НҰРЛЫБЕК ОЖАЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: МАҚСАТ АЙҚЫН, МІНДЕТ ЗОР

– Жалпы, әр жылдағы Жолдаудың өзіндік мәні мен маңызы бар. Өйткені, ол құжаттар әр кезеңдегі экономикалық қиындықтарды еңсеруге жол ашатын бағдаршамның ролін атқара алды.

Ақпанның 11-і күні өткен Үкімет-тің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орта мер-зімді перспективаға арналған экономикалық саясаттың Жолдаудан туған нақты шараларын айқындаған еді. Макроөңірлерде магистральды автомобиль, темір жол және әуе жолдарын қалыптастырып, дамытуға басымдық берілуінде үлкен мән бар. Өйткені, көлік-логистикалық инфрақұрылымы дамыған елдерге ғана жаңа экономикалық мүмкіндік-тердің ашылатынын уақыт дәлелдеп отыр.

Өңір жаңалықтарына келетін болсақ, республикалық маңызға ие Астана – Ақтөбе – Атырау, Атырау – Астрахан тас жолдары қайта жаңғыртылады. Нәтижесінде, жеңіл және тауар өнеркәсібі дамып, жергілікті халық жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Халықтың шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуына да мол мүмкіндік ашылатын болады. Екіншіден, халықаралық және қалааралық байланыстар беки түседі.

Халықаралық байланыс дегеннен шығады, өткен жылы Германия, Норвегия, Чехия, Әзірбайжан, Франция елдерінің ресми делегацияларының қабылдауда болып, келіссөздер жасақталғанын атап өткім келеді. Бүгінгі таңда АҚШ-тың Хьюстон қаласымен арадағы бауырластық қатынастар орнату бойынша шаралар атқарылуда. Мұның барлығы сайып келгенде, өңірімізге жаңа мүмкіндіктер беретін болады.

– Басыбайлы баспаналы болу әр азаматты ойландыратын үлкен мәселеге айналды. Осы орайда тұрғын үй саласындағы жаңалықтармен бөлісе отырсаңыз…

– Атырау – демографиялық даму динамикасы жоғары қала. Сол себепті баспанаға деген сұраныс жыл санап өсу үстінде келеді. Бүгінде 17 мыңға тарта адам тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде тұр.  Осы жылы Атырау қаласы бойынша 465 пәтерді құрайтын он екі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл үйлер «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджет есебінен бөлінген қаражатқа салынуда. Ал, жергілікті бюджет есебінен 420 пәтерді құрайтын үш тұрғын үй салынып жатыр.

Айта кеткен жөн, үйлердің дені «Нұрсая» шағын ауданында салынатын болады. Осы ауданнан 240 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, бірінші тоқсанда тапсырылады деп күтілуде. Аталмыш ауданнан 108 пәтерлік және 72 пәтерлік екі тұрғын үйді жыл аяғында тапсыру жоспарланып отыр. Ол үйлер кезекте тұрған атыраулықтарға ретімен табысталатын болады.

Апатты мектептердің проблемасы қаншалықты шешіліп отыр? Балабақша жетіспеушілігі туралы не айтасыз?

– Біз апаттық жағдайдағы мектептерді түбегейлі жоятын боламыз. Осы мақсатта соңғы екі жылда апаттық жағдайдағы Мирас шағын ауданындағы №36 орта мектеп, Ы.Алтынсарин атындағы және №18 Н.Крупская атындағы орта мектептері үшін жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Ақжайық селосындағы апаттық жағдайда тұрған М.Отаралиев атындағы орта мектеп 120 орындық жаңа ғимаратқа көшірілетін болады. Ракуша селосындағы М.Өтемісұлы атындағы орта мектепке жаңа ғимарат салу жоспарлануда. Сондай-ақ, биылғы жылы Нұрсая ықшам-ауданынан 624 орындық білім шаңырағы салынатын болады.

Балабақша жайына келсек, күні бүгінде қала бойынша 38 балабақша бар. Онда 15 122 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылып отыр. Ал, Атырау қалалық білім бөлімінің дерегінде 17 500 бүлдіршіннің балабақша кезегінде тұрғаны айтылады. Рас, Самал, Еркінқала, Тасқала ауылдарына, Бірлік селосына және Вокзал маңы ықшамауданына балабақша салу жоспарлануда. Бірақ, мұнымен сұраныстар жабылмайды. Сондықтан, жеке адамдардың иелігіне сатылып кеткен және басқа мақсатта пайдаланылып отырған бұрынғы балабақша ғимараттарын кері қайтару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Дамыған елдерде шағын және орта бизнес ел экономикасының басты локомотиві саналады. Осы орайда кәсіпкерлікті қолдау саласына тоқталсаңыз.

– Әрине, кәсіпкерлік экономиканың қозғаушы тетігі саналады. Оны дамытуға ерекше күш салу қажеттігі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасы да бар. Осы орайда күні бүгінде қаламызда 24 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерінің белсенді жұмыс жасап жатқандығын атап айтқым келеді. Өткен жылдың екінші жартыжылдығы мен 2015 жылдың ақпан айы аралығында 344 шағын және орта бизнес өкілдеріне кәсібін дамытуға жер учаскелері берілді. Шағын және орта бизнесті дамытуға арналған «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» секілді бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Осының айғағы ретінде аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей септігін тигізіп отырған инвестициялық алты ірі жобаның іске қосылғандығын атап айтқан жөн. Нәтижесінде 456 жаңа жұмыс орны ашылды.Сондай-ақ, биыл химиялық реагенттер өндіру зауытының құрылысы аяқталып, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Айта кеткен жөн, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұтынушыларға қолжетімді бағамен ұсыну және қажетті көлемде қамтамасыз ету мәселесін қала әкімдігі ұдайы басты назарда ұстап келеді. Басты жаңалық сол, үстіміздегі жылы Нұрсая ықшамауданында азық-түлік сақтау қоймасы салынбақ. Бұдан бөлек, коммуналдық базар кешенін салу жоспарланып отыр. Мұндай базардың іске қосылуы азық-түлік өнімдерінің халыққа делдалсыз, қолжетімді бағамен жетуіне жол ашатын болады.

Жолдау – елдің даму межесі белгіленген стратегиялық құжат. Онда атап көрсетілгеніндей, бізге шағын және орта бизнесті дамытуға, ірі кәсіпкерлікті несиелеуге, банк секторын жетілдіруге, жаңа инвестициялар тартуға күш салу маңызды. Қолжетімді тұрғын үй құрылысын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастардың жан-жақты білім алуына жағдай жасау секілді мәселелер де басты назарда болуы тиіс. Міне, Елбасының Жолдауында осы жайттар толыққанды көрініс тапқан. Саяси-әлеуметтік жағдайларға сай әр істің өзінің уақыты, кезеңі болатынын ескерсек, қазіргі жағдайда бізге стратегиялық мақсатымызды одан әрі үзіліссіз жүзеге асыру аса қажет.

Өз тілшіміз.

 

Даму перспективаларынан

Проблемалық аймақтардың бірі саналатын Ақсай елді мекеніне осы жылдың аяғына дейін су құбыры толық жүргізілетін болады. Жаңаталап, Көкарна, Водникова-2 поселкелері де биыл электр желісімен толық қамтылады.

Балықшы елді мекені де жаңалықтардан шет қалмайды. Осы аумақтағы көп қабатты 52 тұрғын үй, сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік нысандар орталық жылу жүйесіне қосылмақ.

Қала бойынша апатты жағдайда тұрған көлемі 7 км болатын жылу желілері күрделі жөндеуден өтпек.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*