НАҚТЫ ІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ

Денсаулық сақтау саласын дамытуды бастапқы медициналық-санитарлық көмекті басымдықпен қаржыландыру арқылы жүргізу нәтижелі болады деп есептеймін. Өйткені, аурудың алдын алу, дер кезінде диагностика жасап, алғашқы медициналық көмек көрсету осы жерде атқарылады. Бүгінгі күні облыс бойынша 182 бастапқы медициналық көмек көрсететін емхана мен селолық-дәрігерлік амбулаториялар жұмыс жасап отыр. Оларды тиісті мамандармен толықтырып, заманауи құралдармен жабдықтағанда емдеудің негізгі көлемін сол жерде атқаруға болады. Бұл науқасқа да, денсаулық сақтау мекемесіне де тиімді болар еді.

Қоғам үшін маңызды мәселе – мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу. Азаматтар өз денсаулығына жауапкершілігін көтермесе, аурушаңдық көрсеткіштерін төмендету мүмкін емес. Облысымызда 140-тан астам жекеменшік денсаулық сақтау мекемесі жұмыс жасауда. Медициналық қызмет саласында да шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, яғни, жекеменшік медицинаның деңгейін көтеру, бұл іске оңды бәсекелестік енгізе отырып, қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеруге ықпал етуі тиіс.      

Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты, бала өлімі үш есе, ал, ана өлімі бес есе төмендеді. Және жұқпалы аурулармен аурушылық та айтарлықтай азайды.

2011-2015 жылдар аралығында облысымызда оба, тырысқақ, сібір жарасы сияқты аса қауіпті, карантиндік аурулар, қырылдауық, көкжөтел, сал, тағы басқа вакцина егу арқылы алдын алуға болатын қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.

Осы жылдары туберкулезбен аурушылық  20,0%, вирустық гепатиттермен аурушылық алты есе, оның ішінде, «А» вирустық гепатитімен аурушылық 2,5 есе, «В» вирустық гепатитімен аурушылық 10 есе, өткір ішек ауруларымен аурушылық 25,0%, дизентериямен аурушылық 20,0%-ға  төмендеді.  

Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Аса қауіпті, карантиндік, топтық жұқпалы аурулар мен тамақтан уланулар тіркелген жоқ. Өткен жылдың алты айымен салыстырғанда облыста жұқпалы аурулардың 10 түрі бойынша аурушылық деңгейі азайды. 

Тамақ қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу мақсатында Атырау қаласының 18 сауда нысандарынан 120 тағам өнімдері сынамалары сатып алынып, зертханалық сараптамалар жүргізілді. Сараптама қорытындысымен техникалық регламенттер талаптарына сәйкес емес 92 тамақ сынамасы анықталды. Нақты айтқанда, барлық 92 сәйкес емес тамақ өнімдерінің 100% таңбалану талабына сәйкес еместігі (мемлекеттік тілде таңбаланбаған), Кеден одағы шеңберінде айналымына бірыңғай белгімен белгіленбегендігі анықталды. Яғни, тұтынушылардың  құқығы бұзылып, мемлекеттік тілде қажетті мәлімет алынбай отырғаны орын алуда. Сонымен қатар, сараптама қорытындысымен 16 өнім немесе  13% -ы қауіпсіздік көрсеткіштеріне, яғни, бактериологиялық ластанған болды.

Анықталған кемшіліктер бойынша бекітілген алгоритмге сәйкес шаралар алынды. Сауда орындарына 19 нұсқама беріліп, 10-ының орындалуы тексерілді. Қалған тоғыз нұсқаманың орындалу мерзімі аяқталмағандықтан, тексерілу жұмыстары жалғастырылуда. Қауіпсіздік көрсеткішіне сәйкес емес 59 кг өнім саудадан түсіріліп  жойылды, ал, 4118  кг өнім жеткізушілерге  қайтарылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар Қазақстан Республикасындағы бүгінгі күнгі қолданыстағы заңдылықтар талаптары шеңберінде тұтынушылардың құқықтарын және өз тұтынушылық құқығын қорғау жолдарын халыққа барынша түсіндіру және осы бағытта қажетті консультациялар мен әдістемелік көмек көрсетуге бағытталған.

Еліміздің экономикалық дамуына мультипликативтік әсері бар жоспарлы шаралардың бірі – сүт және сүт өнімдері өндірісін және ет  өндірісі мен өңдеуді дамыту. Бұл шаралар негізінен ауылдық жерде ұйымдастырылатын болғандықтан, олардың дамуына үлкен серпін беретін іс болады. Облыс бойынша тек соңғы үш жылда осы бағытта 22 жоба жүзеге асырылды.

Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі осы өндірістерді жобалау сатысынан бастап, іске қосылғанға дейін мемлекеттік сараптау және қадағалау жұмыстарына тікелей қатысты. Өйткені, аталған нысандар жоғары эпидемиологиялық маңызы бар, олардың сапалы өнімдер шығаруы азаматтардың денсаулығы үшін мәні зор. Сондықтан, кәсіпорын мамандарымен бірге технологиялық процестердің қатаң сақталуы, қызметкерлерді гигиеналық талаптарға оқыту, өндірістік зертхана жұмысын ұйымдастыру және басқа да сұрақтар бойынша бірлескен жұмыстар атқарылды.

Өмірзақ ЗИНУЛЛИН,

Атырау облысы

тұтынушылардың құқықтарын

 қорғау департаменті басшысы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*