Ән әлемінің Қайраты

Қазақтың көнеден келе жатқан музыка мәдениетінде халық шығармашылығынан нәр алған дәстүрлі орындаушылық өнердің орны зор. Бұл үрдіс ұлы даланың қай өңіріне де тән.  Осылардың ішінде белгілі әнші, композитор Мұхит Мерәліұлының әншілік мектебінің орны зор.

__н __лем¦н¦__ __айраты

Аталған мектептің қазіргі таңдағы ірі өкілі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі – Д.Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ халық ұлт аспаптары оркестрінің әншісі Қайрат Кәкімов. Ол Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы Өлеңті ауылының тумасы. Бір ғажабы Қайраттың әкесі – Сайлаудың өзі әрдайым Мұхит сазымен тербеліп, ауылдағы әр тойда асқақтата ән салатын. Анасы Айманның әншілігі өз алдына бөлек әңгіме. Екеуі де  жас кездерінде ауылдың  халық театрында қызмет жасады.  Осындай әке-шешеден  тәлім алған Қайрат та уақыт өте «Құланның жонда көрдім шоқырағын» (Мұхит) дегендей:

«Салайын сал Ораздың

«Айдайына»,

Бақ бергей ер жігіттің

маңдайына.

Талабы тай жегендей

бір бала едім,

Заманның тап боламын

қайдайына» – деп білек түріп, ән сапарына шықты. Алғашқыда ол өз әнін домбырамен сүйемелдей алмайтын. Бірақ, Амангелді Ғұбайдуллин сынды жақсы ұстазға тап болып, ауылының көркі, мектебінің гүлі атанды. Тоғызыншы, оныншы сыныптарда оның есімі ауданға танылды.

Мектеп бітірген соң Орал қаласындағы музыка колледжіне түсіп, айтыскер ақын, әнші, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Қатимолла Бердіғалиевтен еліміздің батыс өңіріндегі Мұхит мектебі әншілік дәстүрінің қыр-сырларын игерді, бұрыннан бар, бірақ, әлі де қалыптасып үлгермеген шеберлігін жетілдірді.

Қайрат аталған шеберлік мектебін бітірген соң атыраулық күй қағаны Рысбай Ғабдиевтің арнайы шақыруымен Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық ұлт аспаптар оркестріне жеке әнші болып келді. Мұнда өткен жиырма жылда оның әншілік қыры кеңінен ашылды. Өнер сапарымен Қазақстанның біраз жерінде болды. Оркестр құрамында Катарда, Солтүстік Мароккода, Түркия, Германия, Франция елдері сахналарында қазақ әндерін асқақтата шырқап, қалың тыңдарманды өзінің шырқау биіктегі шығандаған даусымен тәнті етті, қайта-қайта қол соқтырды.

Қайрат Сайлауұлы әнші-орындаушы ретінде республика көлеміндегі дәстүрлі әндер сайыстары – 1999 жылы Орал қаласында өткен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы аймақтық конкурстың бас жүлдегері атанса, 2001 жылы Астанада ұйымдастырылған халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иесі болды.

2006 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында Мұхит Мерәліұлының туғанына 165 жыл толуына орай, сондай-ақ, осы ауданда 2009 жылы Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдығына арналған дәстүрлі әншілердің республикалық конкурсында тағы да бас жүлдені жеңіп алды.

Қайрат тек көпшілік қатысқан үлкен сахналарда ғана емес, ұлттық радио мен телеарналарда да қазақ әндерін, соның ішінде, Батыс Қазақстандағы дәстүрлі ән мектебі туындыларын белсенді насихаттап, республиканың жоғары, арнаулы орта оқу орындары аудиторияларында студенттерге әншілік дәстүр, орындаушылық қырлар жайлы әңгімелер өткізіп, шеберлік сабақтарын ұйымдастырды және бұл бағытта шәкірттер тәрбиелеп жүрген айтулы ұстаз, тамаша тәлімгер.

Қазір оның репертуарында Қазақстанның батыс өңіріндегі барлық әншілік мектептің 250-ден астам әні бар. Сөз жоқ, солардың ішінде ең басында өзіне сүтпен дарып, сүйекке сіңген Мұхит Мерәліұлы мен Ғарифолла Құрманғалиевтің алпысқа жуық әні тұрса, қашаннан бері халықтық болып есептелетін «Әдемі қыз», «Айтжан-ай», «16 қыз», «Боз жорға», «Жылыой», «Ақ кербез», «Теке қала», «Желкілдек», «Ақайша», «Шымыр», «Нақ-нақ» сынды ұзын саны жүзге жуықтап қалатын дүниелер. Маңғыстаудың жеті қайқысы бастаған Тіней Тастемір мен Қаржау Тұрсынның, Мая Досат пен Кенже Әділдің, Медет Жылкелді мен Жаңай Өскінбайдың, Майлан Шолтаман мен Қайыптың, Қазихан мен Қойбастың қыруар әндерін қайда қоярсыз?! Сондай-ақ, халықтық кәсіби авторлар Жылыойда өсіп, Таңдайда жамбасы жерге тиген, Мұхиттың өзінің аузын аштырып, көзін жұмдырған Бала Ораз («Гурьев»), кезінде Көкжар жәрмеңкесінің көркі атанған Қызыл Тұрдалыұлы («Мешін – Тауық», «Ой, көк», «Қамшыгер», «Қыз Жаңғақ»), Жайық бойындағы Қиса Көпжанұлы («Қиса», «Сағындым Жайық»), Аухат Құрақұлы («Аухаттың әні»), Қаште Жұмалыұлының  («Ақсары»), Нарындағы Білек Тұмарбайқызы мен Аманғалидың, Ерғали мен Бисен Жәнекешевтің әндері бар.

Бүгінгі ортамызда жүрген тамаша әнші Елемес Мағазовтың біраз әні оның репертуарынан түскен емес. Осыларға ән өнерінің тағы бір жанры – термелерді қосыңыз.

Бір кезде оның әншілік қырын аса жоғары бағалаушы Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев әнші інісіне «Қайрат шырағым! Сен батыс өлкесі ән мектебінің озық бір өкілісің. Халық аузында әлі де сақталған сирек әндерді іріктеп, жинап, репертуарыңды байыт. Олардың бәрінің басын қосып, өз даусыңмен бір күйтабаққа жаздыр. Бұл – болашақ ұрпаққа қалар бәс жетпес қазына» деген екен. Жақында сол аманат та орындалды. Жоғарыда біз атаған әндердің бәрі де (132 ән) аймағымызда алғаш рет жеке альбом болып жарық көрді. Бұл – баға жетпес  құндылық және Әбекең айтқандай,  бәс жетпес қазына.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

P.S. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері, М.Мерәліұлы, Ғ.Құрманғалиев атындағы республикалық конкурстардың Бас жүлдегері, «ҚР мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері  Қайрат Кәкімовтың «Әуелеп ән оздырған» атты кеші Махамбет атындағы қазақ драма театрында 15 наурызда, сағат  17.00-де өтеді.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*