НАҚТЫ НӘТИЖЕ – БАСТЫ ӨЛШЕМ

naktu

Жоғары оқу орнының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде маған Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XV съезіне қатысуға мүмкіндік туды.

Мен бұл шарадан үлкен әсермен оралдым. «Атырау» газетінің оқырмандарымен ой бөліскім келеді. Қазақстандықтар  идеологиялық соны бағытты ұстанған жаңа саяси Доктринаны жылы қабылдады. Съезд барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жаңа Доктринамен таныстырды. Ел тарихының дәл бүгінгі кезеңінде партияның кезектен тыс съезін өткізу өзектілігімен  қатар, маңызды да. Доктринаның жаңа талаптары партияның басымдықтарын айқындап берді.

Менің ойымша, «Нұр Отан» партиясының бұл маңызды құжаты болашаққа жоспарымызды нақты көрсетіп берді. Біздің азаматтық қоғамымыздың кейінгі тарихы үшін Елбасының көтерген мәселелері Доктрина басымдығына айналғандығын байқадым. Ең алдымен, бұл құжатта  мәдени-рухани құндылықтардың жойылмауына аса көңіл бөлінген. Ал, біздің тәуелсіздігіміз, Заңның ұлылығы, әділдік, ынтымақ, келешекке деген үлкен сенім, отбасы татулығы және салт-дәстүрлерімізді нығайту – біздің кәсіби білім беру және тәрбие жұмыстарында жүзеге асырып жатқан басты құндылықтарымыз.

Бұл құжатта көтерілген мәселелер еліміздің мұнай-газ секторына жоғары кәсіби білімді мамандар даярлайтын Атырау мұнай және газ институтының қызметіне де тікелей байланысты. Біздің институтта «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымы белсенді жұмыс жасап келеді. Мәселен, соңғы 2-3 жылдың өзінде АтМГИ-дың Ғылыми кеңесінде «Нұр Отан» партиясының ұстанымдарын насихаттауға байланысты маңызды құжаттар қабылданды. Соның ішінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар, ұжымда студент пен оқытушы ар-намысының Кодексін талқылаулар, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмысшы комиссия тобын құру және басқа да көкейкесті мәселелер пікірталас өзегіне айналды.

Жастар саясаты әлеуметтік модернизацияның басты бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағыттың маңыздылығына еш күмән келтіруге болмайды. Өйткені, қазіргі жастардың бойындағы белсенділік біздің мемлекетіміздің, халқымыздың болашағына оң әсерін тигізбек.

Біздің институтта облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармамен бірлесіп өткізіп жатқан шаралар студенттердің бойында патриоттық рухты қалыптастыру, ертеңге деген сенім, азаматтық қоғамның құқығын қорғауға дайындықты қалыптастыруға бағытталғандығын атап өткім келеді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы экономикалық және әлеуметтік инновацияның жалпыұлттық орталығына айналып, өзінің саяси көшбасшылығын орнықтыра алды. Елбасының «Партия қоғам мен мемлекетті инновациялық дамудың батыл идеяларымен қамтамасыз етуі керек» деген пікірі бүгінгі күні еш күмән келтірмейді. Өйткені, инновациялық кәсіпорындар мен сапалы жұмыс орындарын ашу, индустриялық-инновациялық дамудың бағдарламасына сәйкес жаңаша ойлай білетін,  бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, тәрбиелеу арқылы алға қарай дамуымыз керек. «Болашақ» жүйесімен оқыту бойынша ең үздік студенттерді және жаңа әдістеме бойынша оқуды, оқытуды қалайтын жас мамандарды іріктеу мақсатындағы жұмыстар да осыған бағытталған.

Сұранысқа сәйкес мамандарды даярлау жөнінде Елбасы 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да нақты тапсырмалар берді. Біз қазір сол міндеттерді орындауға нақты шаралар жасап, іске кірістік.

Ең бастысы, қолда бар жетістіктермен шектеліп қалмай, алға қарай ұмтылу, жаңа белестерді бағындыру, соған жетуге талпыну – мақсатымыз. Қиындықтан қорықпаған жөн. Осы орайда «қиын – бұл мүмкін емес деген сөзді білдірмейді» деген нақыл сөз ойға оралады. Сондықтан, дамудың жаңа баспалдағынан сүрінбей өтуіміз қажет.

Партияның құжатында «Біз бар әлеуетімізді, күш-жігерімізді, қуатымызды елдің мәдени әлеуетін нығайтуға жұмсауымыз керек» делінген. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Біз «Нұр Отанмен» біргеміз». Мақсатымыз да ортақ.

Дүйсембек ҚҰЛЖАНОВ,

профессор, физика-математика ғылымдарының докторы, Атырау мұнай және

 газ институты ректорының міндетін атқарушы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*