«НҰР ОТАННЫҢ» ЖАҢА ДОКТРИНАСЫ

Доктринаның басты мақсаты қазақстандық қоғамды нығайту, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерді еселей түсу болып табылады. Сондай-ақ, Доктрина «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудағы партияның ролін күшейтуге арналған. Ең бастысы, құжатта мемлекет жетістігін еселеудегі «Нұр Отанның» атқаратын қызметі мен тарихи жауапкершілігі анықталып отыр. Құжаттың құндылығы да осында.
«Бірлік пен келісім», «Төл мәдениет және руханият», «Қуатты экономика», «Әділ әлеуметтік саясат», «Зияткер ұлт», «Тиімді мемлекеттік басқару», «Әлемге ашық Қазақстан» деген атауларға бөлінген жеті фактор Қазақстанның жетістікке жету жолы ретінде таңдалынып отыр.
Аталмыш құжаттың қабылдануын «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бүгінде бүкіл әлемнің турбулентті жағдайда тұрғандығымен, осыған орай барлық мемлекеттердің алдына қатаң талаптардың қойылып отырғандығымен түсіндірген еді. Яғни, сәт сайын өзгерістерге ұшырап отырған ғаламдық құбылыстар мемлекет саясатында ғана емес, ел өмірімен етене байланысты партияларға да ұстанған кей бағыттарын қайта қарауды, толықтырулар енгізуді талап етіп отыр. Доктрина жобасының үлкен қоғамдық талқыға түсіп отырған себебі де осыдан.
Тәуелсіздік жылдарында «Нұр Отан» еліміз үшін өмірлік маңызы бар реформаларды қабылдау және жүзеге асыру істерінде өз міндетін абыроймен атқара алды. Бұл орайда партия өзіне тарихи жауапкершілікті жүктеп, халықтың сенімін ақтады деп сенімді түрде айта аламыз.
Тағы бір айрықша назар аударатын жайт, бүгінде мемлекет тарапынан адам капиталын дамытуға ерекше маңыз беріліп отыр. Бұл орайда құжат «Біз кімбіз? Бағдарымыз қандай? Қайда барамыз, нені бағалаймыз?» деген сауалдарға айқын жауап береді. Осы арқылы партияның жаңа саяси Доктринасында адам капиталының дамуына ерекше көңіл бөлінген. Азаматтық қоғам дегеніміздің өзі мемлекетке ғана иек артып отырмай, ең алдымен өзінің күш-қуаты мен еңбекке деген сүйіспеншілігіне сенетін белсенді адамдардан тұрады десек, Доктринада маңызды мәселелерді шешудегі азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі нақтыланған.
Осы орайда, Доктринада көрсетілген «Әлемге ашық Қазақстан» факторы бойынша мынаны айтқым келеді. Бүгінде көп векторлы саясатты ұстанып отырған мемлекетіміз ұлт мүддесін қорғауды, қорғаныс қабілетін нығайтуды және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді басты бағыттардың бірі етіп ұстанып отыр. Бүгінде халықаралық қауымдастық мемлекетімізді түрлі игі бастамалар жаршысы деп бағалайтын болса, Қазақстан әрдайым өз жобалары мен жоспарларын әлемдік қоғамдастыққа ұсына беретін болады. Партия Доктринасында мұндай қадам Қазақстанның ғаламдық деңгейдегі қауіпсіздігін нығайтады деп көрсетіледі. Яғни, бұл дегеніңіз – біз мемлекетіміздің көпвекторлық саясатын одан әрі жалғастыратын боламыз және халықаралық келісімдер Қазақстанның тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына қол сұғылмауына жұмыс жасайды деген сөз.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады. Бұл – еліміздің даму перспективаларына жасаған өзіндік пайымдауым. Бұл – жаңа саяси бағыт»,– деп атап айтқан еді. Міне, партия дамуындағы жаңа белес, жаңару сатысы болып табылатын саяси Доктрина «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудағы «Нұр Отанның» рөлін айқындауға бағытталғандығымен де құнды.

Болат ҚОНАРБАЙ,
«Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*