МІНДЕТ ТЕ, ТАЛАП ТА ОРТАҚ

Оны Тәртіптік кеңестің төрағасы М.Ізбанов жүргізіп отырды. Кеңес отырысында Жылыой ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Қуатбаевқа қатысты жүргізілген қызметтік тексеріс қорытындысы туралы мәселе қаралды. Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің өткен жыл мен үстіміздегі жылдың осы уақытына дейінгі кезеңдегі ҚР «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының және осы Заңға тәуелді актілері талаптарының сақталуына жүргізілген тексеруде біраз кемшілік анықталған. Биылғы 29 сәуір күні «Хемимонтаж Атырау» ЖШС атауы өзгеруіне байланысты тоғыз машинасы мемлекеттік қайта тіркеуден өткізілген.

Алайда, заңды тұлғаның филиал атауы өзгеруіне байланысты осы ЖШС-нің басқа бес көлік құралын мемлекеттік қайта тіркеу кезінде машиналарға техникалық паспорттарды бергені үшін төленуге тиісті алымның төленбегені, бас маманның міндетін орындау құзыреті мемлекеттік қызметші емес, келісім-шартпен жұмысқа алынған адаммен жүзеге асырғаны, сондай-ақ, бөлімде «Мемлекеттік қызметтер стандарттарының жұмыс кестесін бекіту туралы» бұйрығының бұзылғаны белгілі болды.

Тәртіптік кеңес мүшелері аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Қуатбаевтың өз тарапынан жіберілген кемшіліктерді мойындап, оны толықтай түзеткенін қаперге ала отырып, Жылыой ауданының әкіміне бөлім басшысына қатысты тәртіптік шара алу жөнінде  ұсыным берді.

Тәртіптік кеңес отырысының күн тәртібіне ұсынылған келесі мәселе – Атырау облысының кәсіпкерлік палатасынан келіп түскен хатқа сай қала тұрғыны жеке кәсіпкер Гүлжанар Жарасованың жер телімін алу кезінде Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты өтініші негізінде жүргізілген қызметтік тексеру қорытындысы туралы Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Әлібек Ермекқали хабарлама жасады. Оның мәлімдеуінше, азаматша Г.Жарасова 2014 жылдың 18 қарашасында қала әкіміне шағын кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында жер беру жөнінде арыз тапсырған. Осы арыз бойынша нақты жұмыстар жүргізу үшін қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне жолданған.  Алайда, осы уақытқа дейін жеке кәсіпкердің өтініші бойынша түпкілікті шешім қабылданбай, нақты жазбаша жауап берілмеген.

Қаланың бас сәулетшісінің міндетін атқарушы С.Смағұловтың науқастанып,   кеңес отырысына қатыса алмағандығынан бұған осы бөлімінің сектор меңгерушісі Әділет Қамиевтің жауап беруіне тура келді. Қазір  қала бойынша жеке кәсіп ашу үшін жер телімін сұраған  арыздар саны үш жүзден асады. Қала әкімінің орынбасары Ә.Зайдуллиннің түсіндіруінше, тұрғындардың жерге қатысты арыздары арнайы комиссияда аптасына екі рет  қаралып  жатқан көрінеді. Жаңа Заңға сәйкес бос жер телімдері тек аукцион арқылы саттыққа шығарылмақшы.

Кеңес мүшелері қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты өтініші негізінде жүргізілген қызметтік тексеру қорытындысын қаперге ала отырып, шаһар басшысы Н.Ожаевқа ҚР-ның «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының және мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексінің талаптарын сақтамаған бөлім басшысына тиісті тәртіптік жаза қолдануды қарастыру жөнінде ұсыным берді. Сол сияқты, бөлімнің сектор меңгерушісі де тәртіптік жазадан құтылмайтын болды.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*