НҰРЛАН ЕРІМБЕТОВ, САЯСАТТАНУШЫ: «ТҮЗЕЛУДІ ӨЗІМІЗДЕН БАСТАСАҚ…»

 

– Париж журналдарының бірі басып шығарған карикатурадан кейін орын алған лаңкестік оқиға әлемдік қауымдастықтың исламға деген ұстанымын күрделендіре түспесе, жеңілдеткен жоқ. Кейін сол карикатура Түркияға жетіп, бауырлас халық қоғамы бір дүрлігіп алды. Бұл оқиғалардан кейін ислам әлемін қандай  өзгерістер күтіп тұр деп ойлайсыз?

–Өз басым мұндай астамшылықтарға, әсіресе карикатура дегендерге қарсымын. Себебі, мұның артында миллиондаған адамдардың ойы, ішкі арманы, өзіндік ұстанған саясаты жатыр. Меніңше, осындай жағдайлардан мейлінше абай болған дұрыс. Қазір жаһандық деңгейде қалыптасқан мынадай бір жағымсыз тенденция бар. Айталық, діні басқа адам славяндардың құдайына қарсы шықса, әлем, соның ішінде Еуропа оны «богохульство», яғни «құдайға тіл тигізу» деп айыптап шыға келеді. Еврейлердің дініне байланысты жағымсыз пікір айтылса, «антисемитизм», яғни, «бұл – тұтас еврей ұлтын жек көрушілік элементі» деп шуылдайды. Ал, енді солардың өздері исламға сіз айтып отырған жоғарыдағыдай ақылға сыйымсыз әрекеттермен қарсылық көрсетіп жатса, «бұл – сөз бостандығы» дегенді алға тартып шыға келеді. Тіпті, ақталмайды да. Меніңше, бұл – барып тұрған арандатушылық.

–  Ислам әлемі үшін есімі құрметпен аталатын Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) карикатурасының бұған дейін де жарияланып келгені белгілі. Мұның артында әлдебір топтардың көздеген мүддесі, яғни саяси ойыны тұр деуге бола ма? Болса, олар кімдер? Жалпы, ислам әлемін осылайша дүрліктіру кімдерге тиімді?

–Өкінішке орай, ислам дінінде ағымдар өте көп. Көп жағдайда жастарымыз, ағайындарымыз исламның ішіндегі түсініксіз топтарға бөлініп, іштен іріп кетіп жатыр. Меніңше, бұл жерде әлдебір саяси күштердің көздеген мүддесі туралы айтқаннан гөрі, «өз ішіміздегі ахуалды қалай реттейміз?» деген мәселені қарастыру әлдеқайда маңыздырақ сияқты. Сондықтан, біздің қоғам үшін Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының тарапынан шынайы исламды түсіндіруге бағытталған көптеген жұмыстардың жүргені және олардың үздіксіз жалғаса бергені керек.

Менің түсінігімде, ислам – адам жанын түсінетін, өте бір демократиялық дін. Байқап жүрген болсаңыз, Ресей каналдарында апта сайын патриарх шығып, тек діни мәселелерде ғана емес, девальвация, жұмыстан қысқарту, қоғамда орын алып жатқан өзге де оқиғаларға байланысты көзқарастарын білдіріп, ендігі жерде халықтың беталысы қандай болу керек деген мәселелерге тоқталып жатады. Біздің діндарлар неге осындай ойларын айтпайды? Қазір көптеген отбасыларда түрлі қиын жағдайлар орын алып жатыр. Адамдар белгілі бір шешім қабылдауда дағдаруда. Осындайда бізге тура жолды нұсқайтын, демеу болатын рухани көсемдеріміздің көмегі керек-ақ.

– Қоғамда қазір алаяқтық, жезөкшелік, нашақорлық дейсіз бе, қазақтың қанына жат дүниелер әбден етек алып кетті. Сіздіңше, қазақты осындай жат қылықтардан арылту үшін не істелуі керек?

Әрине, сіздің айтып отырғаныңыз өте дұрыс мәселелер.Бірақ, бізде «Қарттар үйі» дегенді мүлдем болдырмау керек. Өйткені, қарттарды сондай үйлерге жетектеп апарып тастап жүргендер өзінің балалары, былайша айтқанда, бүгінгі ұрпақ. Біздің адамгершілігіміз, қазақы болмысымыз неге әдірем қалып жатыр? Біз неге жатбауыр болып барамыз? Бұл – өте ұзақ әңгіме. Бастысы, жастарымыздың тәрбиесі, таным-түсінігі түзеліп, еліктеушіліктен ажырасақ, біздің қоғамда әлгінде ғана тізіп өткен проблемалар болмайды.

Қазақ – қашанда қартын қазынасына балаған халық. Қартын сыйлап, қазақылығын жоймаған ұрпақ қана ұлтымызды ұшпаққа шығара алады. Менің айтарым осы.

– Еуразиялық Экономикалық Одақтың ресми түрде күшіне еніп, жаңа жылдан бері өз жұмысын бастағаны белгілі. Бізді енді «Еуропа елдерінің Ресейге қарсы салып жатқан санкциялары Одақтың болашағына, Қазақ еліне қалай әсер етеді?» деген сауал да  толғандырып отыр…

– Саяси, экономикалық баға беруден аулақпын. Бірақ, бұл жерде Еуропа да, Ресей де қарапайым адамдарды ойлап отырған жоқ. Тікелей Путинге, тікелей Корольге қарсы жасалған әрекеттерден, яғни басшы мен басшының арасындағы салқындықтардан, айналып келгенде, халық зардап шегіп, миллиондаған адамдар қиналып жатыр. Өкінішке орай, бұл мәселе бір-бірімен қырғи қабақ болып отырған мемлекеттерді ойландырып отырған жоқ. Ал санкциялар салдарынан қаншама жұмыссыздық, кедейшілік, өзін-өзі өлтіру, бір сөзбен айтқанда трагедиялар, қылмыстық мәселелер орын алып жатыр. Сондықтан, «алға қарай мынадай болады» деудің өзі қиындау…

– Әңгімемізді енді әлемдік экономика нарығындағы жағдайға бұрсақ. Мұнай бағасының құбылып отыруы Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Алтын да біртіндеп құнсызданып келеді. Қазақстанның саяси-экономикалық бағыты сіздіңше ендігі жерде қалай болуы керек?

– Жағдай қиын болуы мүмкін. Бірақ  әлемдік дағдарыстан қазақ үлкен сабақ алуы тиіс. Сондықтан, мұнайға, атомға, алтынға сеніп отыра бермей, экономиканың басқа салаларын дамытуға күш салуымыз керек. Яғни, біз тұрақты салаға назар аударуды қолға алсақ, айталық, күріш өсіру, мал санын көбейту, түптеп келгенде ауыл шаруашылығы саласын кешенді дамытсақ, адам ресурсын күшейтсек, еліміздің болашағы жаман болмайды. Сондықтан, дәл қазіргі жағдайда біз бір күн ішінде өзгеріп сала беретін әлдебір мәселеге кіріптар болып қалудан сақтануымыз керек.

– Экономикалық бағыт демекші, өткен жылы елімізде жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың арнайы онжылдық стратегиясы қабылданғаны белгілі. Сіздіңше, сол стратегиямен біз жемқорлықты түпкілікті жоя аламыз ба?

– Үгіт-насихат өз алдына, бұл жерде ұраншылдықтан арылып, саяси жұмысты өзгерту маңызды. Ұрандатып сөйлеуден, философиялық әңгімелерден аулақ болып, жемқорлықтан келетін зиянды адамдардың отбасына тікелей қатысты мысалдармен көрсете отырып, ұғындыруымыз керек.

Мысалы, біреудің көршісі жүргізуші куәлігін сатып алған делік. Ол рульге отырғаннан кейін, күндердің күнінде оның өзін не туысын қағып кетуі мүмкін. Немесе медицина маманы дипломын сатып алған болса, бұл дәрігер көршісін емдей алмай, өлтіріп алуы мүмкін. Сол секілді, құрылыс саласы да жемқорлыққа белшеден батып отыр. Сапасыз салынған үйдің шатыры ертең келіп сіздің не менің үстіме құлап түспесіне кім кепіл? Міне, осындай өмірде орын алып жататын өкінішті жайттар біздің халқымызды ойландыруы тиіс.

– Салиқалы әңгімеңізге бек рахмет!

Әңгімелескен

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

Тақырыпқа  тұздық

Әдетте «Тәуелсіздіктің басты жемісі не?» деген сұрақты жиі қойып жатады ғой. Меніңше, қазақ өз-өзін басқара алатынын дәлелдеді. Біздің басты жемісіміз – осы. Тілімізді жоғалтпадық, Астанамызды салдық. Шашылып қалған жоқпыз. Гурьевті кезінде «батпақ қала» деп күлетін. Қазір, міне, Атырау – дәулеті мен сәулеті келіскен әсем қалаға айналып отыр. Посткеңестік елдерге барғанда (Мәскеуде оқыған достар болып, он жылда бір кездесіп тұратынымыз бар), «О, казах идет!» дейді. Міне, мен үшін тәуелсіздіктің басты жемісі – осы!

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*