Миграция меридиандары

Жалпы миграция мәселесі (ішкі және сыртқы көші-қон, гастарбайтерлер, т.б.) хақында сараптама мақала жазуға біраздан бері керекті деректер жинақтап, ойымызда қорытып жүргенбіз. Кеше ғана Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко «ауылдан жұмыс іздеп келетін жастардың көшін тоқтату керек» деген пікір білдірді. Бұл қазір әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Біз де алғашқы сөзді осы ішкі көші-қон жайынан қозғағанды жөн көрдік.

23 қыркүйек, 2017 жыл

  1. «Жайлы жер іздеп кетті деп, жазғыра көрме, қарттарым…»

Ішкі миграцияны ауызға алар болсақ, ауылдан қалаға қарай жаппай көшу 1991-1992 жылдары басталған-ды. Өйткені, сол кезде колхоз-совхоздар тарап, ауылда кәсіп көзі қалмады. Күнкөріс қамымен жастар жағы қалаға ағылды. Одан кейінгі жылдары да ауылдан қалаға, тіпті қаладан қалаға көшу тоқтаған жоқ. 1999 жылғы халық санағы бойынша, ішкі мигранттар аса ірі шаhарлардағы тұрғындардың үштен бірін құраған. Ал, 2002-2003 жылдарда Астананың іргелі құрылыс алаңына айналуына байланысты көштің беті солай қарай бұрылды. Нақты дерек бойынша, 1991-2007 жылдар аралығында ішкі көші-қон 4,7 миллион адамды қамтыпты. Бұл үрдіс одан кейін де әнебір бәсеңсіген жоқ. Яғни, социологиялық зерттеулерге жүгінсек,  мигранттардың 44,4 пайызы жұмысқа орналасуды мақсат етсе, 32 пайызы материалдық жағдайын жасартуды ойлайды, 16 пайызы өзінің немесе баласының білім алу жағдайын көздейді. Дұрыс-ақ, кім болса да, астынан су шыққаннан емес, жақсылықтан үміт етіп, жылы орнынан қозғалады. Яғни, жақсы тұрмыс кешу үшін жайлы жер іздейді.

Алайда, үлкен қаладан орын табу оңай болмайды. Біріншіден, баспананың жоқтығы алдын ораса, екіншіден, жұмыс іздеп табанынан тозады. Осы ретте Орталық Азия даму институты мен «Аман-саулық» қоғамдық қорының бірлесіп жүргізген зерттеулеріне жүгінсек, ауылдан көшіп келгендердің қалаға бейімделуінде қиындық туғызатын негізгі себептердің ең бастысы – баспананың жоқтығы, бұл – сауалнамаға қатысқандардың 66 пайызының пікірі. Ал, тіркеуге тұруды 36, жұмысқа тұруды 34, күнкөріс қиындығын 28, жұмыс берушілердің көңілінен шықпауды 28 пайыз пікір білдірушілер айтқан. Бұл –біздің көкейге түйген ой саларлық деректеріміз.

–  1991 жылдары алғаш рет Алматыда екі мыңдай адамның баспанасыздар одағы құрылған болатын. Сол кезде бұл мәселе ішкі миграцияның салдары екені белгілі болды, – дейді бұл туралы  саясаткер Дос Көшім.«Көші-қон туралы» Заңда бұл мәселе бірер ғана баптың тармақшаларында ғана қарастырылған. Біріншіден, ішкі көші-қонның өзіндік ерекшелігіне орай проблемаларды шешудің заңдық тұрғыдан өзіндік жолдары бар. Екіншіден, заңды қабылдаған кезде қазақтың ұлттық ділі (менталитеті), ерекшелігі ескерілуі қажет. Шетелдердің жақсы деген заңдары қазақ елінде мүлдем басқаша рең береді. Бәлкім, бізге мүлдем келмейтін тұстары да аз болмас. Заңгерлеріміздің мәселенің осы жағын назарларына алмайтыны мені қынжылтады…

Республикалық статистикалық мәліметтерге қарағанда, жыл сайынғы ішкі миграция, тек ауылдан қалаға көшу ғана 100 мың адамнан асады екен. Бейресми дерек көздері бұл көрсеткіштің бұдан да анағұрлым жоғары екенін айтады. Республиканың 2008-2015 жылдарға арналған жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау және дамыту тұжырымдамасында «…бүгінгі еңбек нарығына тән сипат – село тұрғындарының (әсіресе жастардың) қалаға стихиялық көші-қоны. Содан баспанаға қол жетпеуі мен тіркеудің жоқтығы ауыл жастарының қалада жұмыспен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік бермейді…» деген жолдар бар. Олай болса, ішкі көші-қон жағдайын ретке келтіру бағытында не істеу керек?

Мигранттардың арасында да баласы бар жас отбасы аз болмағанмен, Тұрғын үй құрылысы бағдарламасында белгіленген  қолжетімді баспанадан оларға түк те тимейді. Себебі, құжаттарды тапсырған кезде тұрақты жұмысы және тіркеуде барлар ғана ескерілетін болса, мигранттарда бұл жоқ. Сондықтан, тұрғын үйді жалға беру әдісін қолдай отырып, бұл проблеманы шешу жолдарын да қарастыру керек-ақ. Өйткені, ауылдан келіп жатқан олардың қай-қайсысы да – өзіміздің елдің азаматтары ғой.

Сарапшылардың деректері бойынша, Қазақстанға тек Қырғызстаннан ғана жылына 150 мың заңсыз жұмыс күші келеді екен. Кейбір экономистер «мұндай мигранттар–арзан жұмыс күші» дейді. Ал, біздің кәсіпорындардың жұмысшыларға, құрылысшыларға дұрыс жалақы төлеуге шамасы бар. Бірақ, ондай жалақыны басқа елден келгендерге емес, өзіміздің адамдарға, қазақстандықтарға төлеу қажет. Осы орайда елге жұмыс іздеп келген еңбек мигранттарын реттейтін, әрі шектейтін тетіктерді  жасап, іске қосуға тура келеді.

Егемендік алған соң, іле-шала жыл өтер-өтпестен нарықтың сынағы басталды. Ауыл жастары ірі қалаларға бет түзеді. Бұл ешқандай жаңалық емес, мұндай жағдайды кезінде өндірістік елдердің бәрі де бастарынан өткізген. Қашанда қала халқы ауыл жастарымен толығады, – деген еді «Болашақ» республикалық қозғалысының төрағасы Фархад Қасенов. –  Урбанизация процесін қазақстандық орыстар да бастарынан кешкен-ді. Алайда, оларға кезінде қалаларда, құрылыстарда қажеттілік болды. Өйткені, урбанизацияның мұндай толқыны ең алдымен аса қуатты технологиялық  және осындай стратегиялық міндеттермен қатар жүрді. Ал, кәрістер ауыл жастарын зауыттарға жіберді. Кеңестік кезде адамдар тың игерді, су электр станцияларының құрылыстарын салды. Зауыттарда жұмыс істеді. Ауылдықтар үшін қала өмірінің өзіндік дәстүрлері қалыптасып, қолма-қол қалалық болып шыға келді. Олардың қай-қайсысы да өздерінің керек екендіктерін жан дүниесімен сезінді. Олардың пассионарлық құлшынысы толық пайдаланылды.

Ал, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында бізде басқаша жағдай қалыптасты. Қалаға қарай дүркірей бет алған лек негізінен қазақтардың легі болды. Өнеркәсіптің жоқтығынан бізде кәрістердің нұсқасы – ауыл жастарын өндірістік секторда толық пайдаланудың мүмкіндігі болмады. Егер мұны басқа елдердегі жағдаймен салыстырсақ, Франциядағы алжирліктер ойға келеді. Базарлардың өзінде ауылдықтардың бөлшек саудадағы сатушылыққа да қолы жетпей, тек арба сүйретуден аспай қалды. Сонымен, азын-аулақ тиын-тебенге жұмыс істеуден әрі аса алмаған ауылдықтар жұмысшы жатақханасынан немесе базарға жақын жерден біреудің бұрышын жалдап тұрып, өзі сияқты тағдыр тәлкегіне түскендердің ортасында қалып жатты. Міне, ендігі жерде осыған баса назар аударып, нақты шарасын алмай болмайды…

Р.S. «Жайлы жер іздеп кетті деп, жазғыра көрме, қарттарым…» деп қалаға жосылған жастардың көпшілігі әлі де өздері көксеген жайлы жерін таппай жүр. Десек те, сең қозғалды, дабыл қағылды. Бәлкім, ішкі көші-қон мәселесі де оңды шешіліп қалар.

Қазіргі таңда ауылды көтеруге, агроөнеркәсіпті өрістетуге бағытталған мемлекеттік қолдау жас мамандардың атакүлдігінен ажырамауына жол ашуда. Ішкі миграцияның реттелуіне, урбанизация толқынының тежелуіне мұның да ықпал етері анық…

Исатай Құндызбайұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*