НАРЫҚ ПЕН ПАРЫҚ

1. Ендігі жерде валюта бағамы Ұлттық банкпен емес, нарықпен реттеледі деп жатырмыз. Осы орайдағы пікіріңіз? 

2. Өзіңіздің серіктестігіңіздегі  жағдай қалай? 

3. Бір кездердегі «өкімет өлтірмейді» деген психологиядан   толықтай арылдық деп ойлайсыз ба? 

4. Алдағы жоспарларыңызбен және алға қойған мақсаттары ңызбен бөліссеңіз. 

1. Бұрын валюта бағамы Ұлттық банкпен реттелді. Ендігі жерде бұған Ұлттық банк араласпайды. Бағалар ұсыныс пен сұранысқа қарай бағамдалады.

Бұл – дамыған елдерге тән құбылыс. Сондықтан,  ортақ өзгерістен Қазақстан да шет қалмақ емес. Бұл жерде жауапкершілік пен еңбек үдерісін одан әрі жетілдіріп, жаңа қырынан ұйымдастырушылықты жоғарылату ең басты міндет екендігін естен шығармауымыз керек.

Нарық заңының талабы қатал. Бұл жерде бәсекелестік үлкен роль ойнайды. Өнімнің сапасы, тіпті сыртқы көрінісі де талапқа сай болуға тиіс. Тұтынушының талғамы жоғары екендігі белгілі. Осының өзінен табыс көзінің қайда екендігін анық көруге болады.

Біздің мемлекетіміз дүние жүзіне саяси беделімен қоса, отандық өнімдерді экспорттаумен де танымал. Жыл сайын отандық тауар өндіру көлемі артып, бәсекелестік қабілет жоғарылап келеді. Бұл Елбасының ұстанған бағытының нақтылығы мен шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында кәсіпкерлерге жасаған үлкен қамқорлығының нәтижесі деп түсінемін. Әрине, оңайлықпен еш нәрсеге де қол жеткізе алмаймыз. Бірақ, тынымсыз еңбектің өз жемісін берері анық.

 

2. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін экономикалық даму өзгерістерінде әртараптану бола бастады. Осы кезде мен де жеке кәсібімді ашып, балық аулау, егін салу жұмыстарымен айналыса бастадым. 2008 жылы серіктестікке айналдық. Сөйтіп, ауыл жастары  жұмысқа қабылданып, балықшы, егінші мамандықтарының қыр-сырын үйреніп, кейін өздері де кәсіпкер болғандары бар.

Шаруашылығымыз заманауи технологиялармен жабдықталған. Маусымдық жұмыс кезінде 250, басқа уақытта 50-ден астам адам еңбек етеді. Өнімдерімізді жергілікті сауда орындарымен қоса, көршілес Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттеріне де шығарып отырмыз.

Ауылдағы қарттарымызға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, әл-ауқаты төмен отбасыларына жәрдемдесуді өзіме міндет санаймын. Ауыл мектебіне, осындағы спорттың дамуына атсалысуды да назардан тыс қалдырған жоқпыз.

3. Бір кездері осындай көзқарастың болғаны рас. Соның салдары шығар, әлі күнге  қимылдап, еңбек етіп, нәпақа табудың орнына үкіметке қарайлап, көмек күтіп, өкпе-наз айтуға даяр тұратындар да кездесіп жатады.

Мемлекет аянып қалып жатқан жоқ. Кәсіп етем деушілерге барлық мүмкіндікті жасауда. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастар да, үлкендер де өз ісімен айналысуға толық мүмкіндік алып отыр. Төменгі пайызбен несие, субсидия беру сияқты маңызды жұмыстар да біздің елімізде ұйымдастырылды. Аузымен құс тістеген алпауыт  елдердің бірінде де мұндай қолдау жоқ. Елбасы халықтың әл-ауқатының жақсарып, әр отбасында тарығушылық болмасын деген ниетте осындай жағдай жасады. Ендігі қалғаны өзімізге сын.

Ұрпағының дені сау, бақуатты, елінің іргесіне кірпіш болып қаланар азамат болып өссін деген әрбір адам еңбекпен шұғылдануы керек. Бейбіт өмір мен тынымсыз еңбек қана көсегені көгертіп, бақуатты өмір сыйлары анық.

 

4. Біз кездескен қиыншылықтарды жеңе отырып, тек ілгерілеп келе жатқан елміз. Бірер ай бұрын Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылдандық. Аталған алқалы ұйым құрамында бұрын 161 ел болса, 162-ші болып біздің мемлекет еніп отыр. Бұл жауапкершілік жүгінің қаншалықты салмақты екендігін айтқызбай-ақ түсіндіріп тұр. Барша қазақстандықтардың алдында тұрған ендігі міндет – сенім үдесінен шығу. Мұның түп қазығын  еңбек ету деп түсінемін. Осы орайда біздің алдымызда да қыруар мақсаттар, жоспарларымыз бар.

Мәселен, облыстағы балық ұнын шығарып келе жатқан бірден-бір мекеме – біздің серіктестік. Балық ұны дегеніміз – балықты тазалағаннан кейін қалған барлық қалдықтарынан жасалған жем. Бұл өнім ішкі нарықта сұранысқа ие. Мысалы, Құлсары құс фабрикасы біздің өнімімізді пайдаланып келеді. Алдағы уақытта осы қызмет түрін одан әрі жандандырсақ деп отырмыз.

Балық өнімдерінің түрлерін көбейту де – басты міндеттеріміздің бірі. Діттегеніміз–бәсекелестік жолында сапалы өнімімізбен тұтынушы көңілінен шығып, ел экономикасының, халықтың әлеуметтік тұрмысының жақсаруына өзіндік үлесімізді қосу.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*