МОНОҚАЛА МҰҢАЙМАЙДЫ өйткені, оның дамуына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр

 ЖҮЙЕЛЕРДІҢ БӘРІ ЖАҢАРТЫЛУДА

Қаралған қаражат қаладағы 6 мектептің жылу қазандықтарын ауыстыруға және 5 мектептің жылу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталды. Көп қабатты үйлерге жылу беретін негізгі жылу құбырларының 3,8 шақырымы, 17 үйдің жертөлелеріндегі жылу жүйелері ауыстырылды. Бұл бағытқа, яғни көп қабатты 87 тұрғын үйдің жылу жүйелерін күрделі жөндеуге 135 млн. теңге бөлінген болатын. Көп қабатты 56 үйдің электр желілері, жәшіктері ауыстырылды.
Алғы күндерге үміт арта қарасақ, «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 2013 жылы атқарылатын жұмыстардың ауқымы кең. Құлсары қаласының автокөлік жолдарын қайта жаңғыртуға қаражат бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
Тұрғындар есепті кезеңді екшей отырып, өздерін мазалаған мәселелерді де ортаға салуды ұмытпады. «Бірқатар назардан қағыс қалған көшелерді асфальттау керек. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін стадион салу сұранып тұр. Жадырасын елді мекеніне балабақша салу қаперге алынса жөн болар еді. Ауыз су құбырлары тартылды, алайда оны баспанасына кіргізуге әркімнің жағдайы келе бермейді. Жылу қазандықтарын не істейтін болды, заңдастырып бере ме? Қалада терможаңғырту жұмыстары жүзеге асқан жағдайда, оның пайдасы мен тиімділігі қандай болмақ, өзін-өзі ақтай ма?» деген сауалдар қойылды.

ӘРБІР ЖҰМЫССЫЗ – ЕСЕПТЕ
Құлсарыда 54 532 халық тұрады десек, азаматтардың кедейшілік тегіне және табысы аз қамтылған отбасыларына, бос жүрген жастарға қатысты жұмыссыздық себептерін анықтау мақсатында мониторинг өткізілу үстінде. Қазірдің өзінде 1690 адамның жұмыссыздығы белгілі болды. Қала бойынша 1678 адам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тіркеліп отыр. 2012 жылы қала тұрғындарының тұрмыс деңгейін зерделеу қорытындысы бойынша күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын 719 отбасында 3775 адам, оның ішінде кедейлік деңгейінен төмен 13 отбасында 51 адам анықталған болатын. Жыл ішінде 873 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыссыздар үшін ұйымдастырылған кәсіби мамандыққа оқуға 31 адам жіберілді. 525 адам уақытша қоғамдық жұмыстарға тартылды. Қылмыстық жазасын өтеп келген 14 адамның барлығы жұмысқа орналасты. Жоғарыда аталған жағдайы нашар 13 отбасының 51 адамына атаулы көмек тағайындалды. Кәмелетке толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған екі баланың біреуі оқуға жіберілсе, екіншісі әлеуметтік жұмысқа орналасты.

МҮГЕДЕКТЕР – ҚОҒАМ НАЗАРЫНДА
Шағын қалада 1102 мүгедектің дерекқоры жасақталды, 118 жарымжан жан мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасымен қамтылған. Атырау, Алға қалаларындағы шипажайларға Ұлы Отан соғысына қатысушылар, Ауған соғысы жауынгерлері, мүгедектер денсаулықтарын түзету, ем алу, демалу үшін кезекпен-кезек жіберілу үстінде. Мүгедектердің әлеуметтік нысандарға қатынасуына қолайлы жағдай жасау мақсатында 131 ғимараттың алдына кірмежолдар (пандус) салынды.

АУДАН ОРТАЛЫҒЫ АБАТТАНЫП КЕЛЕДІ
Құлсары қаласының санитарлық деңгейін көтеріп, таза ұстауға «Жылыой Тазалық» ЖШС жұмылып қана қоймай, Құлсарының аумағы 43 секторға бөлініп, ол жергілікті мекемелерге бекітіліп, рейдтерге, сенбіліктерге шығып, нәтижесінде 300 тонна қордаланған қатты тұрмыстық қалдықтар, қоқыстар алынып, қала шетіндегі арнайы полигонға жеткізілді. Құрсай, Қамыскөл жағалауы және демалыс орындарына тазалық жұмыстары жүргізілді.
Қала көркею, жаңару кезеңін бастан кешуде. Оның бір дәлелі – қала көшелерін көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына бюджеттен жыл сайын қаражат қаралып отыр, биыл да жергілікті бюджеттен 29 850 мың теңге қаржы бөлініп, 2000 шаршы метр көтеріңкі гүл бақтарын әр алуан петунья гүлдері және 300 дана жас терек егіліп, олар мұқият күтіп бапталды. Сонымен қатар, орталық көшелерге 100 дана көше вазондарының қойылуы, қала орталығына әр мен сән берді.

БАЛАБАҚШАДАН – БОЛАШАҚҚА
Қалада қазіргі уақытта мемлекеттік лицензиямен 10 балабақша халыққа қызмет көрсетуде, оларда барлығы 2005 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде «Балапан» бағдарламасы аясында 2012 жылы 280 орындық «Қызғалдақ» балабақшасы ғимараты және «Балапан» балабақшасының 120 орындық жапсарлас ғимараты пайдалануға берілді. Осы бағдарлама аясында «Аэропорт» ықшамауданында салынып жатқан 280 орындық балабақша құрылысы биыл толық аяқталады деп күтілуде.
Жергілікті жұртшылық, сонымен қатар, үстіміздегі жылы 250 орындық емхана және 624 орындық мектеп ғимараты салынып бітіп, өздерінің игіліктеріне берілетіндігіне үлкен үміт артып отыр. Білім ордасы іске қосылған кезде 85 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*