Мерейлі отбасының мерейі

Шаңырағы шаттыққа толы, ұл-қыздарына өнегелі тәрбие беріп, бүгінде соның жемісін көріп отырған мерейлі отбасылар аз емес.  Соның бірі де бірегейі – индерлік Тасқариндер жанұясы. Аталған әулет биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінде оза шауып, республикалық дәрежедегі конкурсқа жолдама алған-ды.

????????????????????????????????????

Әулеттің отағасы Сүндет Тасқарин – Ұлы Отан соғысының ардагері. Есбол аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық кеңестің жауапты хатшысы, бөлім меңгерушісі, аудандық шикізат дайындау кеңсесінің директоры сынды бірқатар басшылық қызметтер атқарды. 1986 жылдан бері зейнет жасында. «Индер ауданының Құрметті азаматы» атанған оның кеудесінде бүгінде «Құрмет белгісі», «Еңбектегі ерлігі үшін» орден-медаліне қоса сегіз төсбелгі жарқырайды.

Отанасы Шәйда Бекмұханова өткен жылы дүниеден озды. Кулагино селолық округінде қарапайым шаруалар отбасында дүниеге келген ол білім, мәдениет, байланыс торабы салаларында қызмет етті. Шәйда апай оқу бітірісімен еңбек жолын Кулагино селосындағы Жамбыл атындағы орта мектеп жанындағы интернатта тәрбиешіліктен бастады. Есбол аудандық және Елтай ауылындағы М.Сиранов атындағы орта мектепте кітапхана меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейін Жарсуаттағы байланыс бөлімшесінде бірнеше жыл жұмыс жасап, 1987 жылы зейнетке шықты. Отбасында бес баладан жеті немере, 17 жиен мен алты шөбере, 12 жиеншар тәрбиелеп өсірген отбасының балалары бұл жетістіктері ұрпақ сабақтастығында зор мәртебе екендігін айтады.

– Әкеміз Сүндет Тасқарин 92 жаста. Әке мен анадан көрген тәрбиені бүгінде біз жалғап, немере-шөбере, жиен-жиеншар көрген мәуелі бәйтерекке айналдық. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, біздің әулетте бойға жастай сіңген өнегенің арқасында әрқашан ынтымақ пен бірлігіміз бекем. Осының нәтижесінде «Мерейлі отбасының» екі кезеңінде де алдыңғы саптан көрінгенімізге ризамыз. Әке мен шешеден алған тәрбиені кейінгі ұрпақтарымызға дарыта білсек, одан асқан бақыт жоқ. Әр отбасында ұлттық құндылықтарымыз сақталса игі, – дейді отбасының тұңғыш ұлы Талғат Тасқарин.

Мамандық таңдауда педагогика саласына бет бұрған Талғат Сүндетұлы еңбек жолын Индер ауданындағы Махамбет атындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беруден бастады. Кейін Жарсуат ауылдық кеңесінің хатшысы, одан кейін әкімшіліктің бас маманы болып табан аудармастан  қырық үш жыл еңбек етті. Жұмысына мұқият, адал да жауапкершілікті, халықпен тығыз байланыста, абыройлы азамат ретінде елге сыйлы жан. Әке мен ананың үлгілі тәрбиесі бо-йына дарыған оның еңбегі жоғары бағаланып, «Астанаға – 10 жыл», «Тәуелсіздікке – 20 жыл» мерекелік медальдарымен, аудан, облыс әкімдерінің бірнеше рет Алғыс хаттарымен марапатталғанының өзі – әулет үшін зор мәртебе.

Сондай-ақ, Долорес есімді қызы – бұған дейін әр жылдары білім ордаларында мұғалім, директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарып, қазір Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер академиясын басқарып отырған білікті басшы. Өз ісіне  жуапкершілікпен қарайтын Долорес Сүндетқызы педагогика саласында талай жетістікке қол жеткізді. Соның ішінде облыстық мұғалімдер сайысынан жүлделі орын алып, республикалық байқаудан лауреат атанғанын айтпай кету мүмкін емес. Бұдан басқа, Алматы қаласында республикалық «Іскер әйелдер» орталығы ұйымдастырған «Іскер әйел» сайысында «Өмірге деген құлшыныс» номинациясы бо-йынша марапатталып, бас жүлдені иемденгені – асқақ мерей.

Астана қаласында «Дарын» ғылыми практикалық орталығының өткізуімен «Дарынды балаларды оқыту проблемалары» атты конференцияда баяндама жасаған ол «Ең үздік директор» атағын жеңіп алды. «Өзін-өзі тану» оқулығының авторлар мүшесінің құрамына кіріп, 1-сыныптың аталған оқулығы мен әдістемесін жазуға қатысты. Академиядағы шәкірттерін Ресей, Эстония, Беларусь, Болгария, Украина, Түркия, Греция, Италия, Франция, Испания, Венгрия, Словакия, Австрия сынды басқа да шет мемлекеттерде өткен фестиваль-конкурстарға өзі бастап барып, жүлделі орындарды иеленіп келді. Сонымен қатар, ол халықаралық конкурстардың қазылар алқасының мүшесі атанды.

Сүндет Тасқариннен тараған ұрпақтарының бірі – мұнайшы, бірі – құрылысшы, енді бірі – медицина мен қаржы салаларындағы білікті мамандар. Мұның бәрі ардақты әке мен ананың, аяулы ата мен әженің үкілеген үміттерінің ақталғанының көрінісі іспетті. Енді Тасқариндер әулеті «Отбасы» күніне орай Астана қаласында өтетін республикалық дәрежедегі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында өңірдің мәртебесін қорғайды.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*