«МЕНІҢ ИДЕАЛЫМ – ЕЛБАСЫ»

– 1991 жылғы қыркүйек айында өткен республика Компартиясының төтенше съезінде партия қызметі тоқтатылды. Өзін Компартияның ісін жалғастырушысымыз деп санайтын Қазақстан Социалистік партиясы құрылды. Облыстан осы съезге барған  делегаттар қатарында мен де болғанмын. Нұрсұлтан Әбішұлы төралқада отырып, съезд жұмысын жүргізді. Елуді жаңа еңсерген жігіт ағасын сонда алғаш көрген едім, – деп бастады сұхбаттасымыз бізбен әңгімесін. – Бұдан кейін елімізде маңызды тарихи оқиғалар мен өзгерістер орын алды. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Еліміздің экономикасы нарықтық қатынасқа бағыт алды. Кәсіпорындар мен шаруашылықтар мемлекет иелігінен алынып, жекешелендіру науқаны жүрді.

1997 жылдың желтоқсанында Елбасы Атырау өңіріне ат басын бұрып, жаңадан салынған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде өткізілген оқушылардың Жаңажылдық Президент шыршасының құрметті мейманы болды. Сол келген сапарында Ғалымдар үйінде  облыстың шағын және орта кәсіпкерлері өндірген тауарларының тұңғыш көрмесін  тамашалап,  аймақ кәсіпкерлерінің алғашқы қадамдарына тәнті болды. Елбасы  зал толы кәсіпкерлерге шағын бизнестің маңызын түсіндіріп, жаңа міндеттер белгіледі, кәсіпкерлерді қандай мәселелер толғандыратындығын да сұрап білді.Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен өткен осы алқалы басқосуда мен де мінбеге көтеріліп, 1997 жылғы  6 наурыздағы «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен белсендіруді күшейту бойынша шаралар туралы» Жарлығының кәсіп иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашатындығын айтып, әріптестерім атынан ризашылығымды  жеткіздім. Сондай-ақ, еліміздің инвестиция жөніндегі комитеті тек шетелдік инвесторларға ғана емес, ішкі отандық инвесторларға да жеңілдіктер қарастыру қажеттігін мәселе етіп көтердім. Менің пікірімнің Елбасына ұнағаны шығар, сол кездегі облыс әкіміне қарата: «Міне, Атыраудың кәсіпкерлері одағының басшылығына  осындай Әлия сияқты алғыр адамды қою керек» деді.

1998 жылы Елбасының «Қазақстан – 2030» бағдарламасы бойынша жер-жерде республикалық қозғалыстар құрылды. Маған Атыраудағы осы бастамашыл топты басқарып, бағдарламаны насихаттау жұмысын ұйымдастыру міндеті жүктелді. Осыған байланысты Астанада үлкен жиынға шақыртылдым. Жиналыс республикалық кітапханада өтті. Мені жиналыс президиумына сайлап жіберді. Бірінші үзілістен кейін жиналысқа Президент келіп қатысты. Ол президиумда отырған мені танып қалды.

–  Сен Атыраудан  Әлиясың ғой.

– Иә, Әлиямын, Нұрсұлтан Әбішұлы.

– Алда Президент сайлауы болады. Менің Атырау облысы бойынша сенімді өкілім  бол. Елді білесің, абырой-беделің де жетерлік.

Мен ол кісінің маған көрсеткен сеніміне ризашылығымды айтып, сенімді ақтауға жұмыстанатындығымды жеткіздім. Бұл менің Елбасымызбен бетпе-бет екінші рет кездесуім еді.

1998 жылы Алматыда Елбасының республика кәсіпкерлерімен кездесуіне қатысып, сөз сөйледім. Сол жылы Атырауға тағы келіп, сайлаушыларға өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиналысты мен жүргізіп отырдым. Елбасы жағдайымызды, кәсіпкерліктің даму барысын сұрап, менен біраз мағұлмат алды. Емен-жарқын ашық әңгімелестік. Ол кісі сұрақ қояды, мен жауап беремін.

– Елбасының назарына ілігу, ресми кездесу, жиындарда әңгімелесіп, ұлағатты сөздерін ойға түю әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін бақ қой. Мемлекет басшысымен болған осындай кездесулерден қандай әсер алдыңыз? Нендей ойлар түйдіңіз?

– Президентпен кездесуден алған әсерім  ерекше. Кездескен сайын шынында да өзіңе үлкен күш-қуат жинайды екенсің. Бұдан соң білекті сыбанып жұмыс жасаудан басқа ештеңе қалмайды. Неге десеңіз, Елбасының адамға берер энергиясы мықты, саған бір жып-жылы жағымды сәулесін беріп, шуағын шашып тұратындай  күй кешесің.

Атырау өңіріне келген кейінгі сапарларында, облыс активімен болған жиындарда да маған зор әсер сыйлағаны бар.Толы жұрттың арасынан көзі түсіп кетсе, хал-жағдайыңды сұрап жатқаны. Мемлекет басшысының есте сақтау қабілетінің аса жоғары екендігіне таң қаламын. Он жеті миллион халықтың арасынан менің есімімді аузына алып, әңгімеге тартуы, пікірлесіп отыруы Алланың берген  шапағаты  шығар деп те ойлаймын.

– Әлия Байжанқызы, ендігі әңгіменің төркінін Сіздің қызмет баспалдағыңызға қарай бұрсақ. Біраз жылдардан жақсы таныспыз, өмір жолыңызға да қанықпыз. Десек те, белсенді өмірлік позициясы қалыптасқан, қоғамда өз орны, айтар ой-пікірі бар, туған өлкенің өркендеуіне қал-қадіріңізше үлесіңізді қосып келе жатқан Сіз белгілі басшы-кәсіпкер, халық сеніміне ие болған депутат-қайраткер, отбасында әйел-анасыз. Осыншама жұмыстарды арқалап жүруге, елдік мәселелерге араласуға қалай уақыт тауып жүрсіз? Жиналыс, кеңес, сессия, форумдардан шаршамайсыз ба?

– Жамбылдың технологиялық институтының жеңіл және тамақ өнеркәсібі  факультетін бітіріп, инженер-экономист мамандығын алып шығысымен 1983 жылы еңбек жолымды «Облрембыттехника» зауытында нормалаушы болып бастадым. Кейін Мәскеуде оқып, білімімді жетілдірдім.  Кешікпей осында экономист, инженер, бас инженер қызметтерін атқарып, 26 жасымда зауыттың директоры лауазымына тағайындалдым. Міне, 28 жыл бойына бір салада қызмет жасап келемін.

Өзіңіз айтқандай, ақысыз-пұлсыз атқаратын үш-төрт қоғамдық жұмысым бар.1998 жылдан Атырау облысының кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы, облыстағы «Азаматтық Альянсының» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде бірқатар комиссиялардың жетекшісімін. Әкімдіктер мен мәслихатта өтетін жиналыс-кеңестер бастан асады. Солардың бәріне уақыт тауып, қатынасуыма тура келеді. Ондағы мақсатым – ел бірлігін сақтап, елінің болашағы үшін қызмет етіп жүрген Мемлекетіміздің басшысына, оның жүргізіп отырған сарабдал саясатын насихаттауға мүмкіндігім жеткенінше көмектесу.

Ел болғасын ішінде түрлі көзқарастағы адамдар болады. Елдің бірлігі мен тату-тәтті тірлігіне, ұлттар арасындағы бауырмалдыққа іріткі салуды ойлайтын теріс пиғылдағы жандар да табылуы мүмкін. Осы жағы да толғандырады. Елбасы біреу, ал, біз оған тіреу бола білсек, Қазақстанымыз дамыған, қуатты, әрі еңселі елдердің қатарынан орын алатындығына кәміл сенемін.

– Сіз қызметтік сапармен  шетелдерге де шығып тұрасыз. Біздің еліміз туралы қандай пікірде екен олар? Қазақстандықтардың жақсы тұрмысынан, экономикадағы жеткен жетістіктерінен хабардар ма? 

– 2001 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен Іскер әйелдердің І халықаралық форумына Қазақстаннан барған 20 өкілдің бірі болып қатыстым. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде түрлі мемлекеттерден келген делегация мүшелері де, осы форумды ұйымдастырушылар да Қазақстандағы саяси және экономикалық тұрақтылыққа, ұлттар арасындағы келісімге, даму қарқынымызға оң бағаларын беріп жатты. 

2012 жылы Украинаға, Қырымға отбасымызбен демалуға барғанбыз. Біз мінген таксидің жүргізушісі Қазақстаннан келгенімізді естіп, «Сіздер өте бақыттысыздар ғой. Назарбаевтай Президенттеріңіз бар. Халықтың тұрмысы жақсы» деген пікірін білдірді. Қарапайым таксистің бұл сөзі біздің төбемізді көкке жеткізгендей болды.

– Әр аймақта халықты азық-түлік өнімдерімен қамту, оның қорын жасау  мәселелері де басты назарда тұр. Қымбатшылық белең алған шақта әр адам үнемшілдік пен ұқыптылыққа да баса назар аударуы керектігін Елбасы да ескертіп келеді…

– Ойыңызды түсіндім. «Біреуге қарап пікір ет, біреуге қарап шүкір ет» дейтін халықпыз ғой. Кейбіреулердің қанағатсыздығына қарының ашады. Қара аспанды төндіріп, «ойбай, енді қалай өмір сүреміз?» дейтін жандар да табылып жатыр. Сонау 90-шы жылдары жекешелендірілген «Рембыттехника» мекемесін сатып алу, жұмысшы-қызметкерлерді таратпау мақсатында банктен 360 пайызбен несие алғанда туыс-бауырларым «Әлия, сенің бұл не қылғаның, алған несиеңді өтей алмайсың,  қарызға белшеңнен батасың ғой» дегені бар. Бірақ, мен болашаққа, Елбасының жүргізген саясатына сендім. Қазір шүкірміз.

Мемлекет басшысы, Үкіметіміз халықты орта жолда қалдырмайды. Барлық жағдай жасайды. Әрине, үйде де, түзде де қай нәрсеге ұқыптылық қажет. Енді аздан да, көптен де үнемдей білуімізге, көрпеге қарай көсілуімізге тура келеді. Өйткені, заман соны талап етіп отыр.

Еліміздегі «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының қайырын қарапайым халық көріп, жұмысын жасап, нәпақасын тауып, отбасын асырап отыр. «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» бағдарламасы арқылы жаңа кәсіпорындар ашылып, қазақстандық өнімдерді халық тұтына бастады. Шағын және орта бизнестің дамуына осынша кең жол, мол мүмкіндік ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ қой. Біз қолда барда алтынның қадірін білуіміз керек. Әркімнің әке-шешесі өзіне идеал десек, мен үшін сондай идеал болуға лайықты адам – Нұрсұлтан Әбішұлы. Алла тағаладан Елбасымыздың амандық-саулығын тілеп, арман-мақсаттарымыздың орындалуын халқымызға нәсіп еткей дейміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Бақытжан  ЖҰМАТ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*