Нұрболат Сарманов: «Салық төлеуге салғырт қарама!»

Қазақстанның әлемдік экономикалық даму қарқынына ілесуі салық-бюджет саясатымен тығыз байланысты. Елбасының салық саясатын оңтайландыру мен жетілдіру бағытындағы Жолдауда белгілеген тапсырмаларының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуы шеңберінде қолданыстағы заңнамалық құжаттар көптеген өзгерістерге ұшырады. Жаңа кодекс салық салу саясатын өзгертіп, салық төлеушілерді қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, әкімшілік қызметті жеңілдетуге бағытталды. Десек те, арамызда салық төлеуге салғырт қарап, жалтарып жүргендер де аз емес. Маңызды мәселелер төңірегінде Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті борыштармен жұмыс басқармасының басшысы Нұрболат Сармановпен сұхбаттасқан едік.

aleymet

– Нұрболат Әлібекұлы, жекелеген азаматтар мен мекеме өкілдері салық төлеу міндетті екенін білгенімен оның жолдарын, заңдылықтарын жеткілікті түсінбей, негізсіз берешектерге кезігіп, кейін дау шығып жатады. Мұндай жағдай әсіресе, үш, алты айлық салықтық есеп беру кезінде туындайтыны белгілі. Бұл мәселеге қатысты не айтар едіңіз?

– Бүгінде Елбасы тапсырмасына сәйкес «Ақпаратты Қазақстан – 2050» бағдарламасы жүзеге асуда. Саладағы қандай ақпарат, жаңалық болмасын, ең алдымен, халыққа жеңілдік жасауды көздейді. Сондықтан, қолжетімді болуы қажет. Дегенмен, насихат, түсіндіру жұмыстарының аздығынан әртүрлі берешектер мен салық түрлерін төлеу мерзімдері азаматтарға дер кезінде хабарланбай жатады. Мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлер, әрине, салық төлеуден қашады деп айта алмаймын, бірақ, салықтық есеп тапсыру кезінде салыстыру актісін алмайды. Көпшілігі есеп тапсырған соң, оның нөлдік көрсеткішіне көз жеткізбейді. Осы тұста қателік кетеді де, келесі төлеу мерзімінде салық төлеушілер барлығы жүйелендіріліп бірдейлендірілген жеке есеп бетшеге барған кезде көбі өсімнің (пеня) қайдан пайда болғанын білмей жатады. Бұл ­­– ең бірінші салық төлеушінің өзінің кемшілігі. Себебі, есеп тапсыру кезінде асығыстыққа жол беріп, салықтың толық төленгеніне мән бермей немесе төлем мен есептілікпен төленуге тиіс салық төлемдерінің дұрыстығына қадағалау жасамай қалады. Мұны дер кезінде қарамаған соң негізсіз, я болмаса нақты берешектер туындап, автоматты түрде хабарламалар рәсімделіп (ЭҚК/ЭЦП жолданады), орындалусыз болғанда есеп шоттары бұғатталады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жарнасы және әлеуметтік аударымдардың төлеу мерзімі ай сайын жүретіндіктен осыған да көп мән беру керек. Яғни, төлемдерді ай сайын жүргізу қажет.

Бүгінде кәсіпкерлерге көп жеңілдік жасалуда. Олар салық есептерін алты ай сайын тапсырады. Дегенмен де, әр адам әлеуметтік төлемдерін ай сайын аударуға міндетті. Ал, табысына байланысты төлем алты айда бір рет жүргізіледі. Салық төлеушілер қателікке жол беріп, ай сайынғы әлеуметтік төлемнің жинақталып қалғанына қарамастан, салықты жеткіліксіз төлеп жүре береді. Сондықтан, салық төлеушілер сауатты болып, төлем кезінде нөлдік көрсеткішке (салыстыру актісі немесе салық төлеуші кабинеті) көз жеткізіп алуы қажет. Өсім мен айыппұлға, басы артық шығынға ұшырамаудың ең қарапайым да тиімді жолы осы.

– Түсінікті. Ал, қазан айының біріне дейін азаматтар жер және мүлік салығын төлеп болулары қажет. Бұл мерзімге де санаулы күндер қалды. Жалпы, биыл салық төлеуде қандай жаңашылдықтар бар?

– Айтуыңыз орынды. Жыл бойына салық төлемей жайбарақат жүргендер енді қарбаласқа түседі. Ал, уақытылы төлемесе, шектеулер, сонымен бірге, әртүрлі есептік шоттар мен банктерден несие алу кезінде немесе шетелге шыққан кезде кедергі келтіреді. Салық көрсеткіші былтырғы деңгейде. Ал, жыл басынан туындаған берешектерді өндіруде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Оның көлемін 5 пайызға азайтуды жоспарлап отырмыз. Жыл басынан облыс бойынша 10414 хабарламамен 58 млрд. теңге төленбеген салық түсімдері дер кезінде өндірілді, күні бүгінге берешек 19 млрд. теңге, тоқсан соңына дейін өндіру жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Берешек салық төлеушілердің саны –7945. Салықты төлеу мүмкіндігі аз болған жағдайда 6 ай мерзімге кепілдік арқылы бөліп төлеу де қарастырылғанын қаперге беремін.

Көлік салығын төлеу жылдың соңына дейін жүреді. Мұндағы кемшілік, тұрғындар сенімхат арқылы көлік сатады да, жол полициясы басқармасы есебінен шығармай жүре береді. Көлік бұрынғы иесінің атында болғандықтан, салықты да сол төлеуге тиісті. «Сенімхатпен сатып жібердім, енді салық төлемеймін» деп қате түсінікте жүрген адамдар өздерінің қарызға қалай батқанын да білмей жатады. Талап қою мерзімі бес жыл болғандықтан, осы мерзім өткенге дейін қарызды өндіре аламыз. Мұндай жағдайлар арамызда әлі де болса бар. Сондықтан, көлікті сенімхатпен сатып қана қоймай, жаңа иесінің атына аударту қажет. Ал, салық төлеміне қатысты қандай да бір тұрғындар тарапынан сауалдар болса, 30-37-47 қауырт желі нөміріне хабарласыңыз. Сондай-ақ, Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасынан толық ақпарат алуға болады.

 – Биылдан бастап елімізде жаңартылған Салық кодексі күшіне енді. Сарапшылар оның ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлікке тиімді тұстары көп екендігін, экономиканың  маңызды салаларын ынталандыратынын айтады. Сонымен, жаңа заңнаманың ерекшелігі қандай?

– Жаңа Салық кодексі 88 тараудан, 773 баптан (бұрынғы кодексте 687 бап) тұрады. Өзге-рістер барлық саланы қамтиды. Жекелеген тиімсіз жеңілдіктер жойылды. Мәселен, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты, ДСҰ-ның талаптарына қайшы жеңілдіктер алынып тасталды. Енді ішкі өндіріс тауарлары мен импорт тауарларына бірдей шартта салық салынатын болады.

Жаңа заңдылық шағын және орта бизнес өсімін ынталандырып, қаржы секторын нығайтуда. Қолданыстағы арнайы салық режімдерін сақтай отырып, жеке кәсіпкерлікті тіркеуге қатысты бірқатар жаңашылдықтар орын алды. Енді жұртшылық өз ісін  бастауы үшін тіркелуі міндетті емес. Тек салық органына ескертіп хабарландыру жібереді. Кәсіпті қайта тіркеушілер де солай. Оның үстіне, интернет сатушылар салықтан босатылады, шағын және орта кәсіпкерлік үшін есеп берудің жеңілдетілген режимін ендіріп, салық жүктемесін азайтады. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдері сақталған. Әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі 11%-дан 9,5%-ға дейін төмендетілген. Заңға жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы да бірқатар өзгерістер енгізілген. Ал, салықты патент бойынша төлейтін салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету үшін де бірқатар жаңалықтар бар. Түптеп келгенде, жаңа кодекс адал салық төлеушінің мүддесін қорғайды. Ынталы салық төлеушіге бақылау азаяды, есеп тапсыру және қарыз сомасын төлеу жағдайларында жеңілдіктер қарастырылады.

Бұл елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан шаралар. Мәселен, әлеуметтік аударымдарға қатысты бірінші рет ескерту береміз, егер бұдан да нәтиже шықпай, кемшіліктер қайталанып жатса, айыппұл түріндегі жазалар қолданылады.

– Салық жүйесін жетілдіріп, бұл салаға реформа енгізіп отыру – заман талабы. Жұмыс өнімділігін арттыру мен уақытты үнемдейтін электрондық жүйе салаға қандай жетістіктер әкелді? Халық үшін қаншалықты тиімді?

Электронды форматқа көшудің, ең алдымен, азаматтар үшін артықшылығы көп. Жұртшылық біздің мекемеге келмей-ақ, жаңалықтардан құлағдар болып барлық төлемдерді қарап, есебін жібереді. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін онлайн режимінде ала алады. Басқа да банктердің арнайы қосымшалары арқылы төлемді электронды жүргізуге мүмкіндігі бар. Мұны үлкен жетістіктің бірі дер едім.

Кірістер органы қарызды мүлікке, жерге және көлікке салықтың есептелген сомалары туралы бірыңғай есеп айырысу орталығы шоты арқылы, SMS-жіберулер жолымен немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арқылы қарызды төлеу қажеттілігі туралы хабардар етеді. Десек те, тәжірибе көрсеткендей, хабарлама салық төлеушіге үнемі жете бермейді, оның себебі салық төлеушілердің салық төлеу объектілері басқа аудандар мен аймақтарда, ал, хабарлама мүлік объектісінің орналасу мекен-жайы бойынша жіберіледі. Мұны да тұрғындар қаперлеріне алулары керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Мәлике МӘЛІК

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*