НҰРТІЛЕУ ИМАНҒАЛИҰЛЫ, БЕЛГІЛІ ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ: «ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ШЕЖІРЕСІ ЖАСАЛДЫ»

 

Әрине, қазақ журналистикасының тәуелсіздігімізді мойындағаннан бергі тындырған ісі ұшан-теңіз. Оны мойындау керек. Өйткені, қазақ журналистикасы кей жағдайда ақын-жазушылардың шамасы жетпей жатқан дүниелерді белгілі бір деңгейде атқара алды. Нәтижесінде, қазақ мемлекеттілігінің шежіресі жасалды. Тек бұл  мәселе ғылыми айналымға түспей отыр. 

Қойылып отырған сұрақтардың әрқайсысының астарында үлкен ой жатыр. Журналистер күні қарсаңында айтылуы, жазылуы тиіс мәселелерді қозғап  отырғаныңызға бек рахмет! Осы орайда әріптестерімнің назарын мына мәселелерге аударғым келеді. Телеарна саласын мысалға алар болсақ, эфирге әріптестерімізден гөрі, әртістердің, көңілді тапқырлар театры өкілдерінің көптеп шығуы, журналистер белсенділігінің төмендігін көрсетеді.

Объективтілік дегеннен шығады, қылышынан қан тамған сонау Кеңес үкіметі кезінде айтылуға, жазылуға тыйым салынған тақырыптар көп болды. Бірақ, айтылмауы тиістіні айтып, жазылмауы тиістіні жазғандар, сол үшін атылып кеткен қаламгерлер де аз болған жоқ. Ал, біз қоғамға, ұлтқа қажетті мәселеге келгенде, көңілжықпастыққа салынып кетіп отырмыз. Белсенділіктің өзі есеппен болатын жағдайға жеттік.

Айтқысы келетіндердің эфирден алыс жүруі айта алмайтындардың телеарнаға келуіне ықпал етеді. Кезіндегі Оралхан Бөкеев, Асқар Сүлейменов, Шерхан Мұртаза сынды алыптардың бүгінде болмауы от ауызды, орақ тілді журналистиканың толыққанды қалыптаса алмауына жол ашып отыр. Менің түсінігімде журналист билікке де, қоғамға да пікір айтушы болуы керек. Яғни, бұл – оңды-солды қаралап, қара түнекті төндіруші емес, мәселені орынды қозғайтын және одан шығудың жолын ұсынатын, Отан үшін жаны ауыратын, мемлекетшіл журналист болуы керек деген сөз.

Халықтың арасында әлгіндей пікір болуының да себебі көп. Кезінде журналистерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аталатын үлкен қарашаңырақ дайындап шығаратын. Бүгінде еліміздің жиырмадан астам жоғарғы оқу орынында  журналист мамандығы бар. Сан қуып жүргенімізде  сападан айырылып қалдық. Бұл бір. Екіншіден, ХХІ ғасыр – білімнің, ғылымның ғасыры. Сондықтан, біздің жөндейтін де, ретке келтіретін де дүниелеріміздің көп екендігін атап өткім келеді. Журналистикаға мінез жетіспей жатқандығы да жасырын емес.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*