Нұрлан Ноғаев: «Ауылда кәсіпсіз адам болмауы тиіс»

Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облысының активімен кеңейтілген мәжілісі өтті.

Ауылда кәсіпсіз

Өткен аптада «Атамекен» ҰКП-ның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың аймақтың бизнес қауымдастығы жетекшілерімен, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар басшыларымен және іскер топтар өкілдерімен кездесуінде селолық елді мекендерде кәсіпкерлікті дамыту мен жаппай жұмыспен қамтудың өзекті мәселелері көтерілген болатын. Әсіресе, ежелгі кәсіптің бірі – балық шаруашылығын табысты дамытудың оңтайлы жолдарын іздестіріп, бұл саладағы мүмкіндіктерді жұмылдыру жайына басымдық берілді. Бүгінгі кеңесіміз сол мәселелерді тағы бір мәрте ой талқысынан өткізіп, ақылдасу мақсатында өткізілгелі отыр, – деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев қазіргі уақытта ашық су айдындарынан балық аулау мен оны тереңдетіп өңдеу, мемлекет тарапынан бекітіліп берілген лимитті бөлу мен игеру, теңізден «су маржандарын» сүзуді ұйымдастыруда қордаланып қалған проблемалардың түйінін тарқату үшін бұл саладағы заңнамаларды қайта қарап, жаңадан бағдарламалық құжат қабылдайтын мезгіл жеткеніне тоқталды. Сондай-ақ, ауылдағы кәсіпкерлікті талапқа сай, табысты дамыту үшін оған қажетті алғышарттарды зерделеп, материалдық-техникалық базаны нығайтудың, сол мақсатта скринингтік талдау жұмыстарын жүргізудің маңызды екеніне басымдық берді.

Ал, республикалық Ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент директоры Ербол Есенеев Атырау облысында ауыл шаруашылығын дамыту жобаларымен таныстырды. Ол ең алдымен суармалы егістік пен шабындық алқапты, сондай-ақ, жайылымдық жерлерді суландыру үшін қосымша су көздерін іске қосу, өнімділік пен сапаны жоғарылату мақсатында асыл тұқымды түліктерді өсіруді жолға қою, егістіктің көлемін кеңейте отырып, түрлендіру жағына көбірек көңіл бөлу көзделгенін айтты. Тоғанды, тұйықталған балық шаруашылығын дамыту, бұрыннан жұмыс жасап тұрған бекіре балығын өсіру зауыттарын күрделі жөндеуден өткізіп, кәсіпорындарды қайта жарақтандыру көзделгенін мәлімдеді.

Ауылда

Мұнан кейін «Балық шаруашылығының кейбір мәселелері» тақырыбында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Арман Өтепов әңгіме өрбітті. Нақтылап айтқанда, мемлекеттік тапсырыстардың орындалысы, өндірістік шығындардың қайтарымы, несие мен субсидия беру, белгіленген тартымдардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, лимит бөлінісі ережелеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу, балық жүретін табиғи су айдындарын тереңдетіп, арналарын кеңейту туралы межеленген жұмыс бағыттарын ортаға салды.

«Казрыбхоз» республикалық балық шаруашылығы ұйымдары қауымдастығының басшысы Азис Шуткариев негізінен осы салаға қатысты ой-пікірлерімен ортақтасты. Әріптестері тарапынан қойылған балық аулау лимитінің бөлінісі мен игерілуі жөнінде, теңізден балық аулаумен байланысты туындаған сауалдарға жауап қайтарды. Алайда, кездесуге қатысқан табиғат қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлік субъектілері мен сала мамандары, ардагерлері мен қоғамдық ұйымдар өкілдері балықшылардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға тиісті құрылым басшысының қызметін құптаудан гөрі, оның қызметіне деген реніштерін көбірек білдіріп, «егер мәселемізді жөнімен шешпейтін болса, мұндай қауымдастықтың қаншалықты қауқары бар?» деген ойларын ашық айтты.

Бүгінгі басқосуда ауылдағы кәсіпкерлікті өрістету, ауыл шаруашылығын өркендету, өнім өндіру мен өңдеу турасында біраз әңгіме айтылды. Әсіресе, балық шаруашылығы мәселелеріне көбірек көңіл бөлінді. Осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын теңіз жағалауындағы балықшы ұжымшарлары Жайық бойына көшіріліп, теңізден балық аулауға тыйым салынған еді. Енді міне, уақыт өте келе сол мәселе уақыт талабына сай қайтадан көтеріліп, күн тәртібіне шығарылып отыр. Мақсат – заңсыз жолмен балық аулауға жол беру емес, керісінше оған тосқауыл қоя отырып, жұмысты жаңаша ұйымдастыру. Қазіргі кезде ауылда ешқандай жұмыссыз, кәсіпсіз адам болмауға тиісті. Осыған қол жеткізсек, мақсатымыздың орындалғаны, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

 

Дәулетқали Аруев

Суреттерді түсірген:

Ерлан Алтыбаев.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*