«НҰР ОТАН»: ХАЛЫҚПЕН ЖҰМЫСТЫҢ ЖАҢАША ЖҮЙЕСІ

 Әдістемелік жүйе – тиімді

 «Бұдан былай партия екі негізгі бағытта жұмыс істейтін болады. Бірінші, бюджет қаражатының тиімді игерілуін қадағалау. Және қоғамның жетекші саяси күші ретінде, рухани құндылықтарды дамыту, насихаттау мәселесіне тікелей араласу. Яғни, партия осындай бағыттар бойынша нақты жұмыс индикаторын қалыптастырмақ» деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов. Сол үшін де, орталық аппарат пен өңірлер арасындағы байланысты тиісті деңгейде нығайту маңызды. Асқар Мырзахметов партиялық топтарға жағдай жасалуы керек деп есептейді. «Әр өңірде жұмыс әркелкі. Сондықтан, тұрақты, әрі жүйелі әдістемелік көмек болуы керек. Екіншіден, барлық деңгейдегі партия филиалына нақты мерзім ішінде атқарылатын жұмыстар индикаторы белгіленетін болады. Үшіншіден, бастауыш партия ұйымдарын ынталандырудың жаңа сипаты іске қосылады. Яғни, үздік деп танылған партия ұйымы жетекшілерінің кандидатурасын мәслихат депутаттығына немесе мемлекеттік қызметкер лауазымына ұсыну қарастырылмақ» деді ол.

Мәртебелі мейман Парламент пен мәслихат депутаттарының арасында тиісті деңгейде байланыстың орнамай отырғандығын да атап өтті. Ендігі жерде, қажетті заңдар қабылдау, қоғам дамуын тежеп отырған мәселелер бойынша шешім алуда екі жақты байланыс артатын болады. Осы орайда, «озық депутат», «озық фракция» терминдері енгізілетінін айтқан ол партиялық жобалардың танымалдылығын арттыру бойынша нақты жұмыстар керегін жеткізді.

«Бүгінгі таңда «Нұр Отанның» 12 жобасы бар. Ол жобалардың мүмкіндіктері қандай? Бір ғана «Айқын тариф» жобасын мысалға алар болсақ, халық партияның тарифті тұрақтандыру төңірегінде атқарған жұмыстары жөнінде білуі керек» деді ол. 

Электронды портал көмекке келеді

 «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары бірыңғай медиасаясат мәселесіне де тоқталды. Күні бүгінде партияның «Нұр Медиа» ресурсы жұмыс істейді. «Бірақ, сол ресурсқа бағынатын «Айқын», «Литер» газеттері мен «Астана» арнасында өңірлердің жұмыстары нақты көрсетілмей жатады» деген ол арнайы айдарлар ашуды ұсынды. Көтерілген негізгі мәселелердің бірі – «электронды партия» жобасын жандандыру болды. Мәселен, күні бүгінге дейін партияға 43 мың азамат жүгінген болса, оның 1600-і ғана өз өтініштерін электронды портал арқылы тіркеген екен. Сондықтан, халық, әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үйде отырып-ақ, партия порталына өтінішін енгізіп, жұмысын бітіре алатынын білуі керек.

Партияның жастар саясаты бойынша атқаратын жұмыстары да жаңалықтармен толығатын болады. Бүгінде партия жанындағы «Жас Отан» жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды талдау жұмыстарымен айналысуда. Ондағы мақсат – бағдарламалардың кем-кетік тұстарын анықтап, реттеу арқылы, тиімді саясат жүргізуді қолға алу.

«Нұр Отан» партиясын жастардың болашағы, қоғамдық сана мәселесі де толғандырады. Біздің жастарымыз  рухани құндылықтарды бойына сіңіріп өскен ұрпақ болуы қажет. Сондықтан, «ұлттық сана, салт-дәстүр, рухани құндылықтар мәселесінен де партия шет қалмайтын болады» деген мәртебелі мейман басты мақсат – проблемаларды анықтай отырып, мемлекет саясатының, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. 

Тұғырнама міндеттері  орындалды

Актив барысында «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәртебелі мейманды аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Әлемді жайлаған дағдарысқа қарамастан, тұғырнама міндеттерінің 75 пайызға мерзімінен бұрын орындалғандығын атап өткен ол облыстағы өмір сүру ұзақтығының 71,8 жасқа дейін жеткендігін, мектептер мен тұрғын үй құрылысы бойынша міндеттердің орындалғандығын мәлімдеді. «Жалпы өңірлік өнімнің көлемі 4,0 триллион теңгеден асты. Индустрияландыру картасы шеңберінде 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жалпы құны 1,6 трлн. теңге тұратын 44 инвестициялық жоба іске асырылды. Индустрияландырудың екінші бесжылдығында үш жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашатын, жалпы құны 1,5 триллион теңгеге 13 жоба іске асырылуда. «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасының өзі 18 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыды» деген облыс басшысы соңғы үш жылда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 22 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, бес ірі жобаның іске қосылғандығын жеткізді.

Актив барысында партияның бірқатар мүшелері сөз алып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

¨      Жиын басталмай тұрып облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов мәртебелі мейманды аймақта жүзеге асырылып жатқан агрожобаларға арналған көрмемен таныстырған болатын. Жаңа технологияға негізделген жобаларды жоғары бағалаған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*