НАШАҚОРЛЫҚ ІНДЕТІНІҢ КЕСАПАТЫ

Бұл драма ғасыр індетіне айналған нашақорлық дертінің жастарды түзу жолдан тайдырып, тұйыққа тіреуі жайлы терең ой толғайды.

«Мысқылдап кіріп, батпаңдап шығатын» осындай ауыр дертке шалдыққан жан абыройынан айырылып, адамилық қасиетін жоғалтатын, ата-ана, отбасы, ар-ожданын сататынын ұқтырды. Қоршаған орта мен қоғамға кері әсерін тигізетін нашақорлықпен күрес бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі екені туралы дабыл қағады.

Ұйық – сазды жердің былқылдап жататын, ми батпақ тұсы. Сазды жердің мұндай бөлігі жердің тұңғиық тереңімен тұтасып жатса да, оның беті сулы жерде өсетін өсімдіктермен көмкеріле, көк кілемдей құлпырып, жан-жануарларды өзіне баурайды.

Драматург өз еңбегінде қазіргі таңда сол ұйықтардай, оңы мен солын әлі толық танып білмеген өрімдей жастарымызды еліктіре жүріп, тұңғиығына тартып жатқан нашақорлық індетінің бірлігі айрандай ұйыған отбасының шаңырағын шайқалтып жатқан шындығын ашып көрсетеді. Жас­тар­дың тә­нін де, жанын да жа­ра­лаған дерт ар-ожданды ұмыт­ты­рып, бү­гінгі күн­нің көкейкесті түйі­нін да­был қағып жеткізеді.

Драма өрімдей жас ұл Жал­қытайды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсірген отбасының мамыражай тірлігін бейнелеген көріністен басталады. Жалғыз ұлдың көркіне ақылы сай Тоғжан есімді қызды үйіне ертіп келіп, болашақ келіндері ретінде таныстырғаны ата-ана қуанышын еселей түсіреді. Бірақ, әке-шешенің жалғыз ұлдан күткен бар үміті ойда-жоқта шорт үзіліп, арманы сөнеді.

Бар сұмдық үйге шалынған телефон қоңырауынан басталады. Театрға спектакль көруге асығып отырған жігіттің жоспары бірер секундта ғана өзгеріп, қызды ата-анасының қасына тастап, алды-артына қарамастан үйден шыға жөнелген Жалқытайдың кейінгі ауыр тағдыры туындының жүгін кө­теріп тұрғандай.

Сөйтіп, ол есірткі бойын жайлап, қанына сіңген удың жаншошырлық азабын басу үшін адамдық жолдан таяды. Бір доза алу үшін ақша бермеген ата-анасына қол көтеріп, оларды зар еңіретіп кетеді. Күнделікті дозамен «қамтамасыз» етіп тұрған Камиланың арам пиғылына алданып, ата-анасынан машина мен пәтерді де тартып алмақшы болады. Осылайша, драма Жалқытайдың аянышты өмірімен жалғасып, ақыры сегіз жылға темір торға қамалады. Жалынды жастық шағын осылайша қор еткен Жалқытай жазасын өтеп, үйіне оралғанда әке-шешесінің мұндай ауыртпалыққа төзе алмай, бақилық болғанын бір-ақ біледі. Міне, кеш болса да, Жалқытайдың сол кезде ғана өкініштен өзегі өртеніп, әке-шешесінің бейітіне барып, егіліп жылайды.

Драма Жалқытайдың өзін пәк сезіммен шын сүйген Тоғжанмен және «әкесін өлді» деп есептеп келген ұлымен табысуымен аяқталады. 

Ал, сейсенбі күні кешкісін Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістері ұсынған Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Көлеңкесіз жолаушы» атты драмасы да осы мазмұнда болды.

Қарапайым отбасының жалғыз ұлы Жалғас нашақорлыққа қалай тап болды? Қоғамымызды құрт ауруындай жайлап келе жатқан нашақорлық  деген дерттен қалай құтыламыз? Бүкіл адамзат баласына төніп тұрған қауіптен ұлтымыздың болашағы жас ұрпақты қалай аман алып қаламыз? Міне, осы сұрақтарға қойылым жауап іздейді.

Спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязов. Ал, бас кейіпкерлердің рөлдерін сомдағандар – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері А.Омар, Б.Молдабаев, К.Нұрланов, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты М.Омар және А.Серкебаева, А,Бермұхамбетова. Қоғамымыздың осы бір ащы шындығын айнытпай бейнелеген қос театр әртістерінің шеберлігі көрермендерді өзіне баурады. Тіпті, бірқатар көрермендер көздеріне еріксіз жас та алды.

Болашағына үлкен үміт артатын туындының жастардың тәрбиесіне ықпалы зор.

Фестивальда қазылар алқасы – жазушы, бүкілресейлік Александр Грин атындағы әдебиет сыйлығының және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Григорий Пряхин, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, қазылар алқасының төрағасы, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бұсырман Одурақаев, ақын, Моңғолия Жазушылар Одағы Баян Өлгей аймақтық қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Рахметұлы екі драмалық қойылымның көркемдік ерекшелігі мен театрлар әртістерінің шеберлігін бағалап, өз пікірлерін білдірді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*