Нұрлан Ноғаев Махамбет батыр мен Мұрат жырауға ескерткіш орнатуды қолдады

Сәрсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Индер ауданына жұмыс сапарымен барды. Өзінің орынбасарлары, мәслихат хатшысы, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, басқарма, департамент басшылары, БАҚ өкілдерінің қатысуымен аудан орталығында көшпелі мәжіліс өткізді. Жаңа мәдениет сарайында ұйымдастырылған тұрғындар жиынында Индер ауданының әкімі Серік Арыстанның есебін тыңдады. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында келушілерді өтініші бойынша қабылдап, жергілікті ардагерлермен кездесті.

????????????????????????????????????

Жетістікке тоқмейілсудің қажеті жоқ»

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен көшпелі мәжілісте жергілікті бюджетті қалыптастыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелері қаралды.

Өткен жылы облыс бюджетінің кірісі 226,2 млрд. теңге көлемінде жоспарланған. Ол 116,7 пайызға орындалды. Табыс, әлеуметтік және мүлік салығы бірнеше есеге ұлғайыпты. Салық төлеушілердің саны көбейген. Алайда, осы тұста аймақ жетекшісі облыстық қаржы басқармасының басшысы Бағытжан  Жылқы-баевтың сөзін бөлді.

– Қол жеткен көрсеткіштерге тоқмейілсудің қажеті жоқ. Өйткені, түсімнің көбеюіне сыртқы жағдайлар, валюта бағамының өзгеруі себепші болды. Керісінше, біз «Салық түсімдерін ұлғайту үшін қандай шаралар жасаймыз, табысты қалай үстей аламыз?» деген сауалдарға жауап табуымыз қажет. Мәселен, күнделікті өмірде мынадай жағдай кезігеді: Тұрғын тиісті мекемеге баспанасын «времянка» ретінде тіркеп қояды. Осыған сәйкес, салықты аз көлемде төлейді. Тексере келгенде оның меншігі – шағын үй емес, екі-үш қабатты зәулім коттедж екендігі анықталып жатады. Бұл жағдай көбінесе облыс орталығында жиі орын алуда, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Тендер неге кеш өтеді?

Облыстық қаржы басқармасының басшысы жиі кездесетін келеңсіз көрініске ерекше тоқталды. Ол – бюджеттік бағдарлама әкімгерлері мен қала, аудан әкімдіктерінің қаржыны игеруді негізінен қазан, қараша, желтоқсан айларына жоспарлайтындығына қатысты.

Қалыптасқан ахуал жұмысты жоспарлау мен ұйымдастыруға, қаражатты уақытылы игеруге кері әсерін тигізуде. Осындай жағдай ішкі істер департаментінің қаржылық қызметінде көбірек кездеседі. Құрылым өкілдері «биыл мұндай жағдай қайталанбайды» деп сендірді.

–Өкінішке орай бізде тендер мен конкурстар мерзімінен кеш өткізіледі. Бұл өз кезегінде атқарылар жұмысты жылдың соңына тақап, қиыншылықтарға әкелуіне себепші болуда. Қаражаттың игерілуінің артында атқарылатын нақты істер тұр. Сондықтан, жоспарлы шараның уақытында орындалуына күш салуымыз керек, – деді облыс әкімі.

Облыс бюджеті орындалысының көрсеткіші жақсарғанымен, жылдың соңында 10 млрд. теңгенің бюджеттік қысқартуы орын алды. Оның басты себебі – жоспарлы жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылмауында. Олқылыққа жол берген құрылымдар «көшін» жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, дене шынықтыру және спорт, кәсіпкерлік басқармалары бастап тұр. Есепшілерге байланысты да сын айтылды. Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің «Қазынашылық–клиент» бағдарламасына көшкеніне үш жылға жуық уақыт өтіпті. Алайда, әлі күнге төлем құжаттары, анықтамалар, келісім-шарттарды тіркеу мен өзгерістер енгізу белгіленген тәртіпке сәйкес толтырылмауда. Қызметкерлердің жауапсыздығынан былтыр кері қайтарылған құжаттардың саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 5756-ға артқан.

«Тендер неге кеш өтеді?» деген сұрақ отырыста бірнеше рет қайталанды. Оның жауабы жоғарыда айтылғандай, қажетті құжаттардың дер мезгілінде жасақталмауынан немесе оның тиісті талапқа сәйкес еместігінен орын алуда. Ал, мұның соңы күн суытып, жер қатқан уақытта жүргіншілер жолын салуға, басқа да жұмыстарды атқаруға мәжбүр етеді. «Келеңсіздікке енді жол бере алмаймыз» деп сөзін нақтылады Нұрлан Асқарұлы.

Құжат жасақтаудағы келеңсіздік

Өткен жылдың бюджеті мәслихат сессиясында төрт рет нақтыланыпты. Об-лыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғайша Әбежанның айтуынша, бюджет кодексінде жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімгерлеріне бюджетті жоспарлау немесе нақтылау уақытынан тыс мезгілде ұсыныстар енгізуге тыйым салынған. Бұл бюджет шығыстарын ұлғайтуға байланысты айтылып отыр. Әйткенмен, тиісті талап көбінде сақтала бермейді. Құрылым жетекшісі келген құжаттың толық ұсынылмайтындығына да тоқталды.

–Күні бүгінге дейін кейбір басқармалар 2017-2019 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламаларын келісуге ұсынбай отыр, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас-қармасының басшысы.

Қажетті құжатты дер мезгілінде жасақтау маңызды. Көшпелі жиынға қатынаса отырып, республикалық бюджеттен қаражат сұратуда олқылықтар жиі орын алатынын байқадық. Жобалық-сметалық құжаттар уақытылы ұсынылмайды. Осы мақсатқа ақша бөлінгенімен, жобалау жұмыстары ащы ішектей созылып кетеді. Қазір Сағыз – Миялы – Қарабау – Индер аралығындағы жол құрылысына ғана орталықтан қаражат қаралуда. Қалған жобалардың құжаттары мезгілінде ұсынылмағандықтан жүзеге аспай қалған. Ал, оған не кедергі болды?

Басқармалар бір-бірімен байланыса ма?

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәселеге қатысты тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдерін орындарынан жиі-жиі көтерді. Құрылым жетекшілерінің жауапкершіліктен қашып, біріне-бірі сілтейтіндігін де сынға алды.

– Құрылымдар арасындағы байланыс жеткілікті деңгейде емес. Аудан әкімдері жобаны жүзеге асыруды қолға алғанда облыстағы басқармалармен келісуі тиіс. Өңірлік бағдарлама сол үшін жасақталған. Өкініштісі, мұндай қоян-қолтық ынтымақтастықты байқай алмадық, – деді аймақ басшысы.

Индер ауданындағы жазғы лагердің жайы осыған мысал болғандай. «Жас Өркен» балалар демалыс орнының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 38,2 млн. теңге қаржы бөлініп, мүліктері сатып алынған. Жергілікті әкімшілік оны қыс мезгілінде де қолдануға, жиі болмағанымен спортшылардың жаттығуына пайдалануды жоспарлапты. Бастама тәуір-ақ. Дегенмен, ол қазына үшін қымбатқа түседі. Инфрақұрылымды қайта жарақтандырудың қажет-тілігі туады. «Ауқымды қаржы шығарып, нысанды қыста да пайдаланатындай етіп жарақтау керек пе?» деген облыс әкімі Нұрлан     Асқарұлының сауалына облыстық дене шынықтыру және спорт, білім беру басқармаларының басшылары Азамат Бекет пен Нұрсәуле Сайлауова «Қажеттілігі жоқ» деп жауап берді.

Көшпелі мәжілісте мемлекет қаражатын тиімді пайдалану, заңсыздыққа жол бермеу, сыннан қорытынды шығару жайы айтылды.

????????????????????????????????????

Қоғамдық қабылдау

Кәсіпкер көтерген бастама

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында тұрғындарды өтініштері бойынша қабылдады.

Алғашқы болып қоғамдық қабылдауға кәсіпкерлердің атынан Қази Мусағалиев келді. Ол бюджеттік қажеттілік, жас мамандар үшін тұрғын үй салып, оны мемлекетке сату туралы бастама көтерді. Аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин аты аңызға айналған Баламайсанның күйлерін нотаға түсіру, облыстық, республикалық деңгейде насихаттау қажеттігін айтты. Ал, ардагер ұстаз Ғайни Ғабдуллинаны қоғамдағы келеңсіздіктер, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі толғандырады екен.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аталған мәселелерге қатысты құрылым жетекшілеріне тапсырма берді. Бәсекелестік кезеңде таразының басын сапалы қызмет тартады. Алайда, арзан, барлық талапқа сәйкес келетін үй салынса, оны заңдық негізде мемлекетке сатып алудың мүмкіндігі бар. Баламайсан өнерін насихаттауға байланысты қажетті шаралар қолға алынатын болады. Өңір жетекшісі жергілікті мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі турасында Индер ауданының әкімі Серік Арыстанға тапсырма берді.

облыс әкімінің тапсырмалары:

Облыс әкімі 37 тапсырма берді. Соның 16-сы орындалды. 15-інің жұмысы жалғасып, 2-еуі үнемі бақылауда тұр. 4-еуін орындаудың мүмкіндігі болмады.

Әкім есеп берді. Ел не деді?

Аудандық жаңа мәдениет сарайында Индер ауданының әкімі Серік Арыстан жұртшылық алдында есеп берді. Мұнда тұрғындар өздерін толғандырған мәселе, пікір-ұсыныстарды ортаға салды.

Махамбет пен Мұратқа

ескерткіш орнатсақ…

Ерсайын КӨШЕК,  Индер ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі:

–Елдің рухани өмірінде  айтарлықтай жаңалықтар болып жатыр. Осы орайда айтайын дегенім, Махамбет пен Мұрат ақындарға аудан орталығында лайықты бір ескерткіш орнату керек. Аудан ардагерлері бастамашы болып, азды-көпті қаржы жинады. Бірақ, бұл іске облыстағы әлеуетті кәсіпкерлер демеушілік жасамаса, ойлағанымыз орындалмайын деп тұр.

Сонымен қатар, ауданда 12 дәрігер жетіспейді екен. Мемлекеттік грантпен оқитын студенттерді жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен ауданға шақырса, бұл мәселе  оң шешімін табар еді.

Бұқар жұртының базынасы бар

Талғат ТАСҚАРИН, Жарсуат ауылының тұрғыны:

–Ауданда Бұқар деп аталатын елді мекен бар. Мұндағылар Индер ауданының тұрғыны, жері Қызылқоғаның иелігінде. Бұқар елді мекенінің жерін Жарсуат округінің теңгеріміне беруге бола ма?

Абдолла аты ұмытылмаса екен

Ұлдай АМАНҒАЛИЕВА, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер:

–          Кезінде мәдениет саласына қал-қадірімізше қызмет еттік. Ол уақыттағы жағдайды қазіргімен салыстыру қиын. Айтайын деген ұсынысым бар: Кезінде ауданда Абдолла Мусағалиев деген өте дарынды өнерпаз жан болды. Ол бар болғаны 37 жасында дүниеден өтті. Осы жерлесіміздің есімін жаңа ашылған мәдениет сарайына, немесе өнер мектебіне берсек дегім келеді. Бұл оның атын есте қалдыру үшін қажет  және  кейінгі ұрпаққа өнеге болар еді.

Субсидияны көбейтуге бола ма?

Мұрат ІЛИЯС, «Нүрет» шаруа қожалығының төрағасы:

–          Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қамқорлық, қолдау көрсету үшін түрлі бағдарламалар қолға алынып жатыр. Соның бірі «Алтын асық» бойынша 825 бас еділбай қойын алып, өз төлі есебінен көбейтіп жатырмыз.

Соңғы кезде  субсидия беруде тек қолындағы малды асылдандыру бағытын ұстанғандар басымдық алып отыр. Ал, жекелеген тауар өндіруші қожалықтарға ірі сабақты шөп дайындағаны үшін субсидия 25-33 пайыз көлемінде беріледі. Оны ең болмаса 50 пайызға дейін жеткізу мүмкін бе?

«Жас отау» ауылға келе ме? 

Әйгерім ҚҰСПАНОВА, аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Жастарға үлкен қамқорлық жасалғанына ризамыз. Әсіресе, «Жас отау» бағдарламасымен талай жас отбасы баспаналы болды. Осы бағдарламаны ауылдық жерде қолданудың мүмкіндігі қарастырыла ма?

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындар жиынында қойылған сұрақтардың барлығын жауапсыз қалдырмады. Мәселеге қатысты басқарма басшылары да түсінік берді. Жиында аймақ басшысы Индер мен Атырау аралығындағы жолды күтіп ұстау, салмағы тиісті мөлшерден асып кеткен ауыр жүк көліктерін жүргізбеу, қатаң бақылау жасау үшін жауапты органдар жетекшілеріне тапсырма берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*