МЫҢ БҰРАЛА БИЛЕГЕН

Алдымен белгілі өнер иесін облыс әкімі атынан оның орынбасары Шың-ғыс Мұқан құттықтады.

– Бүгін – Атырауда көптен бері ойда жүрген ерекше конкурстың мәрелі сәті. Әр ел жер асты, жер үсті байлығымен емес, бәрінен бұрын өзінен туған дара тұлғаларымен, Гүлжан Ізімқызы сынды еліне ерен еңбек сіңірген ардақты ару қыздарымен мақтанады. Қазақтың ұлттық өнеріне бар ғұмырын арнаған адамға Жаратушы қайтарымы ретінде осындай сарқылмайтын қуат берсе, бүгінде атыраулықтардың алғысы мен марапаты деп осы байқауды қабыл алғайсыз. Енді келесі жолы бұл конкурс республикалық емес, халықаралық деңгейде өткізілетін болады. 

Жалпы, Атырауда би өнері кенже қалған. Мұнда тек қыздар ғана билейді, ал жігіттер жағы «ердің еншісі емес» деп ұялады екен. Жыл басында бірнеше биші жігіттерді жинап алып, «Махамбет» деген би тобын құрдық. Айлық табыс алмайтын әуесқой бишілер үшін биыл облыстық филармониядан 20 адамға жұмыс орны да ашылды. «Дүние деген жәрмеңке, келдің бе – көріп кет, алдың ба – беріп кет!» деп марқұм Әбіш ағамыз айтқандай, енді алдыңғы буын жастарға осынау дарын иесінің жолын берсін, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы аймақ басшысының ықылас гүлін тарту етті.

Ал мың бұралып билеп, сахнаның сәніне айналған Гүлжан Талпақова кім еді? Ол 21 жасында Мәдениет қайраткері, ал 31 жасында Халық әртісі атағын алды. Атақты биші 1948 жылы 12 қыркүйекте Атырау қаласында дүниеге келген. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын атақты Шара Жиенқұлованың халық биі сыныбы бойынша бітіріп, Мәскеу эстрада студиясында тәжірибе жинақтаған.

Биші София қаласында өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанды. Ол әлемнің 52 елінің киелі сахнасында «Қуыршақ биі», «Алмас қырғауыл», «Әлия», «Айжан қыз», «Қос алқа» сынды қазақ билерін билеп, өзбектің «Хорезм биі» мен бірқатар Азия халықтарының билерін өнер айдынына алып шықты.

1967 жылдан «Қазақконцертте», «Гүлдер» ансамблінде қызмет етті. Оның репертуарында ұйғыр, корей, вьетнам, моңғол, үнді, мысыр, малай халықтарының ұлттық билері де бар.

Гүлжан Ізімқызы қазір Атырауда тұрады. «Менiң Алматыда қалуыма кедергi көп болды. Өмiрім қағаз бетiндей тегiс емес. Өнер мен өмiр жолында алдымнан небiр сынақтар өтпеді десеңші. Кезiнде Дінмұхаммед Қонаев берген үйiмдi де мектеп ашпақшы болғанда сатуыма тура келдi. Ақыры Алматыда қалу менiң маңдайыма жазылмапты» дейді ол.

Сонымен, әуезді әуен мен әдемі қимыл өзара үйлесім тапқан би жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен 16 биші қатысты. Қазыналы өлкенің өнерсүйер қауымын сән мен салтанатқа бөлеген жас бишілердің мінсіз өнерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қазылар алқасының төрайымы Гүлжан Талпақова бишілердің өнерін бағалау өте қиынға соққанын айтады.

– Алыстан келген қонақтарымызды «ат терлетіп келді» деп арқасынан қағып жататын ескі әдетіміз бар еді ғой. Бірақ, бұл жолы олай болмады. Өйткені, әр сайыскер өзінің мінсіз шеберлігін көрсетіп, көрермен көзайымы болуға тырысып бақты. Олардың әрқайсысы байқауға өздерімен бірге балетмейстерлері мен көркемдік жетекшілерін де ерте келген. Осыдан-ақ байқауға деген дайындықты көруге болады. Бұл – би ансамбльдерінің емес, керісінше, жеке орындаушылардың нағыз сыналатын жекпе-жек алаңы. Сахнада жеке билеу – оңай шаруа емес. Бірақ, бүгінгі байқауға қатысушылар қалың көрерменнің жүрегінен ойып тұрып орын алды. Келесі жылы барша әлем сүйікті қаламызды танып-білсін деген оймен халықаралық байқауды басқа жерде емес, осы Атырауда өткізбекшіміз, – деді ол.

Байқау қорытындысы бойынша, бірінші орынды астаналық Әйгерім Кұлшина иеленді. Екінші орын қызылордалық Александра Бегловаға бұйырды. Талдықорған қаласынан келген қатысушы Әлия Мыңжасарова үшінші тұғырдан көрінді. Ал, республикалық би сайысының Бас жүлдесін Астана қаласынан – Көркем Шолошова жеңіп алды. Сонымен бірге, байқау балетмейстерлері Алмат Шәмшиев, Сәуле Жаскелеңова мен Гүлбану Мырзабекова марапатталды.

Жарты ғасыр уақытын ұстаздыққа арнаған Білім беру ісінің үздігі  Ғайникамал Бисенова Гүлжан Талпақованы құттықтап, өзінің де қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби биші Шара Жиенқұлованың тікелей шәкірті екенін жеткізді. «Шалқыма» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Әбдірасыл Есекеев те шығармашылық кеш иесіне мықты денсаулық, зор бақыт тіледі. Сондай-ақ, гала-концерт барысында қала әкімі Нұрлыбек Ожаевтың, Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраевтың  құттықтау хаттары оқылды. Соңында әйгілі бишіні әріптестері мен талантына табынушылар құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде кеш иесі де ұйымдастырушылар мен байқауға қатысушыларға шексіз алғысын жаудырып, естелік сыйлықтар тарту етті. Одан әрі шара жас өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*