НҰРМҰХАН МЕРГЕН

 

Қарапайым шаруа отбасында 1924 жылы өмірге келген Нұрмұхан Қолағалиұлы  өз тұрғыластары сияқты мектептің 9-сыныбын аяқтасымен еңбекке араласты. Жайықтан су маржандарын теріп, балық шаруашылығының қыр-сырына жастайынан қанықты. Жағадағы бейбіт өмірі ұзаққа созылмады. Орталық Еуропа мемлекеттеріне тырнағын батырған фашистік Германия көп ұзамай Кеңестер Одағына да соғыс ашты. Өмір мен өлім тайталасқа түскен Ұлы Отан соғысы бұрқ ете қалды.

Сол бір ел басына күн туған, ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен 1942 жылдың тамызында қаршығадай қағілез жігіт әскер қатарына шақырылды. Атқыштар дайындайтын мектепте оқып, мергендіктің қыр-сырын меңгеріп шығады. Осы жерден қатардағы жауынгер қан майданға аттанды. Кеудесі дұшпанға деген ыза-кекке толы жас жауынгер 3- атқыштар дивизиясының құрамында қатардағы жауынгерлер құрамымен Запорожье майданына қатысады.

 1943 жылы Ворошиловоград қаласын азат етуге қатысқан Нұрмұхан Еламанов жаудың техникасы мен бекіністерін дәл көздеп атуда мергендігімен танылады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, соғыс аяқталғанға дейін бірнеше мәрте жарақат алды. Әйтсе де, жауынгерлік сапқа қайта оралып отырды. Елді, жерді қорғаудағы ерен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен  Нұрмұхан Қолағалиұлы І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері атанды.

– Әкем  соғыстан кейінгі жылдары балық қорғау және реттеу мекемесінде учаскелік инспектор болып қызмет атқарған. Жұмыс учаскесі Пешной аралы Нұрмұхан қолтығы деп балықшылар атап кеткен елді мекенде орналасқан. Ол кезде колхозшылар теңізден балық аулайтын, желкенді қайық, қыста ат шанамен шығатын. Сондай-ақ, мотоциклмен жұмыс атқарған. Әкем  табиғат байлығын қорғауға көп үлес қосқан адам, – деп еске алады ұлы Бауыржан Еламанов. Еңбектің еленгені деген осы, Нұрмұхан Еламановтың еліміздің экономикасының дамуына, балық шаруашылығының өркендеуіне қосқан еңбегі елеусіз қалмады. Ол – көптеген Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттар, мемлекеттік медальдардың иегері.

Пешной аралында мұнай айдайтын үлкен цех болған. Пешнойға кіре берісте Қопша аталатын арнасы болады, сол арна арқылы Бакуден су жолымен мұнай тасылды. Нұрмұхан Қолағалиұлының құзырында тек балық қорын қорғау ғана емес, Жайыққа мұнай қалдықтарының  төгілмеуін қадағалау мен су тасығанда арнадан шығып кеткен шабақтарды құтқару болды. Оған балықшылармен қатар, мектеп оқушылары да жұмылдырылады. 

Осыдан 70 жыл бұрын ел басына күн туып, өмір мен өлім белдескен тұста жастық шағы отқа оранған Нұрмұхан Еламанов сынды атыраулық  ержүрек батырлардың қаһарман ерлігі ешқашан ұмытылмасы хақ.

 Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*