Мен көрген ару Астана

Бас қаламызАстанаға келген сәтте құдды бір ертегілер әлеміне енгендей боласың. Сан мыңдаған сәулет туындылары мен әлеуметтік нысандар еріксіз өзіне баурай түседі. Көз сүрінер сұлу көріністі қанша тамашаласаңыз да, аз көрінеді.

Ару қалаға алғаш келгенімде осындағы тұрғындар «сәулет нышандарын көзбен көріп, қолмен ұстағыңыз келсе, көліктен түсіп, жаяу жүргеніңіз дұрыс» деген еді. Содан кейін орталық көшелер бойымен жаяу немесе қоғамдық көлікпен жүруді ұйғардым. Ал, былтыр велосипедпен аралап шықтым. Ол үшін әр көшеге велотұрақ орнатылған. Арнайы карточка сатып алсаңыз жеткілікті, велосипед құлпын ашып, қалаған жеріңізге жете аласыз.

4f7538f4765773971e04f9dd9e993804

Уақытқа тәуелсіз мәңгілік ел

Мәдени-архитектуралық  «Қазақ елі» монументі қашан да алдыңғы кезекте тұрады. Оның өзі 5,2 гектар аумақты алып жатыр. Келесі жылы оның тұрғызылғанына он жыл толады екен. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр. Авторлары – Сәрсенбек Жүнісов және Жаңбыршы Нұркенов мұның кездейсоқ еместігін айтады. Яғни, бұл – ел тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі. Ақ түстің өзі де қазақстандықтардың достыққа адал, бауырмал, ақ ниетін паш етсе керек. Ал, шың басындағы алтын түспен әрленген алып құс – Самұрық халықтың тыныштығын «күзетіп» тұр. Оның да бір өзіне жетерлік тарихы бар. Ол – Қазақ мифологиясы бойынша екі дүние арасындағы «алтын көпір» іспеттес қыран құс. Аңызға сүйенсек, Самұрық өлгенімен, қайта тіріле алады. Тіпті, адам тілімен үн қатып, ынтымаққа жол бастайды екен. Шаттанып күлгенде, аузынан будақ-будақ аппақ гүлдер төгіліп, мұңайғанда, көзінен моншақтап маржан тамады.

Монументтің сыртқы бөлігіне 28 колоннадан тұратын 120 метрлік доға пішіндес ақ колонна орнатылған. Стела соның нақ ортасында, қызыл граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға орнатылған. Төрт қырлы болу себебі – дүниенің төрт бұрышына да Қазақстанның құшағы ашық, көңілі адал деген сөз.

Бұдан кейінгі бөлікте «Халық және Президент» деп аталатын орталық барельеф орналасқан. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен халықтың бейнесі көрініс табады. Биіктігі 5 метр болатын алдыңғы фигурада Елбасының Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті бейнеленген. Бұл – біздің тәуелсіз, демократиялық елімізде заңның үстемдік құратынын айғақтайтын нышан. Ұшып жүрген қарлығаштар болса, халқымыздың берекелі бірлігі мен тату-тәтті тірлігінен сыр шертеді.

Монументтің оң жағындағы келесі барельеф «Қаһармандық» деп аталады. Ондағы бейнелер Отан қорғау қазақ ұлдарының ежелден қасиетті борышы екенін көрсетеді. Әсіресе, ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің ел шебін күзеткен көріністері айшықты бейнеленген.

«Жасампаздық» атты барельеф авторлары батыс жақ бетте Қазақстанның көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолын көрсеткен. Расымен де, сондағы жасампаздықты туғызған ғалымдар мен инженерлер, металлургтер мен диқандар екенін келешек ұрпақ білуі тиіс. Шығыс жағындағы «Болашақ» барельефінде тәуелсіз елде туып-өсіп, ғылым, мәдениет, спорт және басқа да салаларда зор жетістікке жетіп келе жатқан жастардың көңілді шақтары бейнеленген.

Соңғы қорытынды туынды – халқымыздың егемендік алғандағы шаттанған сезімдерін айна-қатесіз беретін «Бірлік» мүсіні. Жалпы, «Қазақ елі» монументін көруге күн сайын 300-ден астам адам келеді екен. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай бой көтерген «Мәңгілік ел» қақпасы да – ел назарын өзіне ерекше аударған орынның бірі. Ол әлемдегі ерекше сәулет туындыларының қатарында, биіктігі – 20 метр. Төменгі табанында – даналықтың символы ретінде ұлттық нақышта киінген ақсақал мен от иесі Отан-ана. Елтаңба мен маңдайдағы «Мәңгілік ел» жазуына қарап, Қазақ елінің уақытқа да бағынбайтынын ұғынғандай боласыз.

Баянды бақтың белгісі

Ал, енді сәулет өнерінің бірегей туындысы – Есіл өзенінің сол жағалауындағы Бәйтеректі білмейтін жан жоқ шығар, сірә! Оның биіктігі Астана қаласының Елорда мәртебесіне ие болған жылға байланысты – 97 метр. Негізгі идеясы Елбасының эскиз-нобайы негізінде өмірге келді. Ол бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтың ғұмырлық мұратын білдіреді. Нысан әлемдік сәулет өнерінің жоғары талаптарына толығымен жауап береді.

Әлемде тұңғыш рет диаметрі 22 метр, салмағы 300 тоннадан тұратын күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған шар биіктігі жағынан рекордқа енген. «Бәйтеректің» жерасты бөлігі – ұлттың тамыр жаюы, одан кейінгілері – өркендеу кезеңдерінің белгісі. Ең төбесінде «Аялы алақан» туындысы орналасқан. Келушілердің айналаны асықпай танып-білуі үшін мұнда барлық жағдай жасалған.

Керуендер  тоғысқан  сарай

Үздік үштікті Тәуелсіздік сарайымен қорытындылағанды жөн көрдік. Себебі, нақ осы жер журналистік жолсапарымыздың алтын тұйығына айналғандай. Бұл – мемлекеттік ресми іс-шаралар, форумдар, мәжілістер, маңызды кездесулер мен съездер өткізілетін орын. Ғимараттың сыйымдылығы, техникалық жабдықталуы, жайлылығы концерт, көрме, мерекелік жиындарды да өткізуге мүмкіндік береді. Құрылымына келсек, конгресс, рәсімдеу және макет залдары, баспасөз орталығы, қолөнер, этнография, археология, антропология және қазіргі заманғы галереялар, Астана тарихы мұражайы, «4D» кинотеатры, электронды кітапхана – бәрі осында!

Бұл ретте, Астананың экономикалық ахуалын да айналып өтуге болмайды. 1998 жылы ол еркін экономикалық аймақтың «WEPSA» халықаралық қауымдастығына кірген болатын. Әлемнің 15 қаласы Қазақстан Елордасының бауырлас қалалары болып табылады. Арасында Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок және басқа да қалалар бар. Астана көшірілген кезден бастап оның экономикасына миллиардтап инвестиция құйылды. О баста мұнда небәрі 225 мың адам тұрған болса, 2016 жылы миллионыншы астаналық тұрғын дүниеге келді. Осының өзінен бас қаланың тың серпінмен өсіп, өркендеп келе жатқанына көз жеткізуге болады.

 

Амандық Абдол

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*