Мереке Құлкенов: «Ойланып жазылған дүниенің өмірі ұзақ болады»

Аймақ жылнамашысы – «Атырау» газетінің 95 жылдығына орай танымал қаламгерлермен кездесу бастау алды. Алғашқылардың бірі болып жергілікті журналистермен жазушы, Президент сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов жүздесті. Еркін форматта өткен ашық әңгімелесуде төл басылым туралы ғана емес, жалпы қазақ журналистикасының бүгінгі жай-күйі сөз болды.

????????????????????????????????????

Тұтас өңірдің тарихын қамтыған газеттің мерейлі тойымен құттықтаған қаламгер бүгінгі мерзімді баспасөздің заман талабына сай бәсекелесі көп екендігін атап айтты. Мәселен, бұрын көрермен көкжиегін кеңейту үшін көгілдір көк жәшікке телмірсе, қазір оның орнын әлеуметтік желілер алмастыра бастады. Жасыратыны жоқ, көптеген басылым «дайын асқа тік қасық» демекші, сол интернет бетшелеріндегі әзір жаңалықтарды көшірумен ғана шектеліп қалды. Мереке Әбдешұлының пікірінше, шын мәнінде, қазақ мерзімді баспасөзінің мүмкіндігі мол.

Қазір газет немесе телевидение болсын, тілшілердің басым бөлігі сұхбатқа құмар. Есесіне, зерттеу материалдарының аздығы алаңдатады. Журналист болғаннан кейін мәселені зерделеп, жан-жақты ашып жазуы қажет деп ойлаймын. Ал, осыдан 15-20 жыл бұрын тілшілер әртүрлі жанрда қалам тербеді. Әсіресе, туған елдің тынысы туралы жазылған очерктер жиі шығатын еді. Бүгінде оның да қатары сиреді, – деген қаламгер мұнайлы өлкенің де әлі де жазылмай, айтылмай жатқан тұстары көп екендігін жасырмады.

Айталық, біреу білсе, біреу білмес, бұрын халық мекендеген елді мекендердің өз сыры бар. Белгілі жазушы Ғабдол Слановтың да біз тани алмаған қырлары көп. Мысалы, оның мықты сатирик екенін көпшілік біле бермейді. Ал, оның Атырау өңірі туралы жазған шығармалары қаншама?! Танымал қаламгер Мағзом Сүндетовтың туындылары бір бөлек.

Осынау әйгілі тұлғалардың шығармаларынан газетке үзінді берілсе, артықтық етпейді. Жұртшылық білмейтін дарынды сазгер, өнер адамдары көп-ақ. Бірақ, біз белгілі жандардың мерейтойы кезінде ғана мақалалар жариялап, эфирге шығарамыз. Содан кейін ол ұмыт қалады, – дей келе М.Құлкенов бүгінгі күні жас буын ақындар мен жазушыларды тәрбиелеу жағы да кемшін екендігін жасырмады.

Оның үстіне, қолына қауырсын қалам ұстағанның бәрі бірдей жазушы емес. Кейбір жас ақындардың поэзиясында іліп алар дән жоқ. Сол себепті, бұл күрмеулі мәселенің түйінін тарқатуға, яки қазіргі буынға бағыт-бағдар сілтеуге мерзімді баспасөз де атсалысуы керек. Қаламгердің айтуынша, газеттің ең үлкен миссиясы – дер кезінде жаңалықтарға үнқосумен қатар, өзекті проблемаларды ашық айту.

«Бұл ретте «Атыраудың» беталысына ризамын. Дегенмен, әлі де жазылатын тақырып ауқымын кеңейту керек», – деді ол.

Орамды ой, салмақты пікірлер айтылған жүздесуде қаламгер журналистердің сауалдарына жауап берді. Қазіргі қазақ журналистикасы, телехабарлар сапасы, кадр дайындау, мемлекеттік тіл мәртебесі, латын қарпіне көшу жайы қозғалған басқосуда әдебиеттегі сын мәселесі де назардан тыс қалмады.

Бүгінгі баспасөз жоғары деңгейде десем, артық айтқандық болар. Өйткені, ізденіп, ойланып жазылған дүниелер азайып кетті. Әрине, қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, қалыптасқан, ізденімпаз тілшілер жоқ емес. Дегенмен, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүру «жазылмайтын дертке» айналып бара жатқандай. Оған қоса, мерейтойы кезінде жеке тұлағалардың әкесі не анасы туралы оқырманға қызықсыз көлдей материалдар беретіні де басылымның сапасына кері әсерін тигізеді. Рас, ол елге еңбек сіңірген мықты жазушы, танымал тұлға болса бір сәрі, ғұмыр бойы совхоз директоры болған жанның өмір жолынан қандай ерекшелік күтуге болады? – деп әңгімесін  жалғастырды белгілі қаламгер.

Ал, отандық телеарналарды «жаулап» алған жүргізуші әншілер мен бишілерге байланысты қойылған сұраққа кездесу қонағы мұның барлығы уақытша құбылыс екендігін атап өтті. Айтылғандай, біздің телеарналардағы хабарлардың көпшілігі – шетелдік арналардың көшірмесі. Демек, сапасыз дүниенің ғұмыры да ұзаққа бармайтыны ақиқат.

Жүздесу барысында сөз болған мәселенің бірі – журналистерді дайындау жайы. Мысалы, бұрын «төртінші билік өкілдері» тек қарашаңырақ – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде ғана оқытылатын болса, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында аталмыш мамандыққа баулитын бөлімшелер немесе кафедралар ашылған. Соған қарамастан, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында маман тапшы. Мұндай бөлімшелерде білім алып шыққандардың барлығы сапалы кадр ма? Осы орайда Мереке Әбдешұлы дарынды жастың тұлпары оза шауып, талантымен танылуы өзіне тікелей байланысты екенін ашық айтты.

Өкінішке қарай, жастарымыз оқымайды. Тіпті, атағы дардай университетте оқып жатқан студенттердің өзі тарих пен әдебиеттен ақсап жатады. Сондықтан, егер жас талантты болса, ол қай ортадан да жарып шығады. Алысқа бармай-ақ қоялық, «Атырау-Ақпаратта» басшы болған Ерболат Қаменов Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен білім алды. «Астана ақшамы» газетінде корректор болып қызметін бастаған ол кейінгі жылдары оның бас директоры лауазымына дейін көтерілді. Кейін осында да басшылық жасады. Сол себепті, көп нәрсе студенттердің өздеріне байланысты, – деді М.Құл-кенов.

Басқосуда әдебиеттегі сын мәселесі де қозғалды. Өйткені, қазір жазушылар көп болғанмен, шығармасына сыни пікір жазатындар саусақпен санарлық. Бұл кемшіліктің бар екендігін жасырмаған Мереке Әбдешұлы әдебиеттің өзі коммерцияға айналғанын атап өтті.

Жақсы сыншылар жоқ емес, бар. Бірақ, жазушыларымыз оны басқаша қабылдайтын болды. Олар әдебиетті сынап отыр деп ойламайды, жеке басына немесе айналасындағыларға қарсы пікір қалыптастырғандықтан, солай істеді деп кінәлайды. Сондықтан, меніңше, әдебиетті мектептен бастап оқыту керек, – деді қаламгер.

Еркін пікір алысу тұрғысында өткен кездесуді «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Нұрлан  Қабылов қорытындылап, жазушыға тұжырымды ойларын ортаға салғаны үшін ұжым атынан алғыс білдірді.

Біздің сауал

Сіздің пікіріңізше, өзге өңір басылымдарымен салыстырғанда «Атырау» газетінің  деңгейі қандай?

– «Атыраудың» туған жердің тарихын жазуға ұмтылып тұратын жақсы дәстүрі бар. Бұрын газеттің «Атамекен» арнайы қосымшасы тұрақты түрде шығып тұратын. Өткен кезеңді кейінгі ұрпаққа жеткізу оңай іс емес. Тарихи тамыры тереңде жатқан мұнайлы өңірдің қалыптасу шағынан жұрт хабардар болуы тиіс. Бұл ретте «Атыраудың» айтары мол екенін байқадық. Қазіргідей шежіре мен тарихты толық түсінбеген кезде оны халыққа жеткізетін баспасөздің орны ерекше. Оның үстіне, ғасырға аяқ басқан қарашаңырақта Фариза Оңғарсынова және тағы да басқа белгілі қаламгерлер еңбек етті. Шынымен де, кейбір интернеттегі жаңалықтармен ғана шектелген мүйізі қарағайдай басылымдармен салыстырғанда «Атырау» газетінің деңгейі өте жоғары.

Соңғы кезде қандай көркем әңгіме жаздыңыз?

– Қазір «Жер» пьесасын жазып жүрмін. Онда қазақтың намысқойлығы, басқа дінге кіріп кетіп, адасуы сөз болады. Алдағы уақытта оқырманына жол тартатынына сенімдімін.

Айбөпе САБЫРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*