды. Кең көлемде атап өтілген мерекені көрмей өскендіктен, біз осының өзін ұлық мейрам деп білдік. Сонымен қатар, үлкендер жаңа киімдерін есік алдындағы ағаш-талдарға іліп, жаңа күннен нұр алсын деп жүретіндері де есімде.
Табиғаттың жаратылысына шек бар ма?! 1939 жылдың наурыз айының жиырмасы күні аяқ астынан ақтүтек боран соғып, бет қаратпай қалды. Бірінші сыныпқа оқуға барып жүрген бала кезім болатын, сол оқиға әлі күнге дейін есімде. Ел адамдары ол күнді әлі кезге дейін еске алады. Осы жерде айтарым, адам өліміне соқтырып, арты ылаңға айналған боранның табы екі күннің ішінде жоқ болды, жер дүние жаңарып, жаңа жыл басталып, соны леп есті. Міне, құдіретті табиғаттың тылсымы.
Тәуелсіздіктің таңы атып, төл мейрамымен қауышқан қазіргі қазақ халқы Ұлыстың ұлы күнінің өз мәртебесін алып, бүгінгідей кең көлемде атап өтілетін дәрежеге жеткені үшін еңбек сіңірген қазақ зиялыларына қарыздар. Шоқтығы биік осы топтың басында Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов сынды атпал азаматтар тұр.
Жаңа жылымыз берекелі, дастарханымыз ырысты болғай!

Асыланбек ТҮНЕШЕВ,
«Рауан жастар қоры» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

МӘРТЕБЕҢ АССЫН, ӘЗ НАУРЫЗ!
Наурыз мейрамы – ұлттық идеяның өзегі, түп тамыры. Қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүрдің барлығы да осы кезден көрініс табады. Десек те, кей сәттерде ұлық мейрамды өз дәрежесінде ұлығылауға әлі де болса назар аударуымыз қажет секілді болып тұрады. Себебі, сол заман ағымына сай, ұлыстың ұлы күнін атап өтуге шектеу қойған уақытта да бабаларымыз ата салтынан асып кете алмай, жасырын болса да тойлауын жалғастырып келген. Дәмі тіл үйірер наурыз көжесін пісіріп, Қыдыр ата таза үйге қонып, бақ әкеледі деген түсінікпен өмір сүрген. Бұл күнді жылылық пен мейірімділіктің астасқан шағы деп қадірлеген. Осы ретте тәуелсіздіктің төл құрдасы, кейінгі буынның өкілі ретінде ой-пікірімді білдіргім келеді.
Санамызға сіңіп қалған түсінік бойынша, жаңа жылды 1 қаңтардан бастап қарсы алып жүрміз. Алайда, бірнеше ұлт пен ұлыс бірлікті ту қылып өмір сүріп отырған алып Қазақстанда жыл санауды дәл осы кезден, яғни, күн мен түннің теңелер шағы 22-наурыздан бастау керек деген пікірлер де айтылып жүр. Бірақ, менің ойымша, олай жасауымыз қате секілді. Жер бетінде қанша халық болса, сонша дәстүр бар. Біз секілді түркітілдес мемлекеттер Наурызды жаңа жыл деп өзгертсе, өзгелер де осындай жаңалық енгізуге ұмтылары сөзсіз. Сондықтан, бүкіләлемдік ортақ балансты бұзбау үшін күнтізбелік жаңа жылды сол күйі қалдырып, Наурыз мейрамының мәртебесін арттыруға атсалысуымыз керек.
Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан шаралардың барлығы да дайын бағдарлама бойынша жүріп жатады. Ал, шын мәніне келгенде, Наурыз – елдің тойы. Сондықтан мереке үшін орталық алаңға жиналған халық болып жатқан көріністерді тек сырттан бақылаушы болып қана тұрады. Ол дұрыс емес. Жұрт сол шаралармен біте қайнасып, басы-қасында жүргені жөн. Сол секілді арнайы құрылған киіз үйлерге де кез келген адам кіріп-шыға алмайды. Осы жайтты да естен шығармай, халықтық мейрамға халықтың қолы жетімді болуын қамтамасыз етуіміз керек.
Жаңа жыл табысты, берекелі болсын!

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*